Болашақта 15 сағаттық жұмыс аптасы болады, бірақ, ол адамдарға жеңілдік әкелмейді
1 сағат бұрын 37 aikyn.kz kaz.inform.kz 24.kz Бегім Қайрат, Мөлдір Снадин, Нұрбике Жігер, Әйгерім Ардаққызы0
100 жыл бұрын атақты британдық экономист адамзат аптасына небәрі 15 сағат жұмыс істейтін болады деп болжаған. Болжам орындалуға жақындап қалды. Бірақ, жұмыс сағаттары қысқарғанмен, ол адамдардың өмірін жақсартпауы мүмкін.
Қазіргі макроэкономиканың негізін қалаушы, көрнекті британдық экономист Джон Мейнард Кейнс 1930 жылы сол дәуір үшін батыл әрі арандатушы көрінген эссе жариялайды. Онда ол 100 жылдан кейін адамзат аптасына небәрі 15 сағат жұмыс істейтін болады деп болжайды. Кейнстің пайымынша, машиналар еңбектің негізгі бөлігін өз мойнына алып, адамдар шығармашылыққа, демалысқа және өзін-өзі дамытуға көбірек уақыт бөледі.
Көп жылдар бойы бұл болжам утопия ретінде қабылданды. Алайда, жасанды интеллект экономиканы түбегейлі өзгертіп жатқан кезеңде Джон Кейнстің сөзі өте өзекті естіледі. Тура бір ғасыр өткенде оның болжамы қорқынышты шындыққа жақындағандай.
Бұған дейінгі технологиялық революциялар негізінен физикалық еңбекті автоматтандырды. Бу машиналары, конвейерлер, роботтар – бұлардың бәрі зауыт жұмысшыларын алмастырды. Бірақ, ойлау, талдау және қарым-қатынас жасау қабілетін қажет ететін мамандықтарды көп жағдайда сақтап қалды.
Жасанды интеллект осы шекараны алғаш рет бұзды. Бүгінде алгоритмдер мәтін жазады және құжаттарды талдайды, бағдарламалық код жасайды, бухгалтерлік есеп жүргізіп, заңдық қорытындылар дайындайды. Бұдан басқа экономика салалары мен логистиканы басқарып, бизнес үдерістерді оңтайландырады. Бұрын тек адамға тән деп есептелген шешімдерді енді ЖИ қабылдайды.
Бұл – жұмыстың жай ғана жеделдеуі емес. Бұл – алмастыру. Джон Кейнс «технологиялық жұмыссыздық» туралы айтқанда, дәл осы құбылысты ескерткен болатын. Яғни, машиналардың өнімділігі экономика жаңа жұмыс орындарын құруға үлгергеннен де жылдамырақ өсетін жағдай туады.
Өнімділік өседі, ал адамның жұмыс күшіне сұраныс артпайды. Бұл жерде экономикалық логика қарапайым: егер компания аз қызметкермен көп өнім өндіре алса, ол дәл солай істейді. Осылайша, ЖИ – персонал шығынын қысқартуға, қателер санын азайтып, міндеттерді жылдам орындауға және бизнес процестерді стандарттауға жол ашады. Бірақ, мұнымен бірге еңбекке деген сұраныс та төмендейді.
Бүгінгі офистерде кеше ғана алмастыру мүмкін еместей көрінген қызметтер жоғалып барады. Аналитиктер мен ассистенттерге, орта буын менеджерлер мен құжат айналымы мамандарына сұраныс жоқ.
Индустриялық дәуірде жоғалған жұмыс орындарының орнына жаңа салаларда жұмыс орындары пайда болатын. Ал бүгінде бұл механизм жұмыс істемейді. Жаңа мамандықтар пайда болып жатыр, бірақ, олардың саны жоғалып жатқан қызметтерден аз. Оның үстіне, олар әлдеқайда жоғары біліктілікті талап етеді.
Джон Кейнс еңбектен босау адам әлеуетінің гүлденуіне әкеледі деп сенді. Бірақ, шынайы өмір басқаша дамуда. Өнімділік өссе де адамдар бұрынғыдай, тіпті, кейде одан да көп жұмыс істеуде. Мұның себептері технологияда емес, қоғамның құрылымында жатыр. Өмір сүру құны табыстан жылдамырақ өсіп жатыр, экономикалық пайда әділетсіз бөлінеді, корпорациялар жұмыс уақытын қысқартудан гөрі пайданы барынша арттыруға ұмтылады.
ЖИ осы үрдістерді одан әрі күшейтіп жіберді. Ол орасан экономикалық құндылық тудырады, бірақ, сол құндылықтар технология иелерінің қолында шоғырланған. Нәтижесінде, біз парадоксқа тап болдық. Еңбекке қажеттілік азайып келеді, бірақ адамдарға аз жұмыс істеу мүмкіндігі берілмейді.
