Ойламаған жерден ашылған жаңалық сусамыр дертін емдеуде төңкеріс жасайды
Ойламаған жерден ашылған жаңалық сусамыр дертін емдеуде төңкеріс жасайды
4 жыл бұрын 9908 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар жасушалардың инсулинге сезімталдығы мен қан құрамындағы қанттың деңгейін электромагникттік поляның көмегімен басқаруды үйренді. Аталмыш технология өз кезегінде сусамыр дертін емдеуде төңкеріс жасауға қауқарлы. Бұл жайында islam.kz ақпарат көзі Cell Metabolism мерзімді басылымында жарияланған осы тақырыптағы зерттеу материалына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Айова университетінен шыққан Кэлвин Картер (Calvin Carter) қант диабетін қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін пульт жасағандарын жария етті. Бұл жаңалықтың ойламаған жерден ашылғанын айта кету керек. Былайша айтқанда, сәті түскен кездейсоқтық деуге келеді. Сусамырды зерттеу үшін гені модификацияланған тышқанның генін ғалымдар оның жасушаларының инсулинге сезімталдығын азайтатындай етіп өзгерткен болатын. Алайда, Кэлвин Картер бұл кеміргіштерді өзге мақсатта пайдаланды. Дәлірегі, ол электромагниттік поляның жануарлардың мінез-құлқы мен миына әсерін зерделеген еді. Осы зерттеу кезінде аталмыш жоғарғы оқу орнының аспиранты Санни Хуан (Sunny Huang) тәжірибеден өтуге келген болатын. Ол қан құрамындағы қанттың деңгейін анықтауға дағланды. Кэлвин Картер оған өзі тәжірибе жүргізіп жүрген тышқандарды ұсынады. Таңқаларлығы, тышқандардың қан құрамындағы қант мөлшері қалыпты деңгейде болып шыққан. Артынан Санни Хуан бұл жайтты былайша еске алған екен: әдетте бұл тышқандардың қан құрамындағы қант мөлшері жоғары болатын әрі екінші типтегі сусамыр дертіне шалдыққан тышқандар болатын. Алайда, электромагникттік поляның әсеріне ұшыраған барлық кеміргіштің қан құрамындағы қант мөлшері қалыпты деңгейге түскен. Мұның сыры неде? Ғалымдар дереу мұның құпиясын білуге асығып, тәжірибеге кіріседі: электрлік және магниттік поляның белгілі бір комбинациясының әсерінен тышқан жасушаларының инсулинге сезімталдығы мен қан құрамындағы қант мөлшері де қалыпты деңгейге түскен. Артынан ғалымдар мұндай жетістікке жету үшін екінші типтегі сусамыр дертіне шалдыққан тышқандарды электрлік және магниттік поляның әсеріне тәулігіне бірнеше сағат ұшыратуы тиістігіне көз жеткізген. Тәжірибе ретінде қолға алынған мұндай емдеудің тиімділігі үш күннен соң білінген. Ең бастысы, ғалымдар мұндай терапияның кері немесе теріс әсерінің байқалмағанын алға тартып отыр. Өйткені, әлсіз электрлік және магниттік поляның әсері тірі организмдер үшін бұрыннан қауіпсіз саналып келеді. Сонымен... ең басты сауалға жауап әлі берілген жоқ: электрлік және магниттік поля сусамыр симптомын қалай жояды? Артынан ғалымдар мұның жауабын да тапты: екінші типтегі диабеттің дамуында супероксид деп аталатынның маңызды рөл атқаратынын айта кету керек – екі ерекшелігі бар O2 оттегінің кәдімгі молекуласы. Біріншіден, оның қосымша электроны бар, сол себепті де молекула теріс зарядқа ие болып, O2 ионына айналады. Екіншіден, оның электрондарының бірінің жұбы болмайды. Осыдан барып супероксид немен жанасса да барлығын тотықтандыратын белсенді зат болып келеді. Бұл қосынды – жасушадағы тотығу стресінің негізгі себептерінің бірі. Екінші типтегі сусамыр дерті кезінде бауыр жасушасында супероксидтің көп мөлшері қалыптасады. Бұл өз кезегінде аталмыш ағзаның инсулинге лайықты жауап қатуына бөгет жасайды. Ғалымдардың топшылауынша, супероксид молекулалары электрлік және магниттік поляның әсеріне сезімтал келеді – зиянды затқа әсер ете отырып, оның әрекетін бұғаттайды. Тәжірибе жүргізушілер растағандай, электрлік және магниттік поляның әсері жасушадағы тотықтандыру-қалпына келтіру cаласының маңызды көрсеткішін (глутатион мен оның дисульфидінің арақатынасын) жақсартады. Ғалымдар бұл бағытта тышқанның бауыр жасушасындағы супероксид мөлшерін жасанды жолмен азайту арқылы салмақты айғаққа қол жеткізді. Кеміргіштің қан құрамындағы қант деңгейі электрлік және магниттік поля әсеріне ұшырамады. Кэлвин Картер осы орайда бауырдан супероксид молекулаларын жою арқылы электрлік және магниттік поляның қан құрамындағы қант деңгейіне және жасушаның инсулинге сезімталдығын бұғаттауға болатынын алға тартты. Бұл нені білдіреді? Бұл супероксидтің осынау процесте маңызды рөл атқаратынын білдіреді. Ғалымдар тек тышқанмен шектеліп қалмай, адам бауырының жасушаларына да пробиркіде тәжірибе жүргізіп көрген екен. Бұл жасушалардың инсулинге сезімталдығы жасанды жолмен азайтылады. Электрлік және магниттік поляның алты сағатқа созылған әсері бұл көрсеткішті айтарлықтай жақсартқан еді. Ғалымдар ендігі жерде өздерінің бұл жаңалығы алдағы уақытта екінші типтегі диабетті емдеудің негізгі тәсіліне айналатынына сенім білдіріп отыр.Науқастың төсегінің жанына таймер орнатылған шағын приборды қойып, пациент ұйқыға кетер алдында қосып қоюды ұсынып отыр. Науқас ұйқда жатып электрлік және магниттік поляның шипалық әсеріне ұшырайтын болады.

Фото: Susan McClellen, University of Iowa Health Care

Ұқсас материалдар:

«Екінші типтегі сусамыр мен бауыр фиброзын «істен шығаратын» тетік табылды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/gylym/ekinshi-tiptegi-susamyr-men-bauyr-fibrozyn-isten-shygaratyn-tetik-tabyldy-14233/#gsc.tab=0)

«Жалғыздық пен сусамыр арасында байланыс бары анықталды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/gylym/jalgyzdyq-pen-susamyr-arasynda-bailanys-bary-anyqtaldy-14148/#gsc.tab=0)

«Қан қысымы мен сусамыр ми құрылымын өзгертеді»

(сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/gylym/qan-qysymy-men-susamyr-mi-qurylymyn-ozgertedi-14102/#gsc.tab=0)

0 пікір
Мұрағат