|
Түркия Үнді мұхитындағы әскери жобасы арқылы стратегиялық ықпалын арттыруға ден қояды
|
Шетелде әскери база ашу ірі державалардың жобасы ретінде бағаланады. Бұл жайында islam.kz порталы cursorinfo.co.il ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Әлемде санаулы мемлекеттер арасында Түркияның әскери базалары бұрыннан бар. Десе де мұндай әскери базалардың дені туралы мәлімет құпия көп жариялана бермейді. Оның үстіне, шетелде әскери контингент ұстау қып-қызыл шығын әкелетінін ескерсек, мұндай жобаға екінің бірі бара бермейді. Десе де бұл тарапта Америка құрама штаттары алда тұр - шетелдегі әскери инфрақұрылымының саны бойынша. Одан кейінгі орындарда Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Түркия, Франция, т.б. Түркия шетелдегі әскери базалар саны жағынан әлемде бесінші орында тұр. Атап айтқанда, Түркияның әскери базалары Катарда, Сомалиде, Либияда, Иракта, Сирияда, Әзірбайжанда, Солтүстік Кипрде, Косово және Албанияда бар. Бұл әскери базалардың миссиясы түрліше: барлау, әскери жаттығу, қадағалау, Түркияның тікелей мүддесін қорғау, Түркияның ықпалын күшейту, т.б. Түркияның бір ғана Ирак аумағында 40-тан астам әскери базасы орналасқан.Түркия билігі мұнымен ғана шектеліп қалмай, Үнді мұхитының жағалауында ауқымды жобаны қолға алып жатыр. Шамамен 350 млн долларға бағаланған жобаның стратегиялық маңызы зор. Дәлірегі, Сомалидің оңтүстік бөлігінде ғарыш базасының құрылысын бастайды. Le Monde француз мерзімді басылымының хабарлауынша, бұл кешен спутниктерді орбитаға шығаруға мүмкіндік береді, алайда, болашақта оны баллистикалық зымырандарды сынауға арналған полигон ретінде де пайдалануға болады. База Сомалидің астанасы Могадишодо қаласынан шамамен 70 шақырым солтүстігінде салынады. Жоба ресми түрде 2025 жылдың желтоқсан айында басталды. Құрылыс сәтті аяқталған жағдайда Түркия ғарыштық ұшыру операциялары үшін тәуелсіз кешенге ие әлемдегі 13-ші ел болады. Түрік үкіметі басқа мемлекеттерге өз спутниктерін ғарышқа шығару үшін осы инфрақұрылымды пайдалануға беру есебінен табыс табуды жоспарлап отыр. Түркия ғарыш айлағын салу үшін Африка құрлығындағы аталған мемлекетті таңдауының өз себебі бар. Ең алдымен елдер арасындағы тығыз дипломатиялық байланыстармен ғана емес, сондай-ақ, техникалық пайымдаулармен де байланысты. Сомалидің экваторға жақындығы ұшыру кезінде отын шығынын азайтады және орбитаға үлкен пайдалы жүкті шығаруға мүмкіндік береді, ал Үнді мұхитының жағалауында орналасуы тасымалдағыш зымыран сынықтарының теңізге қауіпсіз жолмен құлауына кепілдік береді. Өткен жылдың желтоқсанында Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған мен Сомали президенті Хасан Шейх Махмұд ғарыш саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, ал бұл келісім серіктестікті нығайтудағы кезекті қадам болды. Өткен жылдар ішінде Түркия құрылыс, экономикалық даму, денсаулық сақтау, білім беру және әскери ынтымақтастық салаларындағы қызметін кеңейтті. Ол Могадишода әлемдегі ең ірі елшілігін және Африкадағы жалғыз ресми түрік әскери базасы - «Түрксом» базасын құрды, онда Сомалия қарулы күштерінің элиталық бөлімшелері дайындықтан өтуде. 2024 жылы Анкара теңіз кірісінің 30%-на ие бола отырып, Сомалидің аумақтық суларын қорғауға атсалысады, сондай-ақ, оның акваториясында мұнай барлау құқығына ие болды. Есепке сәйкес соңғы айларда Түркия Сомалиге үш F-16 жойғышын, M48 танктерін және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін қоса алғанда озық әскери техниканы ұсынған.
Сарапшылар таяу болашақта Түркияның әлемге ықпалы елеулі аймақтық держава мәртебесіне көтерілетінін алға тартып отыр.