Қар барысын сақтап қалу мақсатында ауқымды зерттеу жүргізілетін болады (видео)
Қар барысын сақтап қалу мақсатында ауқымды зерттеу жүргізілетін болады (видео)
8 жыл бұрын 4150

Мысық тұқымдасына жататын, Орта Азияның таулы аймақтарын, соның ішінде елімізде, дәлірегі, Жоңғар Алатауын мекендейтін жыртқыш аң. Ол ХХ ғасырда Қызыл кітапқа енгізілген. Яғни оны аулауға заңмен тыйым салынған. Құйрығының ұзындығы 200-230 сантиметрге жететін жыртқыштың салмағы 55 келіге дейін тартады. Адам аяғы баса бармейтін таулы аймақтарда тіршілік етсе де оның тұқымы тұздай құрып барады.

Қазақстанда қар барысы мен оның тіршілік ететін ортасын сақтап қалу мақсатында тиімді іс-шараларды әзірлеу үшін кең көлемді мониторингтік зерттеулер жүргізілетін болады. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында Қазақ географиялық қоғамының төралқа  мүшесі Мағжан Сағымбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, мониторингтік зерттеулер еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі тауларда жүргізілмек. Алматы қаласы мен басқа да ірі елді мекендерде халық санының көбеюі, үйлер мен өзге де нысандардың көптеп салынып, инфрақұрылымдардың көптеп тартылуы және туристік нысандардың бой көтеруіне байланысты осы аймақ зерттеу нысаны ретінде таңдап алынды.

«Жобаның мақсаты - Алматы аймағындағы тау экожүйесінің адамдар тарапынан қарқынды түрде игерілуіне байланысты қар барысы мен оның тіршілік ететін ортасының қазіргі жай-күйін бағалау және ілбістерді сақтап қалу жөнінде ұсыныстар әзірлеу.

Зерттеу барысында жыртқыштардың аумақтық және биотопикалық тұрғыдан таралу ерекшеліктері, олар мекендейтін ортаның көлемі мен пайдалану сипаты, қоныс ауыстыру жағдайлары, тіршілігіне қауіп төндіретін негізгі қатерлі факторлар мен қоректік базаның қазіргі ахуалы анықталады», - деді М. Сағымбаев.

ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының кіші ғылыми қызметкері Алексей Грачевтің айтуынша, қазіргі таңда елімізде қар барысын сақтап қалу шынында да өзекті мәселеге айналып отыр. Оған тіпті жойылып кету қаупі төніп тұр.

«Соңғы он жыл ішінде ел аумағында тіршілік ететін ілбістердің саны едәуір қысқарды. Қазір олардың саны 110-130 басты құрайды. Олардың азаюына түрткі болатын басты себеп - браконьерлік әрекеттер. Заңсыз браконьерлер олардың өздерін де, қоректенетін аңдарын да (аулап жейтін тұяқты аңдар) құртып жатыр. Уақыт өткен сайын тауға жайылатын үй малы көбейіп, таулы аймақтарға жолдар, спорт кешендері, курорттар мен басқа да нысандар көптеп салынуда. Онда барушылардың көбеюі де тау-тасты мекендейтін бұл аңның азаюына, олардың тіршілік ететін аумағының қысқаруына әкеп соқтырады. Себебі ілбістер адамдар көп жүретін жерлерге жоламайтын тау тағысы», - деді А. Грачев.   

Айта кетелік, мамандардың айтуынша, қар барысы, оның тіршілік жағдайлары елімізде де, өзге елдерде де өте аз зерттелген. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Зоология институты 2012-2014 жылдары тұңғыш рет оларды мақсатты түрде зерттеумен айналысты. Бұл шараға жыл сайын мемлекет бюджетінен 5 млн. теңгеден бөлініп отырған. Шара барысында жыртқыштардың мекендейтін жерлері, тіршілік ететін ортасы, қоректік базасы, сондай-ақ, жағымсыз факторлардың әсері зерттелді. Фототұзақтардың көмегімен негізгі ошақтарды мекендейтін ілбістердің саны анықталды. Сөйтіп, Қазақстан жерін қазір 110-130 қар барысының мекендейтіні туралы тұжырым жасалды. Бірақ, 2015 жылы мемлекет тарапынан қаржы бөлінген жоқ. «Ал ілбістерді зерттеуді жалғастыру ауадай қажет», - дейді мамандар. Осы орайда ғалымдарға Қазақ жағрафиялық қоғамы көмекке келіп отыр. Енді зерттеу жұмыстары жалғасатын болады. Ол бірнеше жылға созылуы мүмкін. 

0 пікір
Мұрағат