Баласын асыраудан қашатындар 2 жылға дейін сотталуы мүмкін
Баласын асыраудан қашатындар 2 жылға дейін сотталуы мүмкін
1 сағат бұрын 33 aikyn.kz 24.kz

Шымкент қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қадағалау органының мәліметінше, сот актілерінің орындалуын қамтамасыз ету аясында алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты бірқатар шара қабылданған.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 119 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олардың 81-іне әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар, балаларын асырау міндетін орындамаған азаматтарға қатысты 29 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, оның 22 ісі сотқа жолданған.

Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 384 миллион теңге көлемінде алимент өндірілді.

Қала прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертті. Аталған бап бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Қазақстанда мемлекеттік алимент қоры құрылуы мүмкін

Мәжіліс депутаттары осындай бастама көтеріп отыр, деп хабарлады 24.kz 

Егер бала айлар бойы тиісті төлемді ала алмаса, онда оған қаражатты уақытша қор төлейді. 

Бұл қаржы бюджеттен тыс түсімдерден қаржыландырылуы мүмкін.

Төменгі палата депутаты Магеррам Магеррамовтың дерегінше, қазіргі таңда елдегі алимент бойынша берешек көлемі 18 миллиард теңгеге жетіпті. «Қарыз жыл санап өсіп келеді», - дейді халық қалаулысы. Сондықтан мәселені жүйелі түрде шешу қажет.

Әділет министрлігінің ақпарынша, өткен жылы 4824 борышкер әкімшілік, 380-і қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Қарызы бар тұлғаларға, заңмен қарастырылған барлық мәж-бүрлеп орындату шаралары қолданылып келеді. Жекелеген борышкерлер қаржылық мүмкіндіктері бола тұра, балаларына көмек беруден жалтарады. Мұнымен қоса, өз мүлкін жасыратындар да жиі кездеседі. 

Бибігүл Жексембай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: - Борышкерлер табысын жасырады, жалған жұмыссыздықты рәсімдейді, мүлікті үшінші тұлғалардың атына аударады. Соның салдарынан мемлекет борышкердің нақты қарызын жағдайын толық көре алмай отыр. Атқару жүйесі де бөлшектенген.

Алиментті өндіру тиімділігі артады

Енді Қазақстан азаматтары шетелде жүрсе де алимент төлеуден жалтара алмайды, деп хабарлады 24.kz 

Бұған дейін Қазақстан 17 мемлекетпен тиісті келісім жасасқан.  Олардың қатарында Қытай, Вьетнам, Түркия, Үндістан, БАӘ, Иран және тағы басқа елдер бар. Енді бұл тізімге ТМД елдері де қосылып отыр.

Жаңа келісімге сәйкес, егер борышкер осы мемлекеттердің бірінде жүрсе, Қазақстан сотының алимент өндіру туралы шешімі сол елдерде де орындалады.

Өткен аптада сенаторлар мемлекеттер арасындағы алимент өндіруді жеңілдететін құқықтық көмек жөніндегі халықаралық конвенцияларға енгізілген өзгерістерді мақұлдады.

Енді сот бұйрықтары қосымша рәсімдерсіз танылып, орындалады.

Евгений Больгерт, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: -  Конвенция ережелері тек сот шешімдеріне ғана емес, сот бұйрықтарына да қолданылады. Сот бұйрығы – сот актісінің жеңілдетілген түрі, ол алимент өндіру кезінде де пайдаланылады. Бұл кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын жедел қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, басқа мемлекеттердің аумағында шығарылған және мәжбүрлеп орындатуға жататын шешімдер тізбесі сот бұйрықтарын қосу арқылы кеңейтіледі.

Қазақстандық балаларға шетелдегі алимент төлеушілер шамамен 47 миллион теңге қарыз.

Әділет вице-министрі Даниэль Ваисовтың айтуынша, қазіргі таңда мұндай борыштарды өндіру бойынша 106 атқарушылық іс тіркелген. Олардың арасында Ресей, Өзбекстан, Украина, Әзербайжан, Беларусь және Қырғызстанда тұратын азаматтар бар.

Министрлік барлық жағдайлар уәкілетті органдардың бақылауында екенін мәлімдеді.

