Жаһан жаