Түркияның алтын қоры
Түркияның алтын қоры
3 жыл бұрын 3125 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, осыдан аттай бір ай бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған «Түркия аумағынан аса ірі алтын кен орны табылды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/turkiya-aumagynan-asa-iri-altyn-ken-orny-tabyldy-video-14574/#gsc.tab=0) материалымызда айтып өткеніміздей, аталған ел аумағынан шамамен 99 тонна алтын кені (6,6 млрд долларға бағаланып отыр) табылған болатын. Бұл Түркия билігінің энергетика және қазбалы байлақ саласында сәтті жүргізіп отырған саясатының бір пұшпағы болатын. Бұл жайында islam.kz порталы Түркияның бұқаралық ақпарат құралдарының дерегіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл сөзімізге, сонымен қатар, осыдан табаны күректей 4 ай бұрын жазғанымыздай, өткен жылы Қара теңізден газ кен орны табылғаны турасында (Қараңыз: «Түріктер тағы бір газ кен орнын тапты» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/turikter-tagy-bir-gaz-ken-ornyn-tapty-14277/#gsc.tab=0 ) жаңалық тек Түркияның ғана емес, сонымен қатар, әлемнің көптеген бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан болатын. Жерорта мен Қара теңізде геологиялық барлау жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Түркияның қай жағынан болмасын дамығаны алдымен түркі елдерінің геосаясатта мерейін үстем етеді. Әсіресе, Қытай мен Ресей екі алып державаның ортасында отырған Қазақстан үшін Түркияның дамығаны керек, мұның стратегиялық маңызын ешкім жоққа шығара алмайды. Жалпы Түркия аумағындағы алтынның жерасты әлеуеті 6,5 мың тоннадан асады. Алайда, бүгінде Түркия оның тек 1,5 мың тоннасын өндіре алады. Яғни, Түркия мамандары игере алатын алтын қоры 405 млрд долларға балағаланып отыр. Соңғы мәлімет бойынша Түркия аумағында алтын өндірумен 18 кәсіпорын айналысады. Осы тұста 2001 жылға дейін Түркияда алтын өндірілмегенін айта кету керек. Тек 2001 жылы тұңғыш рет Измир қаласы маңындағы Өбажық алтын кенінде алтын өндіріле бастады. Алғашында жылына 1,4 тонна ғана алтын өндірілген болатын.  Ал 2019 жылы жылына бұл көрсеткіш 38 тоннаға жетті. Яғни, 19 жыл ішінде 340 тонна алтын өндірілген екен. Бүгінгі таңда Түркия аумағында 15 ашық, 18 шағын және екі бірдей әлемдік деңгейдегі алтын кен орнынан алтын өндіріледі. Бұдан бөлек, Түркия мамандары тек ел аумағында ғана емес, сонымен қатар, сырттан да алтын іздеумен айналысып жатыр. Мәселен, өткен жылы Түркия мамандары Судан аумағынан алтын кен орнын іздеуге рұқсат алды. Бұдан бөлек, Өзбекстанда да барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

0 пікір
Мұрағат