Дәниел Ваисов, ҚР Әділет вице-министрі: -  2025 жылғы 1 шілдеден бастап атқарушылық іс жүргізу тараптарының кабинетінде «цифрлық ассистент» модулі іске қосылды. Қазіргі уақытта борышкерлерді іздеу үшін деректер базаларын Бас прокуратураның ақпараттық жүйесімен интеграциялау мәселесі қарастырылып жатыр. ТМД елдерінің аумағында бұл мәселелер сол елдердің заңнамасымен реттеледі.

Әлемде алимент өндіру тәжірибесі қалай жүзеге асады?

Алимент – жаһан бойынша өзекті мәселе. Бұл туралы  24.kz ақпарат көзі сәлім етеді.

Әлемде борышкерлерге сан түрлі жаза қарастырылған. 

Баласының алдындағы міндетінен жалтарғандар мен тәртіпке бағынбайтындарды заң қалай реттейді? Шаңырағы шайқалған отбасылар қай елде көп?  АҚШ-та балаға алимент 21 жасқа толғанша төленеді. Оны өтеу тәртібі мемлекеттік деңгейде анықталмағанмен әр штаттың заңында бекітілген. Мысалы, Нью-Йоркта алдымен ата-ананың табысы біріктіріліп, қажеттіліктерге қарай тең бөлінеді. Бір балаға жалпы табыстың 17%-ы, екі бала болса 25, ал үшеу болса 29%-ы төленеді. Баладан бөлек тұратын анасы не әкесі айлық табысы жұбайынан асып кетсе, қажетті соманың 60%-ын аударуы міндетті. Ал баланың мүгедектігі болған жағдайда борышкер қаржылық көмекті 26 жасына дейін көрсетеді. 

Оңтүстік Корея

Оңтүстік Кореяда заң мен тәртіп қатал. Алимент төлеуден жалтарғандар бір жылға дейін қамауға алынуы мүмкін. Тағы 8 мың доллар шамасында айыппұл салу қарастырылған. Сондай-ақ борышкерлерге шекара асып кетуге тыйым салынады. Ел бойынша міндетінен жалтарып жүрген ата-аналар туралы деректер арнайы веб сайттарға жарияланады. Борышкердің жеке бас дерегі тек қарызын толық өтеген жағдайда немесе өмірден озып, банкрот болса, сондай-ақ із-түссіз жоғалып кетсе ғана өшіріледі. 

Түркия

Түркияда көмекақы баладан бөлек, анасына да төленеді. Өйткені, ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесінің жауапкершілігіне қалдырады. Елде отбасын асырау міндеті әкеге жүктелген. Түркия азаматтары айына 100 бен 1000 доллар аралығында алимент төлейді. Ал жұбайлары заң бойынша екінші рет тұрмыс құрғанша қаржылай қолдау алып отырады. 

Қытай

Қытайда некені бұзу туралы заңға өзгерістер енгізілді. Енді ажырасу кезінде ер адамдар мүлікті тең бөлісуге міндеттелмейді. Билік бұл шешімді елде ажырасқандардың қарасы көбеюімен және туу көрсеткішінің төмендеуімен байланыстырды. Кейінгі жылдары некені бұзу туралы өтініштің шамамен 70%-ын әйелдер берген. Қазір қоғам пікірі екіге жарылып отыр. Бірі жаңа заң отбасының береке-бірлігін арттыруға көмектеседі десе, енді бірі оны гендерлік теңсіздікке балап, әйелдердің құқығын шектеу деп отыр.   

Франция

Францияда жауапкершіліктен жалтарған ата-аналар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Одан бөлек, 15 мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Заңға сәйкес борышкер тұрғылықты мекенжайы немесе қаржылық жағдайы өзгерсе, тиісті органдарға хабарлауы қажет. Уақытылы ескертпеген ата-аналар 6 айға дейін темір торға қамалады. Қазір Францияда алиментке арналған бірыңғай платформа жұмыс істеп тұр. Арнайы агенттік берешекті жинап, алимент алушыларға жолдап отырады.  

Авторы: Нұрбике Жігер

 

0 пікір
Мұрағат