Месут Өзілге анасының айтқан өсиеті (фото)
Месут Өзілге анасының айтқан өсиеті (фото)
4 жыл бұрын 5448 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Әлемге әйгілі спортшы, тегі түрік Месут Өзіл қазіргі уақытта Лондонның солтүстігінде шағын үйде тұрып жатыр. Оның асүйінде анасы сыйлаған рамка ілулі тұр. Гүлизар Месут ханым оны өз қолымен іліп кеткен. Осыдан алты жыл бұрын келіп кеткенінде. Месут Өзіл бұл кезде «Арсенал» футбол клубымен келісім-шартқа отырған еді. 

Сонымен шағын пәтердің асүйінде ілулі тұрған рамкада не жазылған? «Месут, барлық адамдар секілді мына дүниеде қонақ екеніңді ұмытпа. Алла саған талантты тек өз қарақан басыңның қамын ойласын деп берген жоқ. Егер сен байлығыңды мұқтаждармен бөліспесең, онда менің ұлым емессің». 

Оның не себептен ойыннан қолы қалт еткенде әлемнің әр түкпірінен ашыққан, ауру меңдеген немесе үйсіз-күйсіз жүргендерді іздейтіні түсінікті болды. Оларға қолұшын созуға асығып тұрады. Өткен жылы ол Түркияның хас аруы Әмина Күлшемен некесін қидырды. Үйлену тойында әлем бойынша 1000 мұқтаж жанға қаржылай көмектесетініне уәде берді. Өткен чемпионаттың қорытындысы бойынша ол: «Мен емделуге мұқтаж 1000 баланың өмірін өзгерткім келеді»,- деп мәлімдеді. Месутқа агенті бұған қыруар қаражат кететінін ескерткенімен: «Мен қазір бұл балаларға жәрдемдеспесем, онда қашан және кімге көмегімді тигіземін? Мен жақсы табамын, оның бәрін бір өзімен жарата алмаймын. Адамдарға қолұшын созу керек, деп есептеймін», - деп жауап қайтарған еді. 

Месут кедей отбасында дүниеге келген. Анасы бірнеше жерде жұмыс істеуіне тура келген болатын. Сондықтан ол жоқшылықтың не екенін жақсы біледі. «Мен мына өмірде көп нәрсеге қол жеткіздім. Менің және зайыбыма 1000 мұқтаж баланың отасының ақысын төлеу мүмкіндігі туып тұр»,- деп ағынан ақтарылды. 

Месуттың үйлену тойында жасаған сыйлығы жалғыз бұл емес. Ол Түркия аумағындағы және Сириядағы босқындарға арналған лагерлерде 100 мың мұқтаж адамды тамақтандырды. Месут мұндай қайырымдылық шарасын бұрын да өткізген болатын. 2014 жылы футбол бойынша әлем чемпионатынан кейін BigShoe қайырымдылық ұйымы арқылы 240 000 фунт стрелинг мөлшеріндегі қаражатты 23 барзилиялық ауру баланың отасының ақысын төлеуге аударды. Бұдан бөлек, оның кір жуып, кіндік кескен Деурек қаласында Месуттың қалтасынан бес қабатты футбол академиясы салынып жатыр. Сондай-ақ, ол «Күн шуағы» деп аталатын балалар қайырымдылық ұйымымен және Барнет хопсисімен бірге жұмыс істейді. Ол ол ма, оған Emirates стадионында тұрақты бөлінген 15 орынның 5-і қайырымдылық акциясына қатысқандар үшін брондалып қойылған. 

Достарының айтуынша, Месут балаларды жақсы көреді. Сол себепті, балаларға қолұшын созуды алдына міндеті етіп қойған. Бірде ол қатерлі ісікке шалдыққан баламен достасқан екен, көп ұзамай досы айналдырған аурудан көктей солады. Бұл қаза оның қабырғасын қайыстырып кеткен болатын. 

Міне, бір жыл болып қалды – Месут Өзіл Германия құрамасынан нәсілшілдіктік кесірінен шығып кеткеніне. Месут Өзіл Германияда дүниеге келгеніне қарамастан, немістердің намысын қорғағанына қарамастан оны түрік болғаны үшін жазғырған еді. Дәлірегі, әлеуметтік желіде жарияланған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен бірге түскен фото-суретінен кейін Германияның Гельзенкирхен қаласының тумасы болғанына, Германия құрамасында жүріп, 92 матчты өткізгеніне қарамастан оған шабуылдағандар болды. Тіпті, әлем чемпионатында ресейлік футболшылармен жасыл алаңда дұрыс ойнамадың, деп орынсыз жазғыруға толы хат алғаннан кейін көңілі суып, бұл елден қарасын батырды. «Жеңіске жетсек, мені неміс дейсіңдер, жеңілсек, мен иммигрант болып шыға келемін. Сол себепті, мен ендігі жерде неміс құрамасының формасын кигім келмейді»,- деп мәлімдеді.

Месут Озил

0 пікір
Мұрағат