Адам ішегінен 140 мың вирус түрі табылды
Адам ішегінен 140 мың вирус түрі табылды
3 жыл бұрын 2257 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Британдық генетиктер адам ішегіндегі микробиомның әр алуандылығын қамтитын ауқымды зерделеу жұмыстарын аяқтағанын хабарлады. Бұл жайында islam.kz порталы аталмыш зерттеу материалы жарияланған Cell мерзімді басылымына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Ғалымдардың бұл бағыттағы табандылығы мен жанкештілігінің нәтижесінде адам ішегінде 140 мыңға тарта вирус түрі бары анықталды. Бұл вирустардың жартысынан астамы бұрын зерттелмеген болатын. Адам ішегі тұнып тұрған өзінше бәр жеке-дара әлем десе болады, ондағы биологиялық әр алуандылықтың елестетудің өзі қиын. Онда бактериялардан бөлек бактерияға жұғатын, яғни, бактерияны инфекциялайтын, бактериофаг деп аталатын он мыңдаған вирус кездеседі. Өздеріңіз білетіндей, ішек микробиомындағы дисбаланс ішектің қабынуына, аллергияға және семіздікке әкеп соқтырады, алайда, бактериогафтардың адам денсаулығына әсері туралы дерек тым жұтаң. Сенгер жоғарғы оқу орны мен еуропалық биоинформатика институты (EMBL-EBI) ғалымдары жүргізген зерттеу әлемнің әр түкпірінде өмір сүретін адамдардан жиналған 28 мыңнан аса ішек микробиомының сараптамасын да қамтыған болатын. Метагеномика (организмдердің аралас қауымдастығының ДНҚ-сын секвенирлеу) деп аталатын тәсіл арқылы ғалымдар 142 809 вирус түрін анықтап, жіктеген болатын. Аталған зерттеуге атсалысқан Александра Алмейда (Alexandre Almeida) есімді дәрігердің айтуынша, вирустардың барлығы бірдей зиянды бола бермейді. Ең бастысы – адам ішегіндегі вирустардың адамның денсаулығына әсерін, өзара байланысын білу. Сол арқылы көптеген аурулардың алдын алуға немесе тиімді емдеу әдістерді табуға болады. Дәлірегі, ғалымның сөзіне қарағанда, белгілі болған вирустардың дені адамға қауіп төндірмейді, өйткені, олар ДНҚ-ны өзінің генетикалық материалы ретінде «таниды», яғни, жатсынбайды әрі SARS-CoV-2 немесе Зика вирусы секілді қатері көп РНҚ вирустарынан айрықшаланады. Бұған дәлел ретінде бұл вирустардың барлығы дені сау адамдардың ішегінен табылып отырғандығын алға тартты. Белгілі болған он мыңдаған вирустар арасында жаңа клады – яғни, тегі ортақ вирустар тобы  анықталды, оны ғалымдар «губафаг» деп атады. Аталмыш клад адам ішегіндегі көптігі жағынан екінші орыннан көрінген, яғни, бірінші тобы 2014 жылы табылған crAssphage бактериофагынан кейінгі орында тұр. Бұл тараптағы зерттеуге жетекшілік еткен Требор Лоулидің (Trevor Lawley) айтуынша, бұлар адам денсаулығын реттеуде маңызды рөл ойнайтын баға жетпес ресурс көзі болып табылады. Осы орайда бактериофагтарға қатысты зерттеу қарқын алып келе жатқанын айта кетпекпіз.

0 пікір
Мұрағат