ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелдік IT-мамандарға цифрлық көшпенділер визасын беру туралы заңнамаға өзгерістер енгізу процедурасын бастап кетті. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Парламент Мәжілісі депутаттарының сауалына берген жауабында айтты. Осы мақсатта Шетелдіктер мен ҚР азаматтығы жоқ адамдарды шақыруды рәсімдеу ережесіне тағы бір санат — «Қажетті кәсіп иелері» санаты қосылады.

«Бастамашылық түзету жұмыстарын жобаны талқылау жөніндегі жұмыс тобы мақұлдады, мүдделі мемлекеттік органдар келісті, сондай-ақ ҚР Үкіметінің оң қорытындысы бар. Тиісті санаттағы визаны алған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тұруға ықтиярхат беру Қазақстанның халықаралық еңбек нарығымен интеграциясын қамтамасыз етеді, Қазақстаннан көшіп кеткен тұлғалардың, соның ішінде ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT, спорт, мәдениет және басқа да салалардағы білікті мамандардың қайтып келуін ынталандырады», — деді Серік Жұманғарин.

Еске салайық, шетелдік жоғары білікті мамандарға тұруға ықтиярхат алу үшін арнайы виза беруге рұқсат беру туралы идеяны президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйекте айтқан. Тоғыз ай өткен соң депутаттар үкіметтің есіне Digital Nomad визаларын салды. Мұндай виза қазірдің өзінде Грузия, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты әлемнің 35 елінде бар. Былтыр Қырғызстанда цифрлық көшпенділердің ерекше мәртебесі жедел түрде заңдастырылды. Енді Қырғыз Республикасына көшіп келген, бірақ басқа елдердің IT саласында жұмыс істейтін шетелдіктерге жұмыс істеуге арнайы рұқсат қажет емес.

Цифрлық көшпенділерге арналған Nomad List ақпараттық порталының беттерінде осы сала мамандарына ең тартымды елдер туралы ақпарат жарияланады. Тізімде тек 29 ел. Алдыңғы бестікке АҚШ, Ұлыбритания, Тайланд, Германия және Испания кіреді. Қазақстан бұл рейтингте жоқ. Сайттың мәліметінше, әлемде саяхаттап жүрген 55,4 млн-нан астам IT мамандары бар. Олардың жартысынан көбі Америка азаматтары. Көшпенді IT мамандары саны бойынша үшінші орында Ресей азаматтары. Әлемнің барлық елдері бойынша РФ-ден 3 млн-ға жуық IT мамандары бар.

Соңғы бір жарым жыл ішінде Қазақстан екі рет Ресейден иммиграция толқынына тап болды — 2022 жылдың ақпанында Украинадағы қарулы қақтығыстар басталғаннан кейін және қыркүйекте ішінара жұмылдыру жарияланғаннан кейін. Көрші елден осындай иммиграцияның салдарларының бірі IT мамандарының қоныс аударуы болды.

Қолданыстағы заңнамаға сай, ҚР-да ұзақ уақыт болу үшін ЕАЭО-ның кез келген елінің азаматы уақытша тұруға рұқсат алуы қажет. Ол үшін қазақстандық кәсіпорынмен еңбек шартын ұсынуы қажет. Дәл осы шарт Қазақстанға қоныс аударып, Ресей немесе басқа елге қашықтан жұмыс істеуді жалғастырған цифрлық көшпенділерге кедергі болды.

Қазақстанда иммиграцияның екі толқыны кезінде елге келген, еңбек шарты бойынша немесе басқа негізде (мысалы, отбасын құру үшін) уақытша тұруға рұқсат алған және басқа жұмысқа қашықтан жұмыс істейтін шетел азаматтарының саны туралы статистика жоқ. Бірақ мұндай әңгімелер көп, солардың бірі мынау. Тыйым салынғанына қарамастан, РФ-да өз компаниясында жұмысын жалғастырғысы келетіндер шешу жолдарын тапты, әсіресе бұл олардың жұмыс берушілеріне қажет еді.

ҚР-дағы цифрлық көшпенділер визасы бастамасының басты мақсаты — дәл осы адамдарды сұр аймақтан шығару, олардың елдегі мәртебесін заңдастыру. Қазақстанның IT мамандары үшін ашық екенін көрсету маңызды. Басқа елдерде еңбек етіп, Қазақстанға жұмсайтын жоғары білікті кадрлар — Қазақстан экономикасына қажет адамдар.

Әзірге, ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, санкцияларға байланысты РФ-дан кетуге мәжбүр болған компаниялардың Қазақстанға қоныс аудару үдерісін ғана қадағалауға болады. Былтырғы маусымынан 2023 жылдың маусымына дейінгі кезеңде шетелдік капиталдың қатысуымен Ресейден Қазақстанда келіп тіркелген заңды тұлғалардың жалпы саны 63,2%, 13 мыңнан 21,3 мың компанияға дейін өсті. Оның ішінде 2,5 мың компания ақпарат және байланыс саласында жұмыс істейтін заңды тұлғалар. Былтырғы жылдың маусым айымен салыстырғанда олардың саны үш есе артқан.

Биыл 1 маусымындағы жағдай бойынша, ақпарат және байланыс саласында шетелдің қатысуымен тіркелген 3,3 мың заңды тұлғаның 2,5 мыңы Ресейден келген. Яғни, Қазақстандағы төрт шетелдік IT-компанияның үшеуі ресейлік компаниялардың инвестициялық капиталының көмегімен ашылған. Қалған елдердің жалпы үлесі 26,1%.

Қазақстандағы компьютерлік бағдарламалау саласындағы мамандардың атаулы жалақысы экономикадағы орташа көрсеткіштерден 2,3 есе жоғары. Мәселен, биыл екінші тоқсанда ҚР-да орташа жалақы 365,5 мың теңге болса, IT саласында 853,1 мың теңгеге жеткен.

2023 жылдың басынан бері веб-әзірлеушілердің, бағдарламашылардың, деректер инженерлерінің және басқа да АТ мамандарының табысы жақсы өсті. Биыл екінші тоқсанда атаулы жалақы 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69,5%, нақты жалақы 46,5% өсті.

Hh.kz және басқа да рекрутингтік сайттар жарияланған бос жұмыс орындарынаға қарағанда, 853 мың теңге (немесе 1,8 мың АҚШ доллары) жалақы Қазақстанда тұратын цифрлық көшпенділер үшін ең жоғары көрсеткіш емес. Жұмыстың күрделілік деңгейіне және қызметкердің мәртебесіне қарай (бастауыш, орта буын маманы, жоғары деңгей) шетелдік компаниялар IT мамандарына 3–5 мың АҚШ долларына дейін (1,3–2,2 млн теңге) жалақы ұсынады. Сонымен қатар, код жаза алатын, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлей алатын және деректерді талдаумен айналысатындарға сақтандыру, жаттығу, спорт залы, медициналық қызметтер және т. б. үшін де төлеуге дайын. Хабарландыруларда жарияланған бос жұмыс орындарының шарттарына сүйене отырып, жұмыс берушілер Қазақстанда тұратын қазақстандықтармен де, ресейліктермен де ынтымақтастыққа дайын.