Елде 40 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдыққан
Елде 40 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдыққан
3 күн бұрын 329

Былтыр елде 40 мыңнан астам адам қатерлі ісік ауруына шалдыққан, деп хабарлады 24.kz 

Оның басым бөлігі – әйел. Мамандар, әсіресе, сүт безі қатерлі ісігінің көптігін айтады. Бұдан бөлек, тоқ ішек қатерлі ісігі, өкпенің қатерлі ісігі, жатыр мойны обырының көрсеткіші артқан. Аталған дерттің дендеуі былай тұрсын, науқастардың ғұмырын қиятыны өкінішті. Былтыр, әсіресе, өкпенің қатерлі ісігінен көз жұмғандар көбейді. Асқазан, тоқ ішек, сүт безі қатерлі ісігі қауіпке айналды. Ұйқы безінің обырынан да көп адам көз жұмған.

Айта кетейік, бүгін Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні.

Қазақстандықтар қатерлі ісіктің қай түрінен жиі көз жұмады

KAZINFORM — «Аты жаман ауру» диагнозын естігенде кімнің болмасын салы суға кетіп, шарасыз күйге түседі. Мұндай дертке жақын адамыңның шалдыққаны тіпті ауыр. Қазір онколог мамандар қатерлі дертті жеңуге болатынын айтып жүр. Десек те статистика көңіл көншітпейді. Қазақстанда қатерлі ісікпен ауыратындар саны күннен күнге өсіп келеді. Ракты емдеудің заманауи әдіс-тәсілдері қандай, нендей қиыншылықтар бар, қатерлі ісіктен құлантаза айығып кетуге бола ма, ауру неге «жасарып» кетті, қазақстандықтар дертіне шипаны неге шетелден іздейді? Бұл сауалдарға Кazinform агенттігінің тілшісі жауап іздеп көрді.

Статистика сөйлесін

Ресми дерекке сүйенер болсақ, Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан 218 213 науқас есепте тұр. Елде 2023 жылы онкологиялық аурулардың 41 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталды.

Бірінші орында — сүт безі обыры (13,3%, 5 507 жағдай),

Екінші орында — колоректальды қатерлі ісік (9,5%, 3 939 жағдай),

Үшінші орында — өкпенің қатерлі ісігі (9,3%, 3 872 жағдай),

Төртінші орында — асқазан қатерлі ісігі (6,9%, 2 874 жағдай),

Бесінші орында — жатыр мойны обыры (4,9%, 2 035 жағдай) тұр.

Айта кетейік, 2023 жылы өкпе обыры колоректальды обырмен орын ауыстырып, 3-орынға түсті. Науқастардың 55,6 пайызы — 18 бен 64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар.

Өлім бойынша:

— бірінші орында өкпенің қатерлі ісігі (15,7%, 2034 жағдай),

— екінші орында асқазан қатерлі ісігі (11,9%, 1536 жағдай),

— үшінші орында колоректальды қатерлі ісік (10,8%, 1 389 жағдай)

— төртінші орында сүт безі обыры (8,2%, 1 054 жағдай)

— бесінші орында ұйқы безінің қатерлі ісігі (6,2%, 805 жағдай) тұр.

Қатерлі ісік ауруының пайда болу себептері: 

— дұрыс тамақтанбау;

— сыртқы факторлар — радиация, өнеркәсіптік шығарындылардың әсері;

— тұқым қуалау;

— вирус;

— күйзеліс;

— иммунитеттің әлсіреуі.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының стратегиялық және инвестициялық даму бөлімінің меңгерушісі Алма Жылқайдарованың айтуынша, рактың пайда болуына әсер ететін, көп зерттеулермен дәлелденген факторлар бар.

