Адам қастер тұтатын құндылықтарды роботтарға үйрететін технология пайда болды
Адам қастер тұтатын құндылықтарды роботтарға үйрететін технология пайда болды
1 сағат бұрын 39 Материалды көшіріп басқанда islam.kz сайтына гиперсілтеме берілуі міндетті

Таяуда пайда болған бірегей технология жасанды зердеге адамның артықшылықтарын түсінуге мүмкіндік береді, ал бұл жаңалық күнделікті өмірде адамдар мен роботтардың қауіпсіз қатынасын қамтамасыз етеді. Бұл жайында islam.kz порталы naukatv ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Кореяның KAIST университетінің ғалымдары жасанды зердені коммерцияландыру бағытында маңызды қадам жасады. Олар машиналарға адам қалауы мен бағалау өлшемдерін бірнеше бейнеролик бойынша өздігінен игеруге мүмкіндік беретін технологияны әзірледі. Бұл тарапта электротехника мектебінің профессоры Чанг Д.Ю VOTP (Video-based Optimal TransPort Preference) деп аталатын әдісті ұсынып отыр.

Генеративтік АІ-ден нақты іс-әрекеттерге

Жасанды зерде мәтін жазуды, сурет салуды және саз шығаруды үйренді. Енді ол келесі дәуірге - нақты жасанды зерде дәуіріне қадам басуда. Бұл арада экранда контент жасап қана қоймай, шынайы әлеммен өзара әрекеттесетін машиналар турасында сөз болып отыр. Мысалы - қауіпті өндіріс аймақтарындағы адамдарды алмастыратын өнеркәсіптік роботтар, күрделі жол жағдайын өз бетінше түсінетін және өздігінен жүретін автокөліктер және дәрігерлерге күрделі операциялар жасауға көмектесетін хирургиялық роботтарға қатысты технология дәуірі туып келеді.

Мұндай технологияға қол жеткізу бағытында ең алдымен роботтың дұрыс әрекет етуі үшін АІ адамның қандай мінез-құлық нұсқаларын дұрыс деп есептейтінін, ал қайсысын бұрыс қабылдайтынын түсіну керек болды. Ол үшін әзірлеушілер нақты адамдардан мыңдаған, тіпті, ондаған мың бағалау пікірін жинауға тура келді. Машина әрекеттерінің әрбір үлгісін қолмен «жарамды» немесе «жарамсыз» деп белгілеуге тура келді. Бұл жұмыс орасан зор уақыт, ақша және адам ресурстарын талап етті.

Адамның ниетін сезінетін машиналар

VOTP жаңа технологиясы әлдеқайда табиғи және тиімді тәсілді ұсынады. Зерттеушілер адамдардың бірнеше көрсеткеннен кейін ғана жаңа дағдыларды үйренетінін байқады. Дәл осы қағида әдістің негізіне айналды. Енді АІ әрекеттердің сәтті және сәтсіз мысалдары көрсетілген бейнероликтердің біршамасын талдай алады және адамның қандай да бір жағдайда нені бағалайтынын өз бетінше бөліп көрсете алады.

Алгоритм машинаға жасырын ниеттерді байқауына көмектеседі. Мысалы, хирургиялық робот тігіс салғанда немесе ұшқыш жаяу жүргіншілермен күрделі қиылыстан өткенде AI қатаң нұсқауларға емес адамның ниетінбасшылыққа алады - көптеген мүмкіндіктердің ішінен ең қолайлы нұсқаны таңдай алады. Түрлі жағдайларда мен тапсырмаларда тәжірибе жүзінде тексерілген әдіс ойдағыдай жұмыс істейтінін және робот алған білімін бұрын байқалмаған жаңа жағдайларға оңай көшіретінін растады.

Бұл неге болашақ үшін маңызды

VOTP арқасында дерек жинау және адамдар тарапынан болатын кері байланыс шығындары күрт қысқарады. Роботтарға бұдан былай үлкен бағалау базалары қажет емес - бірнеше сапалы бейне жеткілікті. Мұндай технологияның болашағы жарқын. Қолданылатын салалары кеңейе береді:  роботталған манипуляторларды зауыттарда, адам тәрізді роботтарда, автономды көліктерде, ақылды өндірістік желілерде, дрондарда, хирургиялық жүйелерде, тіпті, компьютерлерді адам орнына басқаратын бағдарламалық агенттерде де қолдануға болады. Шын мәнінде, VOTP адамның не қалайтынын түсіну үшін аса маңызды барлық АІ жүйелері үшін базалық технология бола алады. Осылайша адам сияқты шешім қабылдайтын роботтардың дәуірін жеделдететін негізгі технология адам мен жасанды зерденің синхронды дамуына кеңінен жол ашады.

0 пікір
Мұрағат