«Халал кәсіпкер» болғыңыз келсе, әуелі бойыңызды жаман әдеттен тазартыңыз» (ВИДЕО)
«Халал кәсіпкер» болғыңыз келсе, әуелі бойыңызды жаман әдеттен тазартыңыз» (ВИДЕО)
8 жыл бұрын 3627 BNews.kz

Елімізде халал қызмет пен өнімге сұраныс қай деңгейде? Халал кәсіпті қаражатсыз бастап, оны дөңгелетіп әкету мүмкін бе? Халал кәсіппен айналысамын деуші азамат, ең алдымен, қандай қағиданы ұстанып, алдына қандай мақсат қоя білуі керек? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Атамекен бизнес арнасында» қонақта болған «Сарыарқа» кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Данияр Ахтаев әңгіме өрбітті. 

«Қазақтың өзі халал, қаны халал, болмысы да халал. Сондықтан, «халал бизнес» бізге жат емес. Бабаларымыз бұрын харамды жемеуді былай қойғанда, харам болған жерге малын да жаймаған. Сондай текті ұлттың адамдарына халал деген – бөтен нәрсе емес», - дейді Д.Ахтаев.

Кәсіпкердің айтуынша, Қазақстандағы бүгінгі бизнес ахуал Орта Азия мемлекеттерімен салыстырғанда көш ілгері.

«Барлық нәрсе салыстырмалы түрде жүреді. Орта Азияда бизнестік ортаны құру жөнінен біз – лидерміз. «Сарыарқа» кәсіпкерлер қауымдастығы жылына 3-4 мемлекетті аралап, тәжірибе алмасуға тырысады. Сол мемлекеттердегі бизнес ахуалды зерттеп, қарастырамыз. Сонда байқағанымыз – Қазақстанда бизнес жасау өте тиімді, өте қолайлы. Ол климатты құрып, кәсіпкерлерімізге жағдай жасаған ел басындағы ағаларымызға алғыс білдіреміз. Бір ғана мәселе – Қазақстан енді ғана құрылып келе жатқан мемлекет. Әлемде болып жатқан қаржылық дағдарыс Қазақстанға әсер етпей қоймайды, сондықтан осындай дағдарыстарға бейімделе білуіміз керек. Яғни, ата кәсібің болса да, оны тоқтата тұрып, қаржыны басқа салаға салып, кәсіпті сақтап қалу керек», - дейді қауымдастық төрағасы.

Сонымен қатар, Данияр Ахтаев адал іспен айналысқысы келетін адам қандай принципті ұстануы қажет екендігімен де бөлісті.

«Халал кәсіпке кіремін дегендерге айтарым – жартылай халал деген нәрсе болмайды, осыны дұрыс ұғыну керек. Халал дегеніміз – адал сойылған етті алып келіп, ішкілік қоймасам болды деген сөз емес. Мұнда бүкіл жейтін тағамдарыңыздың адал болуын күнделікті қадағалау, екінші – қызметкерлер арасындағы атмосфераны қалыптастыру, тамақтың адалдығы ғана емес, қызметкерлер арасындағы қарым-қатынасты да қалыптастыру керек. Яғни, адал кәсіппен айналысамын деген адам, біріншіден, осы принципті берік ұстануы керек. Осының арқасында қоғамда сізге деген құрмет пайда болады», - дейді кәсіпкер. 

0 пікір
Мұрағат