Қытайдың трансұлттық жобасының қатері сейілген жоқ...
Қытайдың трансұлттық жобасының қатері сейілген жоқ...
3 жыл бұрын 4951 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Байқасаңыздар, соңғы уақытта Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» ғаламдық жобасы туралы айтылмай кетті. Пандемиядан есі шыққан әлем аталған жобаны қаперінен шығарып алғанға ұқсайды. Бұл тақырыпқа айналып соғуымыздың бірнеше себебі бар. Айналып соғуымыз дейтін себебіміз, аталған амбициялық жоба туралы сайтымыздың жаңалықтар таспасында талдау материалдарын жариялағанбыз әрі бұл материал да солардың жалғасы. Бұл тақырыпқа неге қайта айналып соғып отырмыз? Біріншіден, пандемияға қарамастан Қытай экономикасы жоғары өрлеп келеді. Яғни, аталған жоба уақытша тоқтап қалуы мүмкін, бірақ, осы бастама иесі – Қытайдың экономикасының көтерілуіне орай жалғасын табады деп айта аламыз. Алайда, Қытай экономикасы көтерілгенімен осы жобаға қатысушы елдерде пандемияға байланысты түрлі саяси әрі экономикалық ахуал қалыптасқан. Бұл аталған жобаның дамуына өз әсерін сөзсіз тигізеді. Десе де бұл жобаның іргетасы қаланып қойған, яғни, осы бастама аясында қолға алынған ауқымды, негізгі инфрақұрылымдық жобалардың негізгілері аяқталған немесе аяқталуға жақын. Әсіресе, логикастикаға қатысты жобалар. Біздің айтпағымыз ол емес. Айтпағымыз – аталмыш жобаның алдағы тағдырын тек қаржылық тапшылықтың болмауымен байланыстыратындар (әсіресе, экономикаға соққы берілген пандемия тұсында) қатты қателеседі. Қытай билігі «қолын ұзартатын» бұл стратегиялық бастамадан уақытша бас тартуы мүмкін түрлі саяси, экономикалық, эпидемиологиялық жағдайларға байланысты, алайда, Бейжің осы жоба арқылы әлемге өз ойын ережесін таңуға ұмтылып отырғанын ешуақытта естен шығаруға болмайды. Қытай билігі осы уақытқа 260 млрд доллар құйып, сыртқы саясатында басымдық беріп отырған «Бір белдеу – бір жолды» икемді интеграциялық жоба деп, «алдаусыратқанымен» ел мен елді жалғайтын стратегиялық маңызы зор дәлізге бақылау орнатуды көздейді. Осыдан бірер апта бұрын Financial Times мерзімді басылымында жарияланған мақалада Қытай банктерінің несие беруді қысқартқаны турасында айтылған. Бұл Қытайдың әуел бастағы геосаяси амбициясынан бас тартқанын білдіре ме? Financial Times аргументі бойынша Қытай бейтарап экономикалық держава ретінде ғана алға шықпайды, оған осы уақытқа дейін Қытайдың дүниежүзілік қаржы ұйымдарының рөлін атқарып, қаржыдан қысылған елдерге несие беруінен көп жайтты аңғаруға болады. Қытай пандемия басталғалы несие беруін қысқартты, алайда, аталған ел осы уақытқа дейін Дүниежүзілік банк, Халықаралық валюта қоры секілді әлемдік қаржы ұйымдарының орнын баспаса да соларға балама ретінде өз әлеуетін танытып үлгерді. Бұдан бөлек, Қытай билігі коммунистік партия жарғысында да «Бір жол – бір белдеу» жобасын дамытуды енгізіп қойғанына қарап-ақ аталған бастамадан бас тартпайтынын байқай аласыз. Азиядағы саяси, экономикалық, әскери басымдыққа ие, ең ірі үстем держава мәртебесіне ие Қытайдың несие беру тәртібі мен құрылымына, мөлшеріне қарап, аталған жобаның қатерін қаперден шығаруға болмайды.

Ұқсас материалдар:

«Қытайдың трансұлттық жобасы Қытайдың өз басын жұтуы мүмкін» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/qytaidyn-transulttyq-jobasy-qytaidyn-oz-basyn-jutuy-mumkin-11890/#gsc.tab=0);

«Қытай шағын елдерді бір оқ шығармай қалай отарлап алуда» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/qytai-shagyn-elderdi-bir-oq-shygarmai-qalai-otarlap-aluda-10729/#gsc.tab=0);

"Бір белдеу - бір жол": жаһандық жоба алғаш рет ашық соққы алды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/bir-beldeu-bir-jol-jahandyq-joba-algash-ret-ashyq-soqqy-aldy-10723/#gsc.tab=0);

0 пікір
Мұрағат