Мешітте нелері бар?
|
Германияның солтүстік-батысында орын тепкен Дормаген қаласындағы әлі салынып бітпеген мешітке тағы шабуыл жасалды. Аталмыш шаһардағы Сүлеймения мешітінің қабырғасына исламофоб вандалдар фашистер белгісін салып, нәсілшілдік кемсітушілікке толы жазу жазып кеткен. Сондай-ақ, Солтүстік Рейн – Вестфалия жеріндегі мұсылмандардың құлшылық үйі үш аптаның бас-аяғы екі рет шабуылға ұшырады. Ал осының алдында Болгарияның Пловдив қаласындағы тарихы тым арыда жатқан Жұма мешітіне белгісіз қаскүнемдер от қойды. Өрт дер кезінде ауыздықталды. Куәгерлердің айтуынша, қаскүнемдер мешітке жанар-жағармай шашып, қасақана от қойған. Құқық қорғау орган қызметкерлері қылмыскерлерді із суытпай ұстап алды. Оларға мәдени әрі тарихи мұраға қастық қылып, зақым келтіргені үшін айып тағылды. Жұма мешітін Мұрат ІІ сұлтан билік құрған тұста (1421 – 1451) османдықтар тұрғызған болатын. Ал Италияның солтүстігінде орналасқан Падуя қаласының әкімі Массимо Биточи Твиттер әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында мешіт құрылысына жер бөлмейтінін мәлімдепті. Италияда мұсылмандар санының көптігі жағынан хрситиандардан кейін тұрса да ислам діні бұл елде ұлттық деңгейде ресми мойындалған емес. Бұл елде 170 000 мұсылман өмір сүріп жатыр. 700-ге жуық мешіт бар.