Биыл 100 гектарға зәйтүн ағашы егіледі
|

Майлы дақылдар алқабы ұлғаяды, 24.kz
Биыл егістік көлемін 365 мың гектарға ұлғайту жоспары бар. Өйткені, майлы дақылдар өніміне шетелде де, ішкі нарықта да сұраныс жоғары және бағасы да қымбат. Мәселен, бидайдың бір тоннасы 70 мың теңгеден, ал күнбағыс пен рапстың тоннасы 200 мың теңгеден сатылып жатыр. Сондықтан, Үкімет бидай алқабын екшеп, майлы дақылдарды көбейте бермек.
Бұл бағытта нақты қандай жоспар бар? Қазақстанда зәйтүн шаруашылығы қолға алынды. Екі жыл бұрын Түркістан, Маңғыстау және Жетісу облыстарында 6 мыңнан астам зәйтүн ағашын отырғызылған еді. Олардың барлығы дерлік жерсінді. Ал былтырғы жылдың көктемінде жоба қуаты артып, Испания мен Түркиядан тағы да зәйтүн ағаштары әкелінді.
Биылғы жылдың соңына таман елдегі зәйтүн алқабының көлемі 100 гектарға жетеді деген жоспар бар. Ағаштар алғашқы өнімді бес жылдан кейін беруге тиіс. Инвесторлар зәйтүн ағашының санын 1 млн-ға жеткізуді көздеп отыр. Жоба шеңберінде май зауытын салып, тұқымбақ тұрғызады. Сондай-ақ, жергілікті мамандарды зәйтүн өндірісіне баулу жұмысын жолға қоймақ.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: - Министрлік алдында өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті тұр. Агроөнеркәсіп кешені үшін зәйтүн өндірісін дамыту стратегиялық маңызға ие. Жобаның құны – 20 млн доллар. Келешекте жылына 150 мың тонна зәйтүн өнімін беруге тиіс. Оның ішінде 30 мың тонна зәйтүн майы өндіріледі. Бұл өнімге нарықта сұраныс жоғары.
Қазақстан Иранға 3 млн тонна астық экспорттауға дайын
Қазақстан Солтүстік Африка елдері мен Мароккоға 300 мың тонна бидай экспорттайды. Қазір Азық-түлік келісімшарт корпорациясы нарықты кеңейтуге күш салып отыр. Әсіресе, тұтынушы көп Еуропалық одақ пен Таяу Шығысқа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен келіссөз жүріп жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан Иранға 2 млн тонна бидай, 1 млн тонна арпа экспорттамақ. Биылғы қаңтар-ақпан айларында екі ел арасындағы агроөнеркәсіп өнімдерінің саудасы 70 млн доллардан асты. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда бір жарым есе артық. Парсы елі негізінен арпа, мал еті, өсімдік майлары, жүгері, көкөніс пен бұршақ дақылдарын сатып алып отыр.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: - Біздің басты міндетіміз – ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты сауда айналымын арттыру. Иран маңызды серіктестердің бірі саналады. Кейінгі он жылда Қазақстан Иран нарығына 9 миллион тоннадан астам астық жеткізді. Алдағы уақытта біз бидай экспортын жылына 2 миллион тоннаға, ал арпа экспортын 1 миллион тоннаға дейін арттыруға дайынбыз.
Қазақстандықтар алманы сүйіп жейді
Былтырғы жылдың соңында қазақстандықтардың ас мәзірінде жеміс көбейді. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, қазан-желтоқсан айларында әр отандасымыз орта есеппен 18 келі жеміс жепті. Ал 2023 жылы көрсеткіш 17 келіден сәл асқан. Ауылдағы ағайынға қарағанда қалалықтар жемісті көбірек жейді екен. Бұл жердегі қалалықтардың еншісінде 19,5 келі болса, ауылдағы әр тұрғынға 15,5 келі тиесілі.
Жемістердің арасында алманың бәсі басым. Әр адамға 4,6 келіден келеді. Содан кейін банан мен мандарин тұр. Ал жүзім мен құрма қазақстандықтар сүйіп жейтін жемістердің алдыңғы бестігіне еніп отыр.
Жемістерді тұтыну көрсеткіші 2024 жыл, IV тоқсан
Орта есеппен – 18 кг
Қалада – 19,5 кг
Ауылда – 15,5 кг
Ең көп тұтынылған жемістер (жан басына шаққанда)
Алма – 4,6 кг
Банан – 1,6 кг
Мандарин – 1,5 кг
Жүзім – 1,3 кг
Құрма – 0,8 кг
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы: - Өңірлік бөліністе жемістерді тұтыну бойынша Алматы көш бастап тұр. Жан басына шаққанда 23,6 килограмнан келеді. Сондай-ақ, үздік үштікке 23,3 килограммен Астана қаласы және 20,8 килограмм көрсеткішпен Солтүстік Қазақстан облысы енді. Ал Абай облысы мен Шымкент қаласы жемісті ең аз тұтынатын өңірлер қатарынан көрінді. Яғни, Абай облысындағы көрсеткіш 13 килограмм болса, Шымкент қаласының әр тұрғыны 12,3 килограмм жеміс жеді.
Азық-түлік шығынының 16,8% – ет өнімдерінің үлесінде
Сондай-ақ, қазақстандықтар азық-түлік шығындарының ең көп бөлігін ет және ет өнімдеріне жұмсайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша былтырғы соңғы үш айдағы көрсеткіш 17 пайызға жуықтайды. Ал нан мен жарма өнімдеріне 7,6 пайызы тиесілі. Ет өнімдерін тұтыну бойынша Жетісу, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласы көш басында тұр. Ал ең төменгі сұраныс Шымкент қаласында.




