|
Араб елі орман өртегендерді өлім жазасына кесетін заңды қабылдады
|
Қазан айының 1-і күні Алжир парламенті соңғы аптада ел аумағының көп бөлігін шарпыған өрттен соң орманға от қойды деп айыпталған тұлғаға өлім жазасын қарастыратын заңды қабылдады. Бұл жайында islam.kz порталы АfricaNews ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Орман-тоғай жері қуаң елдерде баға жетпес ресурс – жергілікті биологиялық әралуандылықты сақтап қана қоймай, қағаз өндірісі, құрылыс, жиһаз, т.б. түрлі салада шикізат ретінде пайдаланылады. Алжирдің солтүстік-шығыс аймағында жаз мезгілінде басталған өрттен 12 адам қаза тапты. Бұл – ресми дерек. Ресми емес мәлімет бойынша бірнеше ондаған адам көз жұмған. Осы орайда Алжир билігінің өлім жазасына 1993 жылдан бері моратория жариялағанын айта кетпекпіз. Алайда, мемлекет басшысы Әбдімәжит Табын тамыз айында әділет министрлігіне өлім жазасы қолданылатын қылмыс түрлерін кеңйтуге пәрмен берген еді. Осыған байланысты тек орманға от қоятындардан бөлек, бала ұрлағандар мен азаптағандар, зорлағандар және кемтар еткендерге де өлім жазасы қолданылатын болады. Мұндай жазаға кесілгендерге өлім жазасы аппеляция мерзімі біткенде орындалады. Халықаралық мәртебесі бар әрі беделді Amnesty International ұйымы өткен айда Алжир билігін бұл заңды қабылдамауға шақырып, райынан қайтаруға талпынған еді. Аталмыш құқық қорғау ұйымының бұл талабына Алжирдің әділет министрі елдегі сот жүйесінің өлім жазасына ұшырағандарға, соның ішінде апелляцияға немесе президенттік кешірімге қол жеткізуге кепілдік береді, деп жауап берді. «Елдің экологиялық және экономикалық активтерін қасақана өртеу кейде шетелдік акторлардың талап етуі бойынша сатқындықтың айқын түрі және ұлттық аумақтың тұтастығына шабуылмен пара-пар», - деп мәлімдеді министр.