Филиппин құрғақшылықтан көз ашпай отыр
Филиппин құрғақшылықтан көз ашпай отыр
26 күн бұрын 414 24.kz Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач

Филиппиндегі қуаңшылықтан 3 жарым миллионнан аса адам зардап шегіп отыр. Бұл туралы 24.kz ақпарат көзі хабарлады.

Әсіресе, балалары бар отбасыларға қиын. Өйткені, жеткіншектер сабақтың орнына ата-анасымен фермада жүр.

Елде сәуірден бері аптап ыстықтың беті қайтпай, құрғақшылық қыспаққа алды. Кейбір өңірде су тапшы. Ауыл шаруашылығы саласына зор залал келді. Материалдық шығын көлемі бір жарым миллион долларға бағаланып отыр.

Испанияда су тапшы

Қуаңшылықтан қатты зардап шегіп отырған Испанияда су мәселесі өткір тұр. Тіршілік нәрінің тапшылығынан Тенерифе аралында төтенше жағдай жарияланды. Жергілікті билік мұндай шешімді жылдам қабылдауға мәжбүр болған. Себебі, жауын-шашынның мөлшерден тым аз түсуі қоймалардағы су деңгейін күрт түсіріп жіберген.

Тенерифе - Испаниядағы канар архипелагының ең үлкен және әдемі жасыл аралы. Қыс айларында арал ылғалды, жауын-шашынды келеді. Алайда, биыл жауын  тым аз түсіп, Тенерифе тарихындағы ең құрғақ қысты өткерді. Соңғы екі жылда жауын көлемі қырық пайызға дейін қысқарып, әсіресе, егін алқаптарында судың булануы 25 пайызға артқан. Жергілікті үкімет қаңтар айына үміт артқанмен, қыста ауа температурасы 20 градустан түспей  қойды.

Пабло Гэрин, эколог: - Желтоқсан, қаңтарда ауа-райы жаз сияқты жып-жылы боп тұрды. Мұндай қыс соңғы рет осыдан алпыс жыл бұрын болыпты. Қоймалардағы су қорын осы айларда көбейтіп алатын едік, биыл мұндай мүмкіндік болған жоқ. Ең құрғақ қыс деп отырғанымыз сондықтан.

Ауа райының күрт жылынып кетуі жергілікті үкіметті алдағы жазда болатын қуаңшылықұа қарсы ерте қамдануға мәжбүр етіп отыр. Ресми мәлімет бойынша 1 ақпандағы жағдайға сәйкес су қоймалары 34 пайызға ғана толған. Бұл  өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 52 пайызға аз.

Роса Давила, Тенерифе үкіметінің басшысы: - Қоймадағы су деңгейі бізді қатты алаңдатып отыр. Апта басында Тенерифе су басқармасы мен Туризм министрлігі ауыз суды үнемдеу туралы үгіт-насихат жұмыстарын бастады. Құрғақшылық ауыз су азабын тарттырып қана қоймай, жазда өрт мәселесін ушықтыруы ықтимал. 2023 жылдың тамызында құрғақшылық пен қатты ыстықтан аралдың үлкен аумағы өртеніп кетті.

Испанияның солтүстігіндегі Каталония аймағында да қуаңшылыққа байланысты тұрғындардың су тұтынуына жаңа шектеулер енгізілді. Шара 6 миллион адам тұратын 224 елді мекенді қамтып отыр. Оның ішінде Барселона мен Жирона сияқты ірі қалалар бар. Мәселен аймақта 2 жылдан бері бір тамшы жаңбыр жаумай, өңірді тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған Тер-Льобрегат қоймасындағы су деңгейі едәуір азайып кеткен. Осы себепті жергілікті билік  су бағасын 33,7 процентке көтеруге мәжбүр болған.  

 

0 пікір
Мұрағат