— Біз күнделікті өмірде тұтынатын көптеген тағам ауруға әкелуі мүмкін заттар бар. Оларға, ең алдымен, қарапайым көмірсу мен трансмайлар жатады. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, шамадан тыс қуырылған тағамда канцерогеннің мөлшері мол. Біздің елде тоқ ішек қатерлі ісігі екінші орында тұр. Мәселен, фаст-фуд, өңделген, құрамы жасанды, сондай-ақ қуырылған тағамдарды көп тұтынған адамда колоректальды қатерлі ісік пайда болуы мүмкін. Мұндай тағам қоректік заттар бермейді, керісінше ағза ресурстарының сарқылуына және онкологиялық аурулардың дамуына әкеледі. Сондықтан, тез дайындалатын тағамдар мен алкогольден бас тартқан жөн. Қатерлі ісік тек бейімділік қана емес, сонымен қатар иммундық, антиоксиданттық және детокс жүйесінің (бауырдың) жұмысы және дефицит сияқты сыртқы факторлардан да туындайды, — дейді ол.

Гинекологиялық обырдың дамуына да этиологиялық әртүрлі фактор бар. Профессор Харальд цур Хаузен адамның папиллома вирусының жатыр мойны обырын тудыратынын дәлелдеп, Нобель сыйлығын алған.

АПВ-ның 100-ден астам түрі бар, оның 14-і адам үшін қауіпті әрі тек жатыр мойнының қатерлі ісігі ғана емес, тік ішек, тоқ ішек, сыртқы жыныс мүшелерінің қатерлі ісіктеріне алып келеді.

Адам папиллома вирусы мен жатыр мойны обырының арасындағы байланыс жатыр мойны қатерлі ісігіне қарсы екпе жасау қажеттігін анықтады. АҚШ және Австралия сияқты елдер жасөспірім қыздарды иммунизация бағдарламасын 10 жыл бұрын енгізген. 

Екпе жасаудың экономикалық тиімділігін көптеген зерттеулер дәлелдеді.

Мамандардың сөзінше, 2022 жылы елде екі мыңға жуық әйел осы дертке шалдыққан. 600-ге жуығы қайтыс болды. Вирус симптомсыз да тарайды. Тіпті адамға ауру белгісі байқалған күннің өзінде ол екінші не төртінші стадияда болуы мүмкін.

Қазақстанда оқушы қыздарды папиллома вирусына қарсы вакциналау 2013 жылы бірнеше өңірде басталған еді. Ол кезде пилоттық жоба болған. Алайда науқан ұзаққа созылмады. Себебі Павлодарда екпе алған оқушы қыз есінен танып қалған. Одан кейін ата-аналар үрейленіп, бас тартқан. Үкімет те бағдарламаны тоқтатты.

Мамандар ол кезде нақты вакцинаның әсері болмаған, тек оқушы қыз эмоцияға берілуі мүмкін дейді. Сондықтан араға он бір жыл салып вакцинация қайта басталды.

— Жатыр мойны обырының инфекциясы адамның папилома вирусынан туындайды. Әйелдер бұрын жыныстық қатынасқа есейген шағында түссе, қазір 16 -17 жастарында түседі. Сәйкесінше, инфекциялар, жатыр мойнының жарақаты көбейеді. Бұл адам папилома вирусының ауруды тезірек тудыруына ықпал етеді. Яғни, бұл енді туа біткен немесе генетикалық ауру емес, — дейді онколог.

Онкологиялық ауру тұқым қуалай ма?

— Онкология тұқым қуалайды. Егер отбасында бір адам қатерлі ісікпен ауырса, өзгелерінде де сондай қауіп болуы мүмкін. Егер біреуіне берілмесе, екіншісіне беріледі.Мысалы, аналық без обырының кейбір түрлері тұқым қуалаушылық сипатқа ие әрі BRCA1 және BRCA2 гендеріндегі тұқым қуалаушылық мутациялармен байланысты. Сондай-ақ, гендегі мутациялар сүт безі обырын туғызуы мүмкін. Өйткені, ол адамның жасушаларына ғана емес, кейін генетикалық ақпаратты тасымалдайтын ішкі ядроларға да әсер етеді. Қатерлі ісіктің «жасарып» кетуінің бірден бір себебі де - осы тұқымқуалаушылық. Сондықтан жыл сайын міндетті түрде қаралып тұру керек. Қазір технология дамып кетті. Тұқым қуалау қаупі бар ма, жоқ па, анықтап көруге болады, — деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, науқасқа қатерлі ісік дигнозы 10 күнде қойылады.

