Қазақстанда тұңғыш рет мәйіттің бүйрегін балаға салды
Қазақстанда тұңғыш рет мәйіттің бүйрегін балаға салды
9 жыл бұрын 4056

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-мен қолдауларымен «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ-да ақпан айының 21 күні 17 жасар балаға мәйіттен бүйрек алмастырылды.

Бүйрегі ауыстырылған жеткіншек Қостанай қаласының тұрғыны. Ол соңғы 6 жылдан бері Орталықтың нефрология және диализ бөлімшесінде «созылмалы бүйрек жетіспеушілігі» деген ауру бойынша тіркеліп келген. 
Ақпан айының 20-сы күні Степногорск қаласындағы емханалардың бірінде 29 жастағы азаматта клиникалық өлім тіркеліп, Республикалық трансплантация координациялық орталығы мүше трансплантациясын жасауға шешім шығарған. Осыдан кейін, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның үш еншілес ұйымы: «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы» АҚ, «Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы» АҚ мен «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ мамандары Степногорск қаласына барып бүйректі елордаға жеткізген. 
Қазіргі уақытта баланың жағдайы бірқалыпты, ол Орталықтың жансақтау бөлімінен «Ана мен бала» ҰҒО-ның Бүйрек орталығына ауыстырылып, науқаста тиісті терапия жасалып жатыр. 
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты елдің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту болып табылады. Қазіргі таңда елімізде аталған жобаны жүзеге асыру үшін түрлі жұмыстар атқарылып келеді. Соңғы уақытта елімізде отандық трансплантология саласын дамытуда белсенді жұмыстар атқарылып келеді. Оған дәлел ретінде жыл сайын жасалатын мүше трансплантациясы көлемінің артуын айтуға болады.

0 пікір
Мұрағат