Елімізде нәпақасын бау-бақшадан тауып отырған шаруалар саны көбеюде (видео)
Елімізде нәпақасын бау-бақшадан тауып отырған шаруалар саны көбеюде (видео)
8 жыл бұрын 2505 khabar.kz Н.Қонақбаева, А.Молдабеков

Жалпы жыл озған сайын елімізде нәпақасын жерден тапқан шаруалар саны артып келеді. Қысы қатты, жазы құрғақ болатын Ақтөбе өңірінің өзінде бау-бақшасын жайқалтып отырғандар көп. Солардың бірі – Данияр Алманов. Іскер азамат 30 гектар жерді 49 жылға жалға алып, алма өсіруді жолға қойған. Данияр Алманов алдымен алма тұқымын көрші Ресейден алып келіп, үйдің ауласына егіп көрген. Тың тәжірибе жемісін берген соң, сол тұқымнан көшет өсіріп, биыл 1 мың түп қортық алма ағашын үлкен алқапқа отырғызды.  Шаруа жеміс көшеттерін суғарудың тың әдісін ойлап тапты.  Бақша алқабының  шетінен ұңғыма қазып, содан құбыр арқылы әр көшетке су баратындай етіп жасаған.  Аптасына бір рет суғарады және жас көшеттер әлденсін деп, оның түбіне қара бидайды қоса егіп қойған.  Данияр Алманов, шаруа: - Жақсы шықты қыстан. Ешқандай ауырмай. Сосын мына жерге отырғызып көрдім. Биыл беретін тал ғой. Бірақ, мына тамырға күші жақсы болсын деп жарынға қалдырып отырмыз. Бағбанның айтуынша алманың бұл тұқымы Ақтөбенің ауа райына төзімді, шөлге шыдамды болып келеді.  Себебі, алма ағаштары аса биік өспейді. Биыл сонымен қатар 14 гектар жерге көкөніс түрлерін егіпті.  Қарамағында жұмыс істейтін 5-6 адам бау-бақты дамылсыз күтіп баптап отыр.  Нұрбек Нұсқабаев, жұмысшы: - Мына Голландиядан тұқымдар алынып, сол жаңа тұқымдарды тәжірибе жасап көріп жатырмыз. Өнім екі есе болады. Тамшылатып суғарудың бір жақсы жері. Бағбан қазір жұмысшыларына арнап үй салып жатыр. Көкөніс сақтайтын қоймасының құрылысы тағы бар. Шаруаның көздегені көп.  Данияр Алманов, шаруа: - Жылыжай салғым келеді. Жарты гектарға қызанақ, қияр, сосын құлпынай, гүл, петуня еккім келеді. Жылда егем оны. Жылда шығады. Сатып жатырмын.  Данияр Алманов жыл сайын қауын мен қарбыздың да голландиялық тұқымын  егеді. Әуелі тұқымын бірнеше ай үйінің ауласындағы шағын жылыжайында өсіріп алады. Кейін көшеттерді мамыр айының соңына қарай бау-бақша алқабына әкеліп отырғызады.  Шілденің аяғында шаруаның қарбыз бен қауыны пісе бастайды. Оның айтуынша, биыл бау-бақша өнімдерін өсіретін шаруашылықтарға үкіметтен субсидия берілмейді екен.  Сондықтан шаруа тек өнімнен түсетін табысқа сеніп отыр.

 

0 пікір
Мұрағат