|
Ресей мен Солтүстік Корея арасына жік түсті
|
Украина барлау қызметі келтірген дерекке қарағанда, Корей халық демократиялық республикасы ресейлік әскери-көлік ұшақтарына әуе кеңістігін жауып, KN-23 зымыранымен жабдықтауды тоқтатқан. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Украинаның қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасының мәліметіне жөн сілтеген Сursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Украинаның барлау қызметі хабарлағандай, Ресей мен Солтүстік Корея арасының ашылуына екі себеп бар. Біріншісі – Солтүстік Корея Кремлдің Оңтүстік Корея туралы мәлімдемесін теріс қабылдаған. Екіншісі – Солтүстік Кореяның Ресей жағында соғысып жатқан сарбаздарының майдан даласындағы шығыны артып кеткен. Екі елдің арасын автокөлік қатынасымен байланыстырған Тұманды шекаралық өзені арқылы өтетін көпір 2026 жылдың қыркүйек айында салтанатты түрде ашылды. Көпір одақтастар арасындағы әскери логистиканы жеделдетуі тиіс еді. Алайда, қазан айында екі елдің арасына от түсті. Бұған Ресей федерациясы сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденконың мәлімдемесі себеп болды. Оның айтуынша, Кремл алдағы уақытта Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы шиеленісті төмендетуге көмектеседі. КХДР СІМ басшысы Чхве Сон Хи қазан айының соңында мұндай әрекет одақтастық келісімдерге қайшы келетінін мәлімдеді. Украиналық барлау қызметінің мәліметінше, Ким Чен Ынның Мәскеуге қарсы жауабы үш бағытты қамтиды. Ресейлік әскери-көлік ұшақтарына КХДР әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынды. KN-23 баллистикалық зымырандарды және артиллериялық оқ-дәрілердің кезекті партиясын жеткізу тоқтатылды. Бұдан басқа, Пхеньян Мәскеудің Ресейдегі Солтүстік Корея контингентін ұлғайту туралы өтінішін қарауды кейінге қалдырды. Бұл арада Украинаға қарсы кореялық 8,5 мыңнан 50 мыңға дейін әскери контингент турасында сөз болып отыр. Солт. Кореяның Ресейге әскери көмегін тоқтатуға себеп болған дипломатиялық жанжалдан бөлек, Солтүстік Кореяның майдан даласындағы шығыны артып кеткен – бір ғана Курск облысында 7058 сарбазынан айырылған. Олардың 2251-і майдан даласында қаза тапқан. Қалғаны – укоаиналықтарға тұтқынға түсіп, енді бір бөлігі хабар-ошарсыз кеткен. Осыған қарамастан, Солтүстік Корея күштерінің бір бөлігі бұрынғысынша Ресейде жүр. Украина барлау қызметінің мәліметінше, КХДР арнайы операциялар күштерінің 11-корпусы бөлімшелері Курск облысында Ресей жағында соғысуда. Жаз мезгілінен бастап Воронеж облысында КХДР құрған жиынтық зымыран бөлімшесі орналасқан.