Қазақстан қару-жарақты қайдан алады?
Қазақстан қару-жарақты қайдан алады?
8 жыл бұрын 3742 7kun.kz А.Әбітай

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан жыл сайын қорғаныс қабілетін, әскери қуатын мүмкіндігінше жақсартуға тырысып келеді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, соңғы 3 жылда қарулы күшке бөлінген бюджет көлемі 1,2 млрд теңгені құраған. 

Осы жылдың маусымында өткен қару-жарақ және әскери техника көрмесі KADEX-те қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров ел әскерінің қарулануына қатысты жоспарымен бөліскен еді. Нақты айтқанда ресейлік СУ-35 атқышы, және Ми-35М тікұшағы сатып алынады. «Ресей Федерациясы — біздің әріптесіміз. Біз сатып алатын қару-жарақ техникасының 80%-ы Ресейден алынады», — деді ол. Шынында, 1991 жылдан бері отандық әскер негізінен көрші ел арқылы қарумен қамтамасыз етіліп отыр.

Сатып та алады, тегін де береді

Әлем проблемаларын зерттейтін SIPRI Стокгольм институтының зерттеуі бойынша, соңғы 25 жылда Кеңес одағы тарағалы бері Қазақстанның қару-жарақ арсеналы ресейлік өніммен толықтырылады.

Астана Ресейден авиациялық техника, оның ішінде Миг-29 жеңіл атқыштарын, Су-25 шабуылдаушыларын, Су-27 және Су-30МК атқыштарын, сондай-ақ Ил-76, әскери-транспортты ұшақтары, Ми-8/17 тікұшақтарын сатып алған еді. Ел әскерінде кеңестік Т-72 танкі бар. Осыған байланысты  KADEX көрмесінде «Уралвагонзавод» корпорациясы қазақстандық клиенттері үшін Т-72 танкісінің заманауиландырылған үлгісін көрсетті. Бұл машина Сириядағы және өзге де Таяу Шығыс елдеріндегі соғыс тәжірибесі негізінде қаладағы соғыс үшін құрастырылған. «Игла» зенитті-зымыранды кешендері, БТР-80, БТР-80А бронетранспортерлері, жаяу әскер машиналары да келді. Біздің әскеріміздің арсеналында ауыр от шашатын ТОС-1 техникалары мен «Тигр» бронемашиналары және ресейлік кемелер де бар.

Ең атаулы техниканың бірі ретінде әуе шабуылынан қорғанатын С-300 жүйесін атауға болады. Бұл зениттік-зымыран кешенінің 5-і Қазақстанға ақысыз тегін берілді. Яғни Қазақстан Ресейден техниканы сатып алып қана қоймайды, ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім ұйымының қатысушы елі ретінде әскери-техникалық серіктестік аясында Сергей Шойгу ведомствосынан тегін алады.

Швециялық институттың мәліметінше, Астана Ресейден қару-жарақ сатып алу үшін соңғы 25 жылда 1,36 млрд доллар жұмсаған.

Тек қана Ресейден алады ма?

Жоқ, негізгі серіктес Ресей болғанымен өзге елдердің ұсынысы да назардан тыс қалған емес. Қазақстан қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қару-жарақ нарығындағы басты серіктестері қатарына Қытай Халық Республикасы, Чехия Республикасы, Израиль мемлекеті, Италия, Аустрия және Германия елдері кіреді.

Ал SIPRI-дің соңғы 5 жылдағы статистикасына сүйенсек, Қазақстан әскерінде француз радарлары мен Super Cougar тікұшақтары, германиялық жеңіл тікұшақтары бар. Астана Испаниядан С-295 транспортты ұшақтарын, Түркиядан ұсталған патрульды АВ-2 кемелерін сатып алған.

Америкадан Bell тікұшақтары және терроризммен күрес бағдарламасының аясында «бұрын қолданыста болған» тікұшақтары келген. Ал Канада турбореактивті Pratt & Whitney PW100 қозғалтқыштарын жіберді.

Сондай-ақ Қазақстан Изарильден 30 млн долларға  бір дүркінмен атылатын 18 Lynx реактивті кешенін, 6 Semser гаубицасын және 18 Cardom  минометін сатып алды.

Ал бізде қару-жарақ өндіріле ме?

Әрине. Қорғаныс министрлігіндегі мамандардың сөзінше, соңғы жылдары Қазақстан қорғаныс өнеркәсібіне де көңіл бөліп келеді. «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясы жылына 120 бірлік техника шығаратын әлеуетке ие. «Номад», «Барыс» және «Арлан» деп аталатын оқ өткізбейтін көлік түрлері өзіміздің зауыттарда құрастырылады. Оралдағы «Зенит» зауыты еліміздің әскери флотына арнап әскери-теңіз кемелерін шығаруды қолға алды.

Ал 2017 жылы елімізде оқ зауытын салу жоспарланып отыр. Жоспар бойынша, жаңа кәсіпорын тапанша, автомат және винтовкалы қаруларға арналған оқ шығарады. Қазақстандық қорғаныс кәсіпорындарында өндірілетін өзге де әскери техника түрлері:

  • Заманауи радиолокациялық станциялар
  • «Арлан» броньдалған дөңгелекті машиналар
  • «Камаз» маркалы ауыр жүк таситын автокөліктер
  • Әскери мақсаттағы теңіз кемелері
  • Электронды-оптикалық құрылғылар
  • Оқ-дәрі мен практикалық оқ ату жарақтары
0 пікір
Мұрағат