«Нұр-Мүбәрак» университеті «Әл-Азһардың» деңгейіне жету жолында
«Нұр-Мүбәрак» университеті «Әл-Азһардың» деңгейіне жету жолында
10 жыл бұрын 5369

«Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетін Ислам әлемінде орны ерекше Мысырдағы Әл-Азһардың деңгейіне жеткізуіміз керек!»- деді бүгін Қазақстандағы ресми сапарын бастаған   Египет Араб Республикасы Уақыф және Ислам істері министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма мырза. Алматыдағы Нұр-Мүбәрак университетінің студенттері, оқытушылары мен қызметкерлерімен жүздескен мысырлық министр екі мемлекетаралық Қамқорлар кеңесінің шешімімен таяуда  тағайындалған ректор Жуда Абдулғани Басюниге үлкен үміт артатынын жеткізді. Себебі, Ректордың біліктілігі мен білімі тарих сахнасына жаңадан шыққан жоғары оқу орнының деңгейін көтеруге толық негіз береді. Сондай-ақ биылғы жаңадан жіберілген 11 доктор-профессор оқытушылардың біршамасы Мысырдағы жоғары деңгейлі аттестациялық коммисия құрамында қызмет еткен ғалымдар. «Сондықтан, сіздер өз мүмкіндіктеріңізді барынша пайдаланыңыздар. Біз әлі де магистратура, докторантураға дәріс беретін ғалымдардың қатарын көбейтудің жолын қарастырып жатырмыз», - деді министр Мұхаммед Мұхтар Жұма.

Қазақстан тарапынан келген ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов мысырлық делегацияға сәттілік тілеп: «Нұр-Мүбәрак» университетін  «Әл-Азһар» деңгейіндей білім беретін орталыққа айналдыру болашақтағы басты мақсатымыз, - деді. Вице-министр университеттің даму жағдайы үнемі назарда әрі тағы да жоғары дәрежелі ғалым-профессорларды шақыртуға қатысты келіссөздер жасалғанын, ендігі үміт студенттердің өздеріне қатысты екенін баса айтты. «Себебі, елімізге терең, жоғары білімді мамандар қажет. Қазір Ислам дінінің атын жамылып, орта жолдан шетке шығып, тіпті мұсылман мұсылманның өмірін қиып жатқаны нағыз білімсіздіктің салдары. Осының барлығын біз тек таза ғылымға негізделген білім арқылы жеңе аламақпыз», - деді вице-министр Марат Әзілханов.

Университет болашағына қатысты салиқалы жиын соңында мысырлық делегацияға ұлттық дәстүрімізге сай шапан жабылып, қонақкәде жасалды. Кездесуден кейін университет мешіті және жақында ғана қолдануға берілген жатақхананың жайымен танысқан ЕАР Уақыф және Ислам істері министрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлымен кездесуге аттанды. Ал одан кейін Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан университеттің Дайындық курсының тыныс-тіршілігімен таныспақ. Сондай-ақ Қамқорлар кеңесінің тең төрағасы Мұхаммед Мұхтар Жұма студенттермен кездесу алдында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мырзаның қабылдауында болып, «Нұр-Мүбәрак» болашағына қатысты бірқатар мәселелерді талқылаған болатын.

 Айша Кеңесбай,

                                 «Нұр-Мүбәрак» университетінің баспасөз қызметі

 

 

0 пікір
Мұрағат