|
Кәмелетке толмаған жолаушылардың жеке ұшуы: FlyArystan рейстеріндегі ережелер
|
Демалыс маусымы, туыстарға қонаққа бару, спорттық жарыстарға қатысу немесе басқа қалада білім алу – балалардың өз бетінше сапарға шығуына түрлі себеп болуы мүмкін. Осындай жағдайда ата-аналарды жиі толғандыратын сұрақтың бірі – кәмелетке толмаған бала ересектердің еріп жүруінсіз ұша ала ма?
Бұл мақалада FlyArystan рейстерімен балалардың қай жастан бастап өздігінен саяхаттай алатынын, қандай жағдайда «Жетелеушісі жоқ балалар» қызметін рәсімдеу қажет екенін және сапар алдында нені ескеру маңызды екені туралы бөлісеміз.
16 жастан асқан жасөспірімдер өздігінен саяхаттай алады
16 мен 18 жас аралығындағы жолаушылар FlyArystan рейстеріне әуебилетті өз бетінше сатып алып, ересектердің жетелеуінсіз ұша алады.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескерген жөн. «Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларының» 26-тармағына сәйкес, 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 36-бабының 5-тармағы негізінде еріп жүретін адамы жоқ кәмелетке толмаған жолаушылар сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін (жөнелту пунктінің жергілікті уақыты бойынша) тасымалдауға қабылданбайды.
Сондықтан ата-аналар сапарды жоспарлау кезінде рейстің күніне ғана емес, ұшу уақытына да назар аударғаны жөн.
Бала 16 жасқа толмаған болса не істеу керек?
6 жастан 15 жасқа дейінгі (қоса алғанда) балалар ата-анасының немесе заңды өкілінің жетелеуінсіз саяхаттайтын болса, олар үшін «Жетелеушісі жоқ балалар» қызметі қарастырылған.
Бұл қызмет аясында балаға әуекомпания қызметкерлері сапардың барлық кезеңінде бақылау жасап, қолдау көрсетеді. Яғни бала тіркеуден өткен сәттен бастап, межелі әуежайда қарсы алушы адамға тапсырылғанға дейін FlyArystan қызметкерлерінің бақылауында болады.
Қызмет FlyArystan әуекомпаниясының ішкі және халықаралық тікелей рейстерінде қолжетімді.
Қызметті қалай рәсімдеуге болады?
Қызметті ұшуға кемінде 24 сағат қалғанда рәсімдеу қажет. Ол үшін әуекомпанияның байланыс орталығына +7 727 331 10 10 нөмірі арқылы хабарласу керек.
Қызмет расталғаннан кейін ата-анасынан немесе заңды өкілдерінен арнайы құжаттарды толтыру талап етіледі. Онда баланы ұшу әуежайына шығарып салатын және келген әуежайдан қарсы алатын адамдардың мәліметтері көрсетіледі.
Брондау кезінде көрсетілген электрондық поштаға толық нұсқаулық пен өтініш формасына сілтеме жіберіледі. Ұшу алдында толтырылған құжаттарды 4 данада басып шығару қажет.
Қызмет құны ішкі рейстерде 9 500 теңгені құрайды және әуебилетінің құнынан бөлек төленеді. Халықаралық бағыттар бойынша қызметтің өзекті құны мен қолжетімділігі туралы ақпаратты FlyArystan әуекомпаниясының ресми сайтынан білуге болады.
Басқа платформаларда қызметті рәсімдеу тәртібі өзгеше болуы мүмкін.
Ұшу қалай жүзеге асырылады?
Ұшу күні баланы әуежайға алдын ала, яғни рейс ұшатын уақыттан кемінде екі сағат бұрын алып келу қажет.
Тіркеу бағанында әуекомпания қызметкерлері қажетті құжаттарды рәсімдеп, баланы рейске тіркейді. Баланы әуекомпания өкіліне немесе оны отырғызу аймағына дейін алып жүретін уәкілетті қызметкерге ресми түрде тапсырғанға дейінгі жауапкершілік шығарып салушы тұлғалар тарапында болады. Сондықтан жауапты тұлғалар әуекомпания қызметкеріне тапсырғанға дейін баламен әуежайда бірге болуы тиіс. Баланың өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттар: баланың жасына және бағыттың талаптарына байланысты туу туралы куәлігі, жеке куәлігі немесе төлқұжаты болуы тиіс.
Ұшақ бортында бортсеріктер балаға қол жүгін орналастыруға көмектесіп, ұшу барысында қажетті қолдау көрсетеді. Қосымша қауіпсіздік шаралары аясында жетелеушісіз ұшатын балаға арналған орынды әуекомпания белгілейді. Әдетте бала соңғы қатарға, әйел жолаушының жанына орналастырылады. Осыған байланысты бұл санаттағы жолаушылар үшін орынды таңдау қызметі қолжетімсіз.
Межелі әуежайға қонғаннан кейін баланы әуежайдың қызмет көрсетуші компаниясының қызметкерлері қарсы алады. Олар қажет болған жағдайда жүкті алуға көмектесіп, баланы қарсы алушы тұлғаға дейін алып барады.
Баланы қарсы алушыға тапсырар алдында оның жеке басын куәландыратын құжаттары алдын ала толтырылған ілеспе құжаттардағы мәліметтермен міндетті түрде сәйкестігіне тексеріледі.
Ата-аналар үшін ескеру маңызды
− Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 18 жасқа толмаған жолаушыларға заңды өкілінің еріп жүруінсіз түнгі рейстермен (23:00-ден 06:00-ге дейін) ұшуға рұқсат етілмейді.
− «Жетелеушісі жоқ балалар» қызметі тек тікелей рейстерде ұсынылады және оны рейс ұшардан кемінде 24 сағат бұрын рәсімдеу қажет.
− Ұшу күні баланы әуежайға рейс жөнелтілетін уақыттан кемінде 2 сағат бұрын алып келу ұсынылады. Бұл құжаттарды рәсімдеуге және барлық қажетті рәсімдерден уақытылы өтуге мүмкіндік береді. Жетелеушісі жоқ балалар үшін онлайн тіркеу қолжетімсіз болғандықтан, рейске тіркелу тек әуежайда жүзеге асырылады.
− Баланы әуежайға ата-анасының бірі немесе заңды қамқоршысы шығарып сала алады. Егер баланы үшінші тұлға ертіп келсе, ата-аналар тарапынан нотариалды куәландырылған сенімхат болуы міндетті.
− Қарсы алушы тұлға баланы уақытылы қарсы алу үшін әуежайға алдын ала келуі маңызды.
Бала өздігінен сапарға шығар алдында онымен қысқаша нұсқаулық жүргізген жөн. Ата-аналар балаға әуежайда немесе ұшақ бортында көмек қажет болған жағдайда кімге жүгінуге болатынын, әуекомпания қызметкерлерінің нұсқауларын мұқият орындаудың маңыздылығын, сондай-ақ ересектердің сүйемелдеуінсіз ұшақтан немесе күту аймағынан кетуге болмайтынын түсіндіргені дұрыс.
Баланың өз бетінше саяхаттауы белгілі бір дайындықты қажет етеді. Дегенмен барлық талаптар сақталып, қажетті құжаттар мен қызметтер алдын ала рәсімделсе, сапар жас жолаушы үшін де, оның ата-анасы үшін де жайлы, қауіпсіз және алаңсыз өтеді.