Көзден жас ағызатын күлкі...
Көзден жас ағызатын күлкі...
3 жыл бұрын 18043 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Пәкістан Саудияға жеңілдікпен алған 3 млрд доллардың 1 миллиардын қайтарды. Онда тұрған не бар? Қарыз алу, қарызды қайтару қалыпты жағдай ғой дерсіз? Мұның қызығы сонда – Саудияның қарызын қайтару мақсатында Пәкістан Қытайға коммерциялық ссуда үшін «алақан жайған». Келесі айда Саудияға тағы 1 млрд долларын қайтару керек. Осылайша Пәкістан қарызынан құтылу үшін қарыз алып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы golosislama.com және Reuters ақпарат ресурстарына сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Десе де біздің аталған ақпарат көздеріне алып-қосарымыз мынау: әлбетте, бұл да күлетін нәрсе емес, күлетін нәрсе – басқада, яғни, қызығы алда. Осы тұста жақша ішіне алып айтарымыз – табалады деп ұқпаңыздар. Ендеше мұны неге қозғап отырмыз? Саудия Пәкістанға 2018 жылдың соңына таман 3,2 млрд доллар несие желісін ашқан болады. Пәкістан мен Үндістан арасындағы даулы аймаққа жататын Кашмир мәселесіне байланысты, дәлірегі, ондағы мұсылмандар құқығы бұзылып жатқанына байланысты Пәкістан билігі Саудиядан көмек сұраған еді. Яғни, ислам әлемінің бесігі саналатын беделді елдің әрі Пәкістанға қарағанда батыс елдерімен сәлемі түзу Саудияның араласуын сұраған еді. Алайда, Саудия тақ мұрагері Мұхаммед Салман билікке араласа бастаған сәттен бастап сыртқы және ішкі саясатында ең алдымен өзінің жеке елдік мұраты мен мүддесіне басымдық беріп отыр. Бұл мақсатта халықаралық имиджінен гөрі өзінің мүддесін алдыға қойған Саудияның саяси әрі экономикалық прагматикалық қадамдарынан аталған араб елінің Үндістанмен жақындасып отырғанын айта кету керек, кезінде тақ мұрагерінің аталған елге жоғары деңгейдегі сапары осы сөзіміздің жарқын мысалы бола алады. Бұдан бөлек, Саудия мен Үндсітанның екі ақты сауда-саттық айналымы 27,48 млрд долларға жеткен – 2018 жылы. Ал бұл көрсеткіш 2016 жылы 25,1 млрд доллардан аспаған еді. Байқасаңыздар, екі елдің саудия интеграциясы жылдан жылға қарқын алып келеді. Нақтырақ әрі тарқатып айтсақ, аталған жылы Саудияның Үндістанға экспорты 22,06 млрд долларға етсе, Үндістанның Саудияға экспорты 5,41 млрд долларды құраған. Яғни, Саудияның экспорттық үлесі Үндістанға қарағанда бірнеше есе жоғары. Бұдан Саудия ұтып отыр. Өйткені, халқы көп Үндістан Саудия үшін үлкен нарық. Сарапшылар ежелден тату әрі дос Саудия мен Пәкістанның арасы соңғы уақытта суып кеткенін алға тартып отыр. Естеріңізде болса, осы жылдың ақпан айында Үндістанмен Кашмир мәселесі бойынша талас-тартыс ушыққанда Пәкістанның сыртқы істер министрі Шаһ Маһмұд Куреш Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің мәжілісін ұйымдастырмады деп Саудия билігін айыптаған болатын. Саудия өзінен Кашмир мәселесі бойынша көмек сұраған Пәкістанға қарызды қайтаруды талап еткен еді. Орталық банкінің валюталық қорында бар-жоғы 13,3 млрд доллары қалған Пәкістан Саудия қарызын өтейтін болса, елдегі төлемдерді жүзеге асыра алмай қалады. Амал жоқ, Қытайдың коммерциялық банктеріне «алақан жаюына» тура келді. Бұдан қандай түйін шығаруға болады? Бір мұсылман елі өзге мұсылман державасынан қарыз алады – Үндістандағы мұсылмандардың басындағы жағдайға көз жұмып қарамасы үшін. Ал бұл қарызды қайтару үшін мұсылмандарға одан бетер қысым көрсетіп отырған Қытайдан қарыз алады. Бұл – таргикомедияның өзі емей немене?!

0 пікір
Мұрағат