— Диагнозы микроскопиялық зерттеулер арқылы қойылады. Диагнозды адамның ағзасынан тін алып, арнайы генетикалық, молекулалық тексерістерді өткізгеннен кейін ғана қояды. Соңғы жылдары емханаларда «жасыл дәліз» деген ұғым пайда болды. Қатерлі ісікке күдікті адамды тіркеп, оған қажетті зерттеулер жасалады. Адами фактор деген болады, кейбір анализдер дұрыс нәтиже бермеуі мүмкін. Стандарт бойынша 10 жұмыс күні ішінде нақты ауруды анықтап, диагноз қоюмыз керек. Негізінде 2 аптаның ішінде обыр ауруы болуы мүмкін деген күдікті жоямыз. Бірақ, әрі қарай тексеру керек болса, яғни біз күдікті теріске шығармаймыз, тереңдетілген тексерістерді жалғастырамыз бұл екі айға дейін созылуы мүмкін, — деді ол.

Алма Жылқайдарова аурудан толық айығып кетуге болатынын айтады. 

— 100 пайыз айығуға болады. Егер қатерлі ісік алдындағы немесе ерте сатысындағы кезеңде анықталса, емделу мүмкіндігі жоғары. Онкологияда емдеудің 3 негізгі әдістері бар: ота жасау, химиотерапия және сәулемен емдеу. Біз әлемдік стандарттарға сай емдеу әдістерін қолданамыз. Ісіктің түріне байланысты емдеу жоспары қарастырылады. Мультидисциплинарлық топ әр емделушінің жағдайын жеке қарайды, оның қорытындысы бойынша емдеу жолдары белгіленеді, — деп атап өтті маман.

Өмір үшін күресте әр күн, әр сағат, әр минут маңызды

Рак диагнозын естігенде кімнің болмасын салы суға кетіп, шарасыз күйге түсетіні анық. Ал, мұндай дертке жақын адамыңның шалдығуы тіпті ауыр.

Астана тұрғыны Марғұлан Ақанның анасы қатерлі дертпен алты жылдан бері күресіп келеді.

— 2019 жылдың ақпанына дейін «онкология» деген терминнің не екенін білу түгілі, ол жайлы түсінік, қызығушылық, тіпті ол жайында ізденіп көру де болған емес-ті. «Рак» деген сөзді де былайғы күнде жиі естіп, жүрек шымырлағаны болмаса, өз басыма, отбасыма келеді, күреске толы күндер басталады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ. Болар іс болды, бояуы сіңді. Содан бері 5 жылдан аса уақыт өтті, 50-ден асқан шешемді жетектеп келемін. Түркия асып та келдік халықтың арқасында. Алайда құлантаза дертінен айығып кете алмады, бірақ тіршілік үшін тістеніп, отбасы үшін тыныстап келеді, — дейді ол.

Айтуынша, анасының дерті оны ерте есейткен. 

— 13 химиотерапия, 27 сәулелі терапия, 13 радиотерапия, 1 операцияны алты жылға жуық уақытта өз денесіне рұқсат беріп күрескен шешем қазір таргет деп аталатын терапияға ауысты. Ай сайын ішетін дәрісінің күші химиядан кем емес. Қанша жыл Алматыдағы онкология институтының алдына келіп, іштей «сізде бәрі жақсы» деген жауапты есту үшін кіретін шешемнің дерті мені де ерте есейтті. Өмірі үшін күресіп жатқан адамның «берілмеймін» деген сөзін анда-санда аузынан естімесек, тегінде жанарынан-ақ байқаймыз. Шаштың түсуі, тырнақ пен сүйектің босауы, терісіне түскен ақтаңдаққа, бірде көл, бірде шөл болатын құбылмалы көңіліне қарап отырып, «мынаған қалай шыдауға болады?» деп сұрақ қоямын өзіме. Бірақ құдіреті күшті жаратқанның адамға берген қасиеті сол шығар, сабыр мен төзім дегеннің нақ майданда сыналатыны да осы жерде, — деді Марғұлан.

