Швеция қағаз ақшадан бас тартқан тұңғыш ел атануы мүмкін (видео)
Швеция қағаз ақшадан бас тартқан тұңғыш ел атануы мүмкін (видео)
8 жыл бұрын 3284 24.kz

1661 жылы әлемде алғашқылардың бірі болып қағаз ақшаны айналымға ендірген Швеция одан бас тартқан «бірінші мемлекет» болуы да мүмкін. Сарапшылар осындай болжамдар айтуда. Өйткені соңғы 18 жылда банк карталары арқылы жасалатын төлемдер саны 10 есеге артса керек. Сәйкесінше, қолма-қол есеп айырысушылардың саны күрт қысқарып барады. Швеция астанасы Стокгольм орталығында орналасқан дүкенде әдетте төсек-орын жабдықтары сатылады. Ол 2012 жылдан бері қолма-қол ақша қабылдаудан бас тартқан. «Өйткені бұл қауіпсіз емес», - дейді дүкен қызметкерлері. Бүгінде көшеде сауда жасайтын саудагерлердің өздері де төлем қабылдаудың осы түріне көшкен. Тіпті онлайн-садақа аудару операциясы да халық арасында аса танымалдылыққа ие болып келе жатқан көрінеді. Кэрин Спэенг, төсек-орын жабдықтарын сататын дүкен менеджері: - Бұл ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне байланысты. Өйткені біздің жұмысшыларымыз қас қарайғанға дейін қызмет етеді. Түнде оларға қарақшылардың шабуыл жасай қоймайтынына кім кепіл. Ал кассада ақша жоғын білген қаскүнемдердің мұнда келуі екіталай. Дегенмен халықтың барлығы карточка арқылы төлем жасауға асықпайды. Бұл негізінен егде жастағы кісілер мен шалғай аудандарда тұратын тұрғындар. Өйткені бүгінде мұнда пластикалық картаны қалай қолданатынын білмейтін ауыл адамдары өте көп. Джеран Робенсон, Швеция зейнеткерлерінің ұлттық қауымдастығының төрағасы: - Бұл біз үшін үлкен қиындық тудырады. Елде компьютерге қол жеткізе алмай отырған миллионға жуық адам бар. Олардың жағдайын кім ойлап жатыр? Менің ойымша, қолма-қол төлем жасау түрін біржолата алып тастау дұрыс емес. Халықтың бұл жаңашылдыққа үйрене бергені жөн. Бұл қарттар мен жастар арасындағы түсінбестікті болдырмау үшін жасалуы тиіс. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазір Швециядағы төлемдердің 97%-ы электронды түрде жасалады. Яғни халықтың дені қолма-қол ақшадан бас тартуды қолдайды деген сөз. Сарапшылардың айтуынша, бұл тек қылмыспен ғана күресіп қоймай, салықтан жалтарушылардың да жолын кесе алады. «Оның үстіне электрондық төлемдер ақшаны өңдеуге кететін банк шығынын да жояды», - дейді мамандар.

0 пікір
Мұрағат