Үндістандық жігіттер үйленетін қыз таба алмай әлек болып жатыр
Үндістандық жігіттер үйленетін қыз таба алмай әлек болып жатыр
9 жыл бұрын 3773 nur.kz

Үндістанда 6 жасқа дейінгі 1000 ұл балаға 919 қыз баладан келеді екен. Қазірдің өзінде жас жігіттер қалыңдық таба алмай, әлекке түсіп жүрген көрінеді. Экономикалық тұрғыда қыз тууды тиімсіз көрген жергілікті жұрт ұл балаға басымдық береді. Садхурам Бервал – Үндістанның солтүстігіндегі Харьяна штатының тұрғыны. Мұндағы жұрт отбасында қыздан гөрі ұлдың болғанын қалайды. Сөйтіп дүниеге келетін қыздар саны азая түскен.

Сол себепті жақын маңайдан қалыңдық таба алмаған Садхурам 10 жыл бұрын жан жарын 2700 шақырым жердегі Керала штатынан алып келіпті. Әйелінің есімі – Анита. Олар екі түрлі тілде сөйлейді. Әдет-ғұрыптары да өзгеше. Дегенмен, бұл ерлі-зайыптылар үшін кедергі емес. Бүгін де Үндістанда жастардың осыған ұқсас неке қию жағдайлары жиі кездеседі.

“Менің әкем қатерлі ісіктен көз жұмды. Отбасым жұпыны тұратын. Ал мені тұрмысқа беру үшін ақша керек болды. Бізде, әрине, ондай жағдай болған жоқ. Ал Садхурам мен оның жақындары еш нәрсе талап етпеді”, – дейді  жергілікті тұрғын Анита.

Харьяна штатында қыздардың аздығы анық байқалады. Мұнда 6 жасқа дейінгі 1000 ұлға 834 қыз баладан келеді. Өкініштісі, қызға жүкті екенін білген ана жасанды түсік жасатады. Сол себепті 1994 жылы жергілікті билік болашақ сәбидің жынысын анықтайтын медициналық тексерулер жүргізуге тыйым салған. Дей тұрғанмен, бүгінде елде ондай сынақтарды жасырын өткізетін арнайы орындар жетіп артылады. Тіпті мұндай қызмет түрлері шалғай ауылдарда да бар.

“Менің ауылымда отбасын құру жасына жеткен 200-250-дей ер бала өзіне қалыңдық таппай әлек. Сол себепті олардың ата-анасы ұлдарының болашақ жарын Үндістанның басқа бір бөлігінен іздеуге мәжбүр”, – дейді  жергілікті тұрғын Ом Пракаш.

Үндістанда ұлдарға басымдық берілуіне экономикалық жағдай себеп. Өйткені қыз баланы тұрмысқа берген ата-ана ақша мен алтыннан бөлек жасауына тоңазытқыш не мотоцикл секілді сыйлық қосуы тиіс.

Негізі жергілікті билік бұл дәстүрге тыйым салған. Бірақ жұрт салтты бұзғысы жоқ. Сондай-ақ қыздарын күйеуге берген ата-ана қартайған шағында қараусыз қаламыз ба деп те қауіптенеді екен.

Мұндағы еркектер өздерін раджа секілді сезінеді. Қыз туды деген хабар ешкімді қуантпайды. Ал дүниеге ұл келді дегенді естіген отбасы халыққа ладду, джалеби секілді тәттілер таратып, той тойлайды

Бұл жағдайды бүгінде қыз тәрбиелеп отырған ата-ана ұтымды пайдалануда. Олар болашақ күйеу жігітті қызметі мен жалақысына қарай таңдайтын болған. Ал қыздар мен қалыңдықтың жетіспеушілігін тіпті табыс көзіне айналдырған жеңгетайлар да бар. Олар бойжеткендерді жақсы жұмыс пен күйеу тауып береміз деп алдап, ұрлап әкетіп, кейіннен қалыңдық іздеген жігіттің отбасына сатып жіберуді кәсіпке айналдырған.

Статистикаға көз жүігртсек, 2013 жылы 15 пен 30 жас аралығындағы қыз-келіншектердің 25%-ы ұрланып, кейіннен қалыңдық ретінде сатылған екен және белсенді топ өкілдерінің хабарлауынша, бұл көрсеткіш жыл сайын артып барады.

0 пікір
Мұрағат