Бірқазан неге азайып барады?
Бірқазан неге азайып барады?
4 жыл бұрын 4616 Н. Үсенова. Фото: bc.ctvnews.ca

Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы мен Құстарды қорғау одағы 2021 жылды Бірқазан жылы деп жариялады. Оған бір себеп – елімізде жылдан жылға бұл құстың саны азаюы. Бұл туралы massaget.kz ақпарат көзі мәлім етеді.

Табиғат жанашырлары 2006 жылдан бастап "Қызыл кітапқа" енген құстардың жылын жариялап келеді. Өткен жылды ителгі құсына арнаған.

ҚБСА Қазақстанның құстарды қорғау одағымен бірлесіп, еліміздің жетекші орнитолог мамандарының көзқарасын есепке ала отырып, жыл құсы символын таңдайды. Олардың басты мақсаты – құстарды сақтау мен қорғау проблемасына қоғамның назарын аудару. 

Жыл құсын таңдаудағы басты шарттар:

- құс Қазақстан табиғатының бір бөлігі болуы қажет;

- басқалардан оңай ажыратып, танитындай болуы керек;

- мүмкіндігінше құсты бақылау қиындық туғызбауы тиіс;

- өзіне назар аударуды талап ететін түрлерге басымдық беріледі.

Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы мен Құстарды қорғау одағы осыған дейін қандай құстарды жыл символы деп таныды? 

2006 жыл – Тарғақ
2007 жыл – Қыстау қарлығашы
2008 жыл – Тырна
2009 жыл – Қара бозторғай
2010 жыл – Қараторғай
2011 жыл – Сарыбауыр шымшық
2012 жыл – Дала қыраны
2013 жыл – Шиқылдақ қаз
2014 жыл – Ақбас үйрек
2015 жыл – Орақтұмсық
2016 жыл – Үй торғайы
2017 жыл – Үкі
2018 жыл – Үлкен тоқылдақ
2019 жыл – Дуадақ
2020 жыл – Ителгі
2021 жыл – Бірқазан

Бірқазан қандай құс?


© Асқар Исабеков

Бірқазан – ірі қанатты құстар санатына жатады. Салмағы 10,5 келі, тіпті 14 килоға дейін тартатындары бар. Қанатының ұзындығы 27 – 35 см болады. Тұмсығы үлкен, қатты әрі ұзын. Тұмсығының төменгі жағында тері қапшығы бар. Бұл тері қапшық балық аулаған кезде зор рөл атқарады.

Бұл құстың түзу бағытталған және еркін толқыған үлкен, кең қанаты бар. Ұшқан кезде мойнын иіп, басын иығынан асыра самғайды.

Бірқазандар көлді, теңізді, өзенді, балығы көп шағын көлшікті паналап, мекен етеді. Тәулігіне 1-2 келі балық жейді. Салмағы жеңіл болғандықтан, суға сүңги алмайды. Сондықтан балықты су бетінен аулайды.

Бірқазан жабайы үйрек пен қаз сияқты су құстарымен қатар өмір сүріп, ұя басады. Балапандары қанаттанып, ұшуға жараған соң топтала көтеріліп, көлден көлге қонып, жылы жаққа қарай жылжиды.

Қазақстанда бірқазанның бірнеше түрі бар. Солардың екеуі – бұйрабас бірқазан мен қызғылт бірқазан тез жойылып бара жатқан қанаттылар қатарына жатады. Қызыл кітапқа енген. Қазіргі таңда әр түрінен 1600-3000 жұп шамасында бар. Елімізде Каспийдің солтүстік жағалауы, Торғай жазығы, Теңіз-Қорғалжын ойпаты, Іле, Тентек Қара Ертіс бойы, Алакөл, Сырдария мен Балқаш көлінде кездеседі. Күн суыта Таяу Шығыс, Жерорта теңізі, Үндістанның солтүстігіне қарай ұшады. Қызғылт бірқазандардың біразы Африкада қыстайды.

Биыл бұл құстар мекендейтін аймақтар мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр.

Азаюына әсер етуші факторлар


© Александр Федулин

Қазақстанда бұл құстарды аулауға тыйым салынғанымен, бірқазандар үшін ең басты қауіп-қатер табиғаттан келеді екен. Олар үшін судың көлемі ғана емес, тазалығы да маңызды. Мекен ететін аймағында балық мол болуы қажет. Алайда, заңсыз балық аулаудың көбеюі салдарынан елімізде мекендейтін аймағы тарылып барады.

Бірқазандар тыныштықты жақсы көреді. Егер көп секем алатын болса мекенін ауыстырады. Қамыстың оталуы мен ондағы өрт те бірқазандарлың азаюына әсер етуші факторлар қатарында. Себебі, ондағы ұясы мен балапандарына зиян келтіреді.

Бірқазанның табиғатта сақталып, көбеюі адамдарға тікелей қатысты болып барады. Ол үшін өзен-көлдердің күтімін жақсарту қажет. Заңсыз балық аулаудың алдын алып, су қоймаларын қатаң бақылауды қолға алу маңызды.

0 пікір
Мұрағат