Ақтөбедегі қиыршық тас зауыты маңындағы ауылда демікпе дерті ушығып тұр (ФОТО)
Ақтөбедегі қиыршық тас зауыты маңындағы ауылда демікпе дерті ушығып тұр (ФОТО)
8 жыл бұрын 4700 Bnews.kz А.САҒЫНДЫҚОВА

Ақтөбе облыс, Шалқар ауданына қарасты Бершүгір қиыршық тас зауыты маңындағы ауыл малының өкпе-бауыры іріп кеткен. Ал ауыл тұрғындары аллергияға шалдығып, арты демікпе дертіне ұласқан. 

Бершүгір ауылы Ақтөбе облысының Шалқар ауданына қарайды. Бершүгір селолық округінде 4 елді мекен бар. Ондағы 400-ге жуық үйде 2 мыңнан астам халық тұрады. Халықтың басым бөлігі теміржол саласында, қиыршық тас зауыттарында жұмыс істейді. Мұнда жыл өткен сайын құрылыс пен өндіріске қажетті тас өндіретін зауыт қатары артып келеді. Бүгінде олардың саны 9-ға жетті. Өндіріс адамға жұмыс беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтергенімен, денсаулығын тоздыра бастады. Қазір бұл ауылдың балалары 4 жасынан бастап демікпе дертіне шалдығып жатыр.

«Адамдар арасында аллергиялық аурулар көбейіп барады. Тіпті, мал сойған кезде олардың өкпе, бауырлары жеуге жарамайды. Балаларға қиын. Ауылдың экологиялық мәселесін аудан әкімі Бауыржан Қаниев біледі. Алдын алу шараларын қолға алу үшін жұмыстар жүріп жатыр», - дейді Біршоғыр селолық округінің әкімі Мереке Бисенбин.

Бұл ауылдың халқы шаң-тозаңның ортасында өмір сүріп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары аллергияға шалдығып, жаз айларында тыныс алуға қиналатын ересектер ғана емес, балалардың қатары да артып келеді. Ауылдағы тұрғындардың 50-ден астамы аллергия дертіне шалдықса, 20-сы тіркеуде тұр. Олар алдымен аллергиямен ауырып, кейін демікпеге ұласып кеткен.

«Демікпе дертіне шалдыққандар арасында балалар да бар. Мәселен, мен қарайтын Аяжан есімді қыз 4 жасынан бастап аллергияға шалдығып, қазір демікпеге ұласып кетті. Оларға система құйып, дәрі береміз. Ал аллергияға шалдыққандарды Ақтөбе қаласына жібереміз. Өңірде тек бір ғана емдеу орнында аллергияға шалдыққандарды тексеріп, емдейді. Кешкілік тау басына шыққан адамдар ауыл шаңның ортасында тұрғанын айтады. Біз адам денсаулығы үшін алаңдаймыз»,- дейді Ақтоғай дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Гүлнәр Әбішов.

Еске салсақ, Біршоғыр ауылында қазір 9 қиыршық тас зауыты бар. Кеше ғана жылына 2,5 миллион тонна тас өндіретін Біршоғыр шағылтас зауытының технологиясы жаңартылып, қайта іске қосылды.

0 пікір
Мұрағат