Заңгерлер «негізі адам» ұғымын енгізуді көздейді
Заңгерлер «негізі адам» ұғымын енгізуді көздейді
4 жыл бұрын 2778 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Стэнфорд университетінің биомедицина құқығы саласының сарапшылары жаңа биомедициналық технологияның, гендік инженерияның, жасанды жолмен өсірілген ағзаларды трансплатациялау тәжірибесінің пайда болуына байланысты заң саласына қатысты «адам» терминін одан ары кеңейтуді ұсынып, жаңа ұғымды - «негізі адам» немесе «мәні жағынан адам» терминін енгізуді құп көреді. Бұл жайында Science ғылыми мерзімді басылымы хабар таратты. Ғалымдар кейінгі кезде ғылыми тәжірибелерінде адам мен жануардың тінді қалыптастыратын жасушаларын араластыруды, адам ағзасын жануар ішінде өсіруді, CRISPR-технологиясының көмегімен генді редакциялауды қолға алып жатыр. Нәтижесінде бұрын табиғатта кездеспеген генге ие өзге тіршілік иесі пайда болуда. Осыған байланысты жаңа биомедициналық технология кімнің адам, кімнің адам емесін айқындайтын белгілі бір аражікті жоққа шығара бастады. Бұл құбылыс өз кезегінде «адам» ұғымын заң аясында кеңейтуді ұйғарады. Бүгінгі таңда тек адамның өзіне немесе адамның тініне я болмаса адамның мүрдесіне қатысты заң нормалары көп. Ендігі жерде адам химері мен адам миына ие жануар адам құқығына ие болуы керек пе, міне, осының аражігін ажыратып алудың қажеттілігі туындап отыр. Денесі жасанды жолмен өсірілген, миы болғанымен санасыз тіршілік иесі адам санала ма? Денесі робот та миы адам киберог қылмысы үшін жауап беруі керек пе? Мәселен, тумысынан ДНК-сы редакцияланған адам сот талқысы кезінде «негізі адам» ретінде адамға тән құқықтарды пайдалана ала ма? Сөз орайы келгенде айта кету керек, қытай ғалымдары 2015 жылдан бері адам ДНК-сын CRISPR/Cas9 әдісімен өзгертуге қатысты тәжірибелерді белсенді жүргізіп келеді.

0 пікір
Мұрағат