Италияда ежелгі қамалдар сатылып жатыр
Италияда ежелгі қамалдар сатылып жатыр
9 жыл бұрын 3274

BAQ.KZ ақпарат көзінің хаабарлауынша Италияда тарихи жәдігерлердің қожайындары 70-ке жуық нысанды саудаға шығарған.  Олардың арасында тарихта із қалдырған әйгілі Данте шығармаларында аталатын иеліктер де бар. Италиялықтар ата-бабаларынан қалған мұрасын неліктен сатуға мәжбүр? Тосканадағы ежелгі қамал Флоренциядағы ең құдіретті әулет болып саналатын әйгілі Медичилердің иелігінде болған. 800 жылдық тарихы, жүзімдіктер мен зәйтүн шоқтары бар бұл қожалық – баға жетпес мұра. Алайда, мұрагерлер осы қамалды сатуға мәжбүр. Италияда жылжымайтын мүлікті иелену қымбатқа түсетін болды. Дағдарыстың салдарынан 2011 жылы үкімет мүлік салығын арттырып, ата-бабасынан бері қамалға иелік етіп келгендер әдеттегіден 20, тіпті, 30 есе көп салық төлейтіндіктен осындай қадамға барған көрінеді.  

Дмитри Корти, риелторлық компанияның бас директоры:

- Қызмет етушілер саны көп және иелікте ұстауы қымбатқа түсетін жылжымайтын мүлік болады. Сол себептен, оны сатып, қажетіне лайық өзге мүлік сатып алған тиімді. Әрине, оның ауданы мыңдаған шаршы метр болмайды.

Иелігін сатуға ұсынғандардың бірі – Стефано Маджини. Қараусыз қалып, әбден тозған, XI ғасырда салынған монастырьды оған сыйға тартыпты. Осында көшпек болған кәсіпкер ескі ғимаратты алты жыл бойы жөндеп, қалпына келтірді. Алайда, жағдай өзгеріп, дағдарыстың кесірінен мүлкін сатуға мәжбүр болып отыр. Екі жылдың ішінде қожалығын көруге әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған адам келген. Олардың арасында отандастарымыз да бар.

Стефано Маджини, кәсіпкер:

- Жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін бірден қожалықты саудаға шығардық. Бүкіл әлемнен түрлі адам келді. Алғашында Ресейден келетіндердің қарасы көп болды, сосын америкалықтар, араб елдерінен және Умбрия мен Тоскананың сәулетін ұнататын Солтүстік Еуропа елдерінен, атап айтқанда, Норвегия, Голландия, Ұлыбританиядан келетін болды. Қытай жағынан да қызығушылық танытқандар бар.

Риелторлардың мәліметінше, тарихи құндылығы бар жылжымайтын мүлікті сатып алушылардың жартысы – Ресей мен кезінде Кеңес Одағының құрамына кірген елдердің тұрғындары. Олар әдемі жерде орналасқан қамал үшін 6 миллионнан 40 миллион еуроға дейін төлеуге дайын. Ата-бабалар мұрасын жоғары бағалайтын италиялықтарға да өз мүліктерін сату оңай емес. Қожалықтарын сақтап қалу үшін ескі қамалдарды қымбат қонақ үйлерге айналдырады. Бірақ, соңғы кезде келушілер саны азайғандықтан, сатудан басқа амалы қалмай отыр.

0 пікір
Мұрағат