Жас жігіт ауыр дертпен күресіп жүрген жандарға және олардың жақындарына арнап «Үміт. Өмір үшін күрес» атты кітап жазған. 

— Биыл қаңтарда обыр жайлы қазақ тілінде кітап жазып, елге таныстырдым. «Үміт. Өмір үшін күрес» деп аталатын кітапта бәрін қамтуға тырыстым. Әсіресе, аты жаман дертпен күресіп жатқан адамның жан дүниесін жеткізгім келді. Бұл дертті басынан кешкен, кешіп жатқан, жақындары сезініп жатқан жандар үшін ендігі бір мәселе бар: онкологиямен ауыратын адамдар көп секілді көрінеді. Оған дейін мүлде жоқ, мүлде таңсық көрінген дерттің әр үйде болуы мүмкін екенін сезінеді, байқайды. Мәселен, қазір аптасына әр аймақтан 3-4 адам хабарласып, шешесін, әкесін, інісін, ағасын, қарындасы мен әпкесін, баласын айтады… Бәрінің сұрайтыны - "не істейміз?", "қайда апарамыз?" Қандай жағдай болмасын, қандай дерт, қандай сынақ болмасын адамды алып шығатын бір-ақ нәрсе. Ол — үміт. Қалған ойға уақыт та болмайды. Себебі әр күн, сағат және минут маңызды. Әр минут үшін де күресіп өмір сүріп жатқан арамызда жандар бар кезде біздің де көмек-қолдауымыз тоқтамауы тиіс, — деді ол.

Танымал қазақстандық актер Мұрат Бисенбин де қатерлі ісікпен күресіп жатыр. Өнер иесінің досы, актер Саят Исембаев әлеуметтік желіде оның емделуіне қаржылай көмек қажет екенін айтты. 

Актердің өзі де ақпаратты растап, ұйқы безінің қатерлі ісігіне шалдыққанын жеткізді. Ол ютуб арналардың біріне берген сұхбатында обыр ауруына зиянды сусындар себеп болуы мүмкін екенін тілге тиек етті.

— 6 жылдан бері ашығу режимін ұстап келемін. Спортпен шұғылданамын. Алайда, салмағымда еш өзгеріс болмады. Мұны әйелім байқап, дабыл қақты. Егер асқазанда ешқандай проблема болмаса жиі ашығып тұрған дұрыс. Одан қорқудың қажеті жоқ. Оған қоса мен алты жыл бойы ашқарынға энергетик сусын іштім. Сосын қантсыз коланы таңертеңнен кешке дейін ішіп жүрдім. Осылар менің тәбетімді тежейді деп ойладым. Өйткені қанша тамақ ішіп, спортпен айналыссам да, салмақ қоспадым. Менің диагнозымның ең бірінші белгісі — салмақ жинай алмау екен. Бірақ сусындар менің денсаулығыма зиянын тигізді. Қатерлі ісікке шалдығуымның бір себебі осы зиянды сусындар болуы мүмкін, — дейді актер.

Қазір Мұрат Бисенбин Башқұрстанда. Ол өзінің Instagram парақшасында Уфа қаласында түскен суретін бөлісті. Денсаулығына байланысты актер түсірілімдерден бас тартқан.

Айта кетейік, қазақстандық актер «Рэкетир», «Аға», «Брат или брак» фильмдерінде ойнаған.

Рас, үміт сенімнен туындайды. Сол арқылы адам көп нәрсеге қол жеткізеді. Бұған сырқатымен күреске түсіп, жеңіп, құлан-таза айыққан, үмітін үзбеген адамдардың тағдыры дәлел. Соның бірі — 54 жастағы алматылық Алтын Мұханова.

Оның айтуынша, дәрігерге ғана сеніп, қол қусырып отыруға болмайды.

