Электр энергиясын өндіретін өсімдік табылды
Электр энергиясын өндіретін өсімдік табылды
34 минут бұрын 14 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Ғалымдар өсімдікті электр энергиясын өндіруге мәжбүрлей алатын ерекше технологияны ойлап тапты. Бұл жайында islam.kz порталы Plants, People, Planet мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Санта-Круздегі Калифорния университетінің (UC Santa Cruz) зерттеушілері  опунция кактусының көмегімен электр энергиясын алудың жолын тапты. Бірегей әдіс өсімдіктің фотосинтезінің ерекшелігіне негізделген, соның арқасында оның жасыл бұтақтары органикалық күн батареялары сияқты әрекет етіп, аз мөлшерде энергия өндіре алады. Бұл бағыттағы зерттеу Майкл Лойк есімді профессор мен аталған университет түлегі Чарли Чеснидің жетекшілігімен жүргізілді. Олар құрғақшылық кезінде өсімдікке суды үнемдеуге мүмкіндік беретін опунцияға тән CAM фотосинтезінің механизмін пайдаланды. Мұндай тетік, сондай-ақ, алоэ, ананас және питахайяда кездеседі. Мұндай өсімдіктер көмірқышқыл газын көбінесе түнде, салқын және ылғал шығыны аз кезде сіңіреді. Түнде өсімдік алма қышқылы түріндегі көмірқышқыл газын жинайды, ал күндіз оны фотосинтез үшін пайдаланады. Ғалымдар кактустың жарық түскен және көлеңкедегі бөліктерінің қышқыл айырмашылығы электр кернеуін тудыратынын анықтады. Оны алу үшін өсімдікке арнайы сымды электрод енгізді. Тәжірибе барысында кактустың бір сабағы 0,5 вольтқа дейін өндірген, ал біріктірілген сегізі үш AA батареясы сияқты 4,5 вольт кернеуді қамтамасыз етті. Ғалымдар бұл технологияны егістер мен қоршаған ортаның жай-күйін бақылайтын қуаты аз ауыл шаруашылығы датчиктері үшін әлеуетті энергия көзі ретінде қарастырады. Бұдан басқа, тәулік ішіндегі кернеудің өзгеруі өсімдік денсаулығының көрсеткіші ретінде қызмет етуі мүмкін, өйткені, өзгеріс фотосинтездің белсенділігін және кактустың сыртқы жағдайларға реакциясын көрсетеді. 

0 пікір
Мұрағат