Егер ЖИ ақыл-ой еңбегінің көп бөлігін орындай алатын болса, онда маңызды сұрақ туады. Қазіргі экономикалық модель мынадай: адам жұмыс істейді, жалақы алады, сол жалақыға өмір сүреді.
ЖИ бұны түбегейлі өзгертті. Егер машиналар тапсырмалардың көп бөлігін орындай алса, онда табысты кім алады? Пайда қалай бөлінуі керек? Қоғамның тұрақтылығын қалай сақтаймыз?
Бұл сұрақтарды экономистер қазірдің өзінде талқылап жатыр. Бірақ, саяси шешімдер технологиялық шындықтан әлі де артта қалып келеді. Сондықтан болашақтың мынандай нұсқалары болуы мүмкін. Сарапшылар бірнеше сценарийді бөліп көрсетеді.
1-сценарий – бос уақыт қоғамы. Технологиялар жоғары өмір сапасын қамтамасыз етеді, жұмыс аптасы қысқарады. Адамдар шығармашылықпен, ғылыммен, отбасымен айналысады. Бұл – Кейнстің оптимистік нұсқасы.
2-сценарий – теңсіздік қоғамы. Көпшілік тұрақты жұмыспен қамтылу мүмкіндігін жоғалтады. Ал байлық ЖИ жүйелерінің иелерінің қолына шоғырланады. Жұмыс аптасы қысқармайды, керісінше өмір сапасы төмендейді.
3-сценарий – қайта бөлу қоғамы. Мемлекеттер жаңа механизмдерді енгізеді. Оның ішінде базалық табыс, автоматтандыруға салық, азаматтардың ЖИ әкелетін пайдаға қатысуы бар.
4-сценарий – гибридті қоғам. Кей салалар толық автоматтандырылады, кейбірі жартылай ғана өзгереді. Сөйтіп, еңбек қажеттілік емес, біртіндеп таңдау сипатына ие болатын жаңа әлеуметтік құрылым қалыптасады.
Осы 4 сценарийдің қайсысы өмірде жүзеге асатыны технологияға емес, саяси шешімдерге байланысты болып отыр. Бүгін бір нәрсені анық айтуға болады.
Атақты экономист Джон Кейнс басты нәрсені дұрыс болжады. Технологиялар адамдарды толық жұмыс күні (8-10 сағат) істеу қажеттілігінен босата алады.
Бірақ, ол бір мәселеде қателесті. Бұл бостандық автоматты түрде келмейді. Технологиялық прогресс өздігінен бос уақыт қоғамын құрмайды. Ол тек мүмкіндік береді. Ал сол мүмкіндікті шындыққа айналдыру үшін қазірдің өзінде еңбек нарығын реформалап, табысты бөлудің жаңа модельдерін жасау керек. Яғни, адам өміріндегі еңбектің рөлін қайта ойластыру маңызды. Бұның бәріне, әрине көрегендік пен саяси ерік қажет.
Біздің ойымызша, ЖИ – Кейнстің 15 сағаттық жұмыс аптасы туралы болжамын орындауға берілген мүмкіндік қана. Бірақ, оны беталды жібермей, саналы түрде жүзеге асыру керек. Сонда ғана адам еңбектің қадірін жоғалтпай, адамдығын сақтап қалады.
Елімізде әрбір үшінші адам мамандық бойынша жұмыс істемейді
KAZINFORM — Жұмыссыз жастардың бір бөлігі «диплом бар, бірақ, жұмыс жоқ» деп шағымданса, жұмыс берушілер «лайықты маман табылмай жатыр» дейді. Қоғамда қалыптасқан осы парадокстың себебін профориентолог Құралай Мекембаева түсіндірді.
— Елімізде әрбір үшінші адам мамандық бойынша жұмыс істемейді. 16-17 жасында жастар қателесіп жатады. Себебі жастар бірінші орынға грантпен білім алуды қояды. Кейін жүрек қалауымен таңдамаған мамандық болғасын beauty салаға кетеді, — деді профориентолог Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында.
Осының әсерінен соңғы жылдары ата-аналар кәсіби бағдар мәселесіне көбірек мән бере бастаған. Әсіресе, өз өмірлік тәжірибесінен сабақ алған орта буын баласының болашағына ертерек инвестиция салуға ұмтылады.
— 40-50 жастағы ата-аналар мәселеге мән бере бастады. Себебі, кезінде өздерінің дипломы бір басқа, өзі басқа салада еңбек еткен, — деді спикер.
Сонымен қатар, еңбек нарығы үнемі өзгеріс үстінде. Жаңа мамандықтар пайда болып, кей салаларға сұраныс артып келеді. Сондықтан адам қабілеті мен жеке ерекшеліктеріне сай бағыт таңдауы маңызды.
Профориентологтың сөзінше, бала өзіне қызық емес саланы таңдаса, қиындықтан қашу, бастаған ісін аяқтамау сияқты әдеттер қалыптасуы мүмкін.