— 2013 жылы дәрігерлер маған үшінші деңгейлі аналық без обыры деген диагноз қойды. Содан бастап өмірім күрт өзгерді. Ол кезде 43 жаста едім. Бастапқыда мен де күйзеліске ұшырадым, бірнеше дәрігерге қаралдым. Сенгім келмеді, мүмкін емес дедім. Алайда, диагнозымды бірқатар дәрігер растады. Содан операция жасады. Күшті дәрілер мен 6 химия терапиясын қабылдадым. Терапиядан кейін тек құсамын, дәрінің түрін көргім келмейді. Тіпті, одан бас тартқым келген кездер де болды. Бірақ, Алланың құдіреті шығар, бұл сынақтан өттім. Мұндай қиын сәтте адамға үміт отын жағатын, күш беретін бір сенім болуы керек, — дейді Алматы тұрғыны.

Кейіпкеріміз қиналған сәттерінде де өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтпаған. Оның сенімі ауруын жеңуіне жетеледі.

— Әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстануы керек. Мен мұны сырқаттанған соң түсіндім. Дәрігер тағайындаған диетаны қатаң ұстандым, көбіне дәруменге бай көкөністер тұтындым. Саумал іштім, таза ауада көп жүрдім, күйзеліске түспеуге тырыстым, ең бастысы өмірге деген құлшынысымды жоғалтпадым. Рак — үкім емес. Міне, содан бері 11 жыл өтті. Денсаулығым жақсы. Қатерлі ісікті жеңдім. Осы тұста маған ота жасаған, уақытылы ем тағайындаған Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкогинекология орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ерлан Кукубасовқа және қиын кезде маған демеу болған, қас-қабағыма қараған отбасыма, туғандарыма, әріптестеріме рақмет айтқым келеді, — дейді ол.

Шипаны неге шетелден іздейді?

— Дүниежүзі бойынша аурулардың диагностикасы мен емдеу хаттамалары бір. Жоғарыда айтқанымдай, алдымен обырдың сатысын, ісіктің көлемін анықтап алуымыз керек.Тек содан кейін ғана ем-дом тағайындаймыз. Кейде науқастар біз ұсынған терапияға келіспейді немесе қойған диагнозға сенбей шетел асып жатады. Алайда, көп жағдайда отандық онкологтар қойған диагнозды шетелдік дәрігерлер растайды. Олар да аурудың сатысына, ағзаның қабылдауына орай ем шара жазып береді. Қатерлі ісікті емдеу шетелде өте қымбат. Оны кез келген науқастың қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне аталған дерт ұзақ уақыт емделеді. Емін шет елде бастаған науқастардың басым бөлігі Қазақстанда жалғастырады. Бізде бәрі тегін. Мемлекет тарапынан жыл сайын онкологиялық ауруларға қомақты қаржы бөлініп отырады. Осы тұста айта кететін жайт, Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері арасында онкологиялық аруларды емдеу жағынан, заманауи технология бойынша көш бастап тұр. Мәселен, көрші Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанан біздің елге келіп емделушілер өте көп, — дейді Алма Жылқайдарова.

Дәрігердің сөзінше, былтыр Қазақстанда алғаш рет Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында онкологиялық ортопедияда бірегей реконструктивтік-пластикалық араласулар яғни, 3-D протездеу жүргізу басталды.

Медицина бір орнында тұрмайды және ғылымның басты жетістіктерінің бірі — онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімді едәуір төмендетуге арналған ядролық медицинаның дамуы деуге болады. Бұл — Қазақстан үшін жаңа бағыт.

Алма Мұқанова

 

Түркияда жылына 240 мың адам қатерлі ісікке шалдығады

Әлемде жыл сайын 20 млн адам қатерлі ісікке шалдығады. Оның тең жартысы өмірімен қош айтысады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қатерлі ісік мәселелерін зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік мәліметі. Ал Түркияда жағдай қалай? Жаман аурумен күрес тәсілдері қаншалықты тиімді?

Қатерлі ісік көрсеткіштері бойынша әлемдегі секілді Түркияда да өсім бар. Себептері әртүрлі.

