Бекболат ҚАРЖАН: 12 мың "Болашақтық" немесе Малайзия диллемасы
Бекболат ҚАРЖАН: 12 мың "Болашақтық" немесе Малайзия диллемасы
1 ай бұрын 269

1980-ші жылдары Малайзия өкіметі Ұлттық экономикалық реформаны іске асыру мақсатында малайлық жастарды Ұлыбританияның, АҚШ-тың Гарвард сияқты озық университеттеріне (біздегі «Болашақ» бағдарламасы сияқты) оқуға аттандырады. Онда тек елдің жас буынына мүмкіндік туып, бизнесті, экономикалық секторларды басқаруға қажетті кадрларды дайындауға кіріседі.

Экономикалық реформалардың схемалары сызылып,  нақты жолға қойылады. Шетелдің озық университеттерін аяқтап келген потенциалы жоғары жастар елдегі барлық маңызды экономикалық секторларға менеджерлер ретінде қызметке жайғасады да, батыстық үлгідегі экономика мен бизнесті басқару формасына көшеді. Өкіметтің Ұлттық экономиканы реформалау процесі 1980-ші жылдардан бастап прогрессивті іске аса бастайды. Жас мамандар телекаммуникация, өндірісті ұйымдастыру, банк секторларын басқару, ауылшаруашылығын дамыту салаларына басшылыққа келіп, елдегі азулы шетелдік инвесторларды ақырындап ығыстыра бастайды. Малайлық жастар елдегі ұлттық компаниялардың акцияларына ие болып, жалпы малайлықтардың акционерлік үлесін 30 пайызға дейін арттырады. Бұл Ұлттық экономиканы іске асыру басшылығының күтпеген жеңісімен аяқталады. Білікті жастар өз жұмыстарын сүйрелеп, жеке жеке компаниялардың қожайынына айналады. Ұлттық экономика басшылығы ұсынған жөні түзу реформалардың барлығын іске асыруға табанды түрде кіріскен жас буын аса үлкен жетістіктерге жетеді. Мемлекет оларға жеңілдіктер мен көмектерін аямайды. Малайзияның қарқынды даму жолына түсіп, әлемдік саяси, экономикалық аренаға енуі осы жылдардан бастау алған. Осының бәрі білікті жас буынның арқасында жүзеге асқан.

Мен соңғы кезде біздің «Болашақпен»де, өздігінен де  шетелде оқып келген жастардың біразының  түңіле бастағанын байқып жүрмін. Көпшілігі қайтадан кері кетіп қалып та жатыр. Жас маман үшін ең ауыр нәрсе бойындағы білімі мен қабілетін дер кезінде жарата алмауы. Шетелде оқып келіп, еліне келіп орын таба алмауы. Тәуелсіздік алғалы бері біздің елде 12 000 азамат шетелде білім алыпты. Сол азаматтардың ішінде елге бренд енгізгендері әлі аталмай жатыр. Олардың көпшілігі әлемнің экономикасы озық, азулы елдерінде оқып келді. Олардың арасында мықты саясаткерлер мен экономистер, қаржы секторларының мамандары да бар.

Ал енді, біздің осындай жоғары потенциалды жастарымыз бола тұра ұлттық экономикамызға қан жүрудің орнына тамырына сары су жайлап кетті. Соңғы кезде елдің экономикалық жағдайы қандай болып жатқанын сіздер көоріп ртырсыздар. Елдің экономикалық жағдайы қалтырап, дірілдеп, өзін өзі әупірімдеп сүйреп келе жатыр. Мұның бәрі дәл қазіргі өкімет жасаған реформалар да, басқару жүйесы де дұрыс еместігінен, жемқорлар мен көш бастай алмайтын кәрілердің жабысып бір орында 30 жыл бойы отырғанынан туындап отыр. Біздің жоғарыдағы кәрілер дәл осы потенциалы жоғары жас буынға мүмкіндік бермей, бағын байлауда.

Біздің алдымыздағы буынның да бағын байлап, қартайтып тастады. Осылай жалғаса берсе, жас буынның потенциалын пайдалана алмай, жұтылып кетуіміз де мүмкін. Қазақ баласының елдегі ұлттық компаниялардың акционерлері болатын күн келді. Біздің осы уақытқа дейін жоғалтқанымызды жаңа, заманауи қалыптасқан жастар ғана қайтара алады.  Себебі, Сингапурде де, Малайзияда да елдің маңызды секторларына сол кездегі жүйенің жұмыс жасап тұрғанына қарамастан Махатхир Мохамад, Ли Куан Ю сияқты реформаторлар білікті жастарды алып келіп қана өзгеріс жасай білген. Біз де білікті жастарды биліктің тармағына көптеп алып келмесек, біз кешігіп барамыз.  

"Адырна" ұлттық порталы 

0 пікір
Мұрағат