Ясауи шежіресі мен мөрі табылды. Оны 98 жастағы қария сақтаған (фото)
Ясауи шежіресі мен мөрі табылды. Оны 98 жастағы қария сақтаған (фото)
3 жыл бұрын 2751 Сымбат Сатыбалдина

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған "Ясауи ізімен" ғылыми-экспедициясы аясында Өзбекстан Республикасының Наманган қаласынан Түркі әлемінде ислам дінінің кең таралуына ерекше леп беріп, сопылық негіздерінің дәнін еккен әйгілі Қожа Ахмет Ясауи шежіресінің бір нұсқасы мен ислам әлеміне әйгілі он бір шайықтың есімі жазылған мөр табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ахмет Ясауидің өміріне қатысты құнды мұралар тұратын Ясауидің ұрпағы, ғұлама ғалым Шарифхужаев Ибрахимжан қажының қолында сақталған. 98 жастағы Ибрахимжан ақсақал Түркістан қаласының тумасы. Ахмет Ясауи кесенесінің жанында өмір сүріпті. Діни сенімдерге қарсы атеистік көзқарас дендеген кезеңде Түркістан қаласынан да көптеген тақуа жан қудалауға түсіп, кітаптары өртеліп, қиын кезеңдерді бастан өткереді.

"Бұл зобалаң Ахмет Ясауи ұрпақтарына қатты соққы болған. Сол себепті, әкесінен ерте айрылған Икрамжан қария 10 жасында анасы екеуі бас сауғалап Наманганға тығылыпты. Ата-балаларынан ұрпақтан-ұрпаққа жеткен Насабнама мен мөрді сақтап қалу үшін Наманган жерінде де көп қиындықтар көрдік", - деп еске алды қария. 

Ибрахимжан қажының сөзінше, қараңғы сәттерде жасырынып жүріп, арық-атыздар мен елеусіз жерлерге көмген кездер болған екен. 

"Әкем Түркістанда жерленді. Ал анам Наманганда жатыр. Бізге бұл жақта да оңай болған жоқ. Атадан-балаға мұра боп келе жатқан аманатты сақтап қалу анам екеуміздің басты парызымыз болды. Қараңғы сәттерде жасырынып жүріп, арық-атыздар мен елеусіз жерлерге көмдік. Жер астында көп жатқандықтан Насабнаманың кейбір жерлерінің бояуы өзгеріп, шіри бастады. Көзімнің тірісінде бұл аманатты бабам жатқан жерге табыстауды армандап жүрген едім",-деді Ибрахимжан қажы.

Наманганнан табылған Насабнама нұсқасы шағатай тілінде жазылған. Ұзындығы - 2,5 метр. Мұраның қай ғасырға жататыны әзірше белгісіз. Алдағы уақытта "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тарапынан Насабнама да жазылған деректерге қатысты толыққанды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Наманган ғана емес бүкіл республика жұртының құрметіне бөленген ғұлама ғалым Ибрахимжан ақсақалдың сегіз ұл, үш қызынан тараған ұрпақ үлкен әулетке айналған.

"Ұл-қыздарым Қожа Ахмет Ясауи ұрпақтарынан болғандығын қуанышпен айтады. Үлкен ұлым діни ілімді меңгеріп, зерттеу жұмыстары бойынша менің жолымды жалғастырды",- дейді қария.

Икрамжан қажы өз үйінің бір бөлмесінен Қожа Ахмет Ясауи мен Түркістанға арнап шағын мұражай ашыпты. Мұражайға Ясауидің шежіресіне қатысты Насабнаманың көшірмесі мен мөрін және Түркістанға қатысты суреттер мен кітаптар қойған.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру", "Ұлы Даланың жеті қыры" бағдарламалық мақалалары аясында Қожа Ахмет Ясауиге қатысты деректер мен мұраларды жан-жақты зерттеу, іздеу, ұрпаққа аманаттау мақсатында қолға алынған "Ясауи ізімен" ғылыми-экспедициялық жобасы Ташкент қаласында жалғасады. 

0 пікір
Мұрағат