«Ислам мәдениетінің құндылықтары» атты көрме ашылмақ
«Ислам мәдениетінің құндылықтары» атты көрме ашылмақ
9 жыл бұрын 3638 aikyn.kz

Оңтүстік астанадағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде 18 наурыздан бастап, «Ислам мәдениетінің құндылықтары» атты көрме ашылмақ. Көрме «Алматы – ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы» атты мемлекеттік мәдени шараның аясында өтеді. 

Мыңдаған жылдар бойы Құран­мен бірге енген ислам діні мен араб тілінің әсері көптеген ұлыстармен қа­тар қазақ халқының да діни, сая­си, мәдени тілдік және әлеуметтік қарым-қатынастарына зор ықпал еткендігі тарихтан мәлім. Осындай жәдігерлер Орталық музейде сақта­лып келсе, енді оны көпшілік көруге де мүмкіндік жасалып отыр. Ислам мәдениетіне қатысты құндылық­тар­дың дені араб, парсы, түрік, шағатай, татар, өзбек, қазақ тілде­рін­дегі сирек кездесетін қолжазбалар мен бірегей басылымдар болса, көрме төріне Құран кітаптары мен діни мазмұнды әртүрлі литографиялық баспа кітаптар, қолжазбалар қойы­лады.

Көрмеге жазба ескерткіштерімен қатар, Орта Азия мен Қазақстан аумағында ортағасырларда билік құрған әулеттер мен хандықтардың күміс, мыс монеталары да қойылмақ. Сондай-ақ Құран сүрелері мен аяттарының тасқа қашалған жазу­лары, ислам жерлеу салтында күні бүгінге дейін қолданылып келе жат­қан тас белгілері де бар. Қазақы дәстүрлі ортада кеңінен қолда­нылған, кестеленген жайнамаздар, таспиқтар, лауықтар, оқу құралы ретінде пайдаланылған жылқының жауырын сүйегіне жазылған әліпби, алуан түрлі діни мазмұнды мәтін­дер­мен өрнектелген ағаш қалыптар, ыдыс-аяқтар сияқты бұйымдарды да тамашалауға болады. Сонымен қатар көрмеде тақырыптың мазмұ­нын аша түсетін түпнұсқа фото­сурет­тер, қосымша иллюстрациялар, Мысыр, Араб Республикасы мен Иран Ислам Республикасы мәдени орталықтарының мұсылман құсни­хатымен көркемделген жәдігерлері көрсетіледі. Көрме Орталық музей­дің 4 залдағы орталық алаңда ұйым­дастырылса, ол шілде айына дейін жалғасады. 

0 пікір
Мұрағат