Қазақстандық ЖОО дипломдары Еуропада жарамды. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы: 2020 жылы қандай өзгерістер енгізілді
Қазақстандық ЖОО дипломдары Еуропада жарамды. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы: 2020 жылы қандай өзгерістер енгізілді
4 жыл бұрын 3247

2021 жылдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының түлектеріне жаңартылған қосымшалары бар диплом беріледі. 

Бұл туралы baq.kz ақпарат көзі Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Ол қосымшада елімізде алған жоғары білім біліктілігінің еуропалық біліктілік санатымен сәйкес екені міндетті түрде көрсетілетін болады. Қазақстан Республикасының Жоғары білім беру ұлттық біліктілік шеңберінің өздігінен сертификаттау бойынша есебін Болон процесінің хатшылығы қабылдады. Енді еліміздегі жоғары оқу орындарының дипломдары Еуропа елдерінде жарамды болады. Бұл шетелдік азаматтар тарапынан қазақстандық жоғары білімге деген қызығушылықты арттырады, - делінген хабарламада.

Қазақстандық жоғары оқу орындары түлектерінің біліктілігі еуропалық біліктілік санатымен сәйкес келеді. Болон процесі хатшылығы қабылдаған өзін-өзі сертификаттау бойынша есепті дайындау үшін Білім және ғылым министрінің бұйрығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған болатын. Оның құрамына ҚР БҒМ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы, салалық қауымдастықтар және қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдері кірді.

Өзін-өзі сертификаттау бойынша есеп Жоғары білім беру үшін ұлттық біліктілік шеңберінің Еуропалық жоғары білім беру кеңістігімен (ҚР ЕЖБК) үйлесімділігі мен салыстырмалылығын көрсетті. Бұл Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі ұлттық жүйенің еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің білім беру жүйелерімен сәтті үйлесімділігінің айқын дәлелі болып табылады.

Айта кетейік, Болон процесі еңбек нарығында азаматтардың ұтқырлығын дамыту, еуропалық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жоғары білімнің ұлттық жүйелерін үйлестіру үшін 1999 жылы 29 елдің Білім министрлерінің бастамашылығымен құрылған болатын.

"Дипломмен ауылға" бағдарламасы: 2020 жылы қандай өзгерістер енгізілді

«Дипломмен ауылға» жобасы Қазақстанда 10 жылдан астам уақыттан бері жүзеге асырылып келеді. Ол жас дәрігерлер, мал дәрігерлері мен мұғалімдер қазір білікті мамандар жетіспейтін ауылдарға жұмысқа баруы үшін әзірленген. Бұл жайында stan.kz ақпарат көзі мәлім етеді. 

Бағдарлама басталғалы бері ауылдарға 5000-нан астам маман келген екен. 

ЖОО келесі мамандықтар бойынша бітірген студенттер бағдарламаға қатысуға өтініш бере алады:

  • білім;
  • денсаулық сақтау;
  • әлеуметтік қамтамасыз ету;
  • мәдениет және спорт;
  • мал дәрігерлік;
  • 2020 жылы мемлекеттік қызметкерлер «Дипломмен ауылға» жобасына қосылды.

Мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек келесі түрде көрсетіледі:

  • 100 АЕК мөлшерінде бір реттік көтерме жәрдемақысы (2020 жылы 277 800 теңге);
  • тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін 0,01% жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейінгі 1500 АЕК (2020 жылы 4 167 000 теңге) мөлшерінде несие беру.
  • әлеуметтік мекемелердің мамандары үшін лауазымдық жалақының тарифтік мөлшерден кемінде 25%-ға (қалалық жерлерде) өсуі.

Басты шарт - ауылға келген маман өз мамандығы бойынша кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі керек.

Бағдарламаға қатысу үшін таңдалған елді мекенде жұмыс берушіні өзіңіз табуыңыз керек. Ауылдық мектептерге, ауруханаларға, мәдениет үйлеріне, спорт кешендеріне және т.б. жұмысқа орналасуға болады (өңірлердегі кадрлардың қажеттіліктері туралы мәліметтер облыстық әкімдік басқармаларының сайттарында орналастырылған).

Егер жұмыс орнын табу мүмкіндігі болмаса, түлек ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне немесе аймақтардағы жауапты қызметкерлерге жүгіне алады.

«Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы сіз көтерме жәрдемақыны және бюджеттік несиені алуға онлайн режимінде өтініш бере аласыз.

Көтерме жәрдемақы алу үшін жаңа жұмыс орнында кадрлар бөлімі куәландырған білім туралы дипломның және еңбек кітапшасының көшірмесін өткізу қажет болады;

Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алу үшін келесі құжаттар қосымша ұсынылады:

  • сатып алынатын жылжымайтын мүлікті бағалау актісі;
  • неке туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
  • сол ауылдық елді мекенде маманның, оның жұбайының және балаларының иелігінде жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы ақпарат.

Тұрғын үй құрылысына бюджеттік несие алу үшін келесі құжаттар қосымша ұсынылады:

  • Маманның атына тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін пайдалану құқығы туралы акт;
  • кепілге қойылған мүлікті бағалау актісі;
  • кепілге қойылған мүліктің сақтандыру шарты;
  • берілген несие мөлшерінен артық тұрғын үй құрылысының бір бөлігін қаржыландыруға жазбаша келісім;
  • неке туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);

Бұрын берілген несиелер бойынша берешегі бар қызмет алушыларға әлеуметтік қолдау шаралары оларды толық өтегенге дейін (қаржылық ауыртпалықты болдырмау үшін) қарастырылмайды.

0 пікір
Мұрағат