— Жастарға ізденіс, өзін-өзі тану, сыни ойлауды дамыту керек, — дейді ол.
Фото: Видеодан скрин
Маман ата-ана мен бала арасындағы сенім мен байланыстың маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, жасөспірімге дұрыс бағыт беру қажет.
— Жасөспірім — жеке әлем. Сондықтан түсіну, таңдау жасауына көмектесу, тәжірибе бөлісу, тыңдай білу қажет, — дейді маман.
Бүгінде жастар ғана емес, орта жастағы азаматтар да мамандығын ауыстыру жайын жиі ойлайтыны жасырын емес.
— 40 жастағы адамдар өзгерістен қорқып жатады. Ұнамайтын жұмыста жүре береді. Энергиясы таусылады. Алайда, одан қорықпау керек. Ешқашан кеш емес, — дейді спикер.
Маманның пікірінше, қазіргі таңда жарнама, маркетинг және ІТ салалары сұранысқа ие. Сондықтан еңбек нарығында табысқа жету үшін дипломнан бұрын икемділік, дағды және дұрыс таңдау маңызды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2035 жылға қарай Қазақстанда 562 кәсіп немесе еңбек нарығының 44%-ы (шамамен 4 млн адам) жасанды интеллектінің ықпалымен өзгеруі мүмкін.
Мөлдір Снадин
Әлемдік еңбек нарығы 170 млн жаңа жұмыс орнымен толығады
Алдағы бес жылда әлемдік еңбек нарығы ұлғайып, өзгеруі мүмкін, деп хабарлады 24.kz
Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына сәйкес 170 миллионға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Ал 92 миллионы керісінше, жойылуы ықтимал.
Сарапшылар мұны жасанды интеллектінің қарқынды дамуы, өндірісті автоматтандыру, демографиялық ахуал және жасыл экономикаға көшумен байланыстырады.
Әлемдік еңбек нарығында жоғары білімі бар маман көп. Алайда, еңбек етуге құлықсыз жастар да жоқ емес. Ал Біріккен ұлттар ұйымының осы салаға қатысты былтырғы баяндамасына сүйенсек, әр бесінші жас оқу оқымаған деген дерек бар. Әсіресе, кейінгі 2 жылда не білім алып, не жұмыс істеп көрмегендер саны күрт артқан. Сондықтан әлем елдері жаһандық еңбек нарығындағы өзгерістерді зерделеп, теріс үрдістердің алдын алуға ден қоя бастаған.
2034 жылға қарай АҚШ-та жұмыспен қамтылатындар саны 5 миллионға жуық артады. Бұл Еңбек статистика бюросының болжамы. Әсіресе, денсаулық сақтау, IT және жасыл энергетика салаларындағы мамандықтарға сұраныс жоғары болады. Тағы жел турбиналары мен күн панельдерін орнатушылар, жоғары білікті мейірбикелер және киберқауіпсіздік мамандары бар. Құрама штаттарда қазірдің өзінде байланыс операторлары, дерек енгізу мамандары және әкімшілік қызметкерлерге сұраныс азайған.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай жұмыстарды автоматтандыру оңай әрі арзанға түседі. Қазір IT мамандар ең көп жалақы алады деген түсінік бар. Мысалы, Оңтүстік Кореяда осы саладағы алпауыт компания қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінеді. Елде жасанды интеллект, машиналық оқыту мен мобильдік қосымша жасау бағыты танымал. Сәйкесінше, осы саланың мамандарына деген сұраныс пен оларға ұсынылатын жалақы да бүгінде әлем бойынша өте жоғары.
Деректерді талдап, оны өңдей алатын және цифрлық қауіптердің алдын алумен айналысатын инженерлер де жұмыс берушілер көп іздейтіндер қатарынан. Ал Германияда денсаулық сақтау, құрылыс және жаңартылатын энергетика салаларында білікті кадр тапшы.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бағалауынша, жұмыс күшінің жетіспеушілігі елдегі экономикалық өсімді және цифрландыруды тежеуші факторға айналған. Сондықтан мейірбике, электрик, сантехник, дәнекерлеуші және механик сияқты орта буын мамандарының маңызы қайта арта түсті. Жұмысын жетік білетін қызметкерлерге сұраныс байқалады.
Жапонияда еңбек нарығына тікелей әсер етіп отырған фактор – демографиялық ахуал. Елде халықтың қартаюы мен туу деңгейі төмендеген. Енді қарттарға күтім жасап, көмек көрсететін мамандар мен кіші медицина қызметкерлері сұраныста. Кадр тапшылығына байланысты күншығыс елі осы салада озық технологияларды жан-жақты енгізуге күш салып жатыр. Қазір қарттар үйі мен ауруханаларда көмекші роботтар жұмыс істейді. Десе де кәсіптік білімі бар, өз ісін әбден меңгерген мамандарға сұраныс көп.