Біріншіден, профилактикалық медицинадағы жетістіктер. Скрининг барысында ауру бірнеше ай, тіпті, бірнеше жыл бұрын анықталуы мүмкін.

Екіншісі – ол халықтың қартаюы мен өмір сүру ұзақтығы. Қарт адамдарда қатерлі ісік түрі жиі кездеседі. Бұл табиғи құбылыс. Халықтың жасы ұлғайған сайын аурудың таралуының өсуіне себеп болады.

Үшіншісі, әйелдер мен еркектер арасындағы теңдік, зиянды әрекеттерде де көріне бастады. Мәселен, темекі шегу әдеті. Бұған дейін ер адамдарда жиі көрінетін өкпе қатерлі ісігі, өкінішке қарай, әйелдерде де бірінші орынға шыққан. Соңғысы қатерлі ісікті ерте анықтап, өмірін ұзатқандар саны едәуір артқан.

Азамат Хекимоғлұ, онколог: - Түркияда жыл сайын шамамен 240 мың адам қатерлі ісікке шалдығады. Ең жиі кездесетін түрлері: өкпенің қатерлі ісігі 40 мың адамда, сүт безі 25 мың адамда және тоқ ішек 21 мың адамда болады. Балалар арасында ең көп таралғаны – қатерлі ісік қан айналу жүйесінің ісіктері. Лейкоздар яғни. Толық сауығу жағдайлары туралы нақты статистика жоқ, бірақ қазіргі замандағы емдеу тәсілдері мен ерте диагностика науқастардың өмір сүру деңгейін едәуір жақсартып жатыр.

Қатерлі ісікке қарсы күрестің бірден-бір жолы – скрининг, яғни, онкологиялық тексеру, салауатты өмір салты мен халықты дұрыс ақпараттандыру. Осы мақсатта Түркияда 26 жылдан бері Ұлттық қатерлі ісікпен күрес бағдарламасы іске қосылған. Тек қана былтырдың өзінде 8 млн жуық адам 390 орталықта медициналық тексерістен өткен.

«Скринингтер өз кезегінде кеуде, жатыр мойны және колоректальды қатерлі ісіктер ерте анықтауға мүмкіндік берді», – дейді мамандар.

Азамат Хекимоғлұ, онколог: - Қазақта сөз бар ғой. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Сол себепті, қатерлі ісіктің алдын алуда Түркияда Ұлттық қатерлі ісікпен күрес бағдарламасы 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Тек қана биылдың алғашқы 6 айында 4,5 миллион тегін қатерлі ісікке скрининг жүргізілді. Оның ішінде 1,5 миллионы сүт безі қатерлі ісігіне, 1,7 миллионы жатыр мойны қатерлі ісігіне және 1,2 миллионы тоқ ішек қатерлі ісігіне арналған скринингтер болды. Қазіргі таңда медицина дамыған. Сол себепті, алдын ала анықтау, аурудың көптеген салдарының алдын алу деген сөз.

Түркияда қатерлі ісікті емдеуде химиотерапия, сәулелік терапия, иммунотерапия және хирургиялық әдістерді қолданады. Айта кеткен жөн, неміс BioNTech компаниясының өкпе қатерлі ісігіне қарсы «BNT116» екпесін тапқан түрік ғалымы – Уғур Шахин. Иммундық жүйені қатерлі ісік жасушаларын тануға және жоюға үйретуге бағытталған вакцинаның алғашқы фазасына қатысатын жеті елдің қатарында Түркия да бар. Қазірше оның қандай нәтиже көрсететіні белгісіз. Дегенмен, тап осындай 36 түрлі қатерлі ісікке қарсы екпенің зерттеуден өтіп жатқаны белгілі.

Дәрігерлер ескертеді. Онкология жасқа қарамайды. Сол себепті, бесіктегі баладан еңкейген қарияға дейінгі адамдар жүйелі түрде тексерістен өтіп тұрғаны абзал. Әсіресе, туыстарында қатерлі ісік анықталғандар.

Авторы: Меруерт Қанағат.

 

0 пікір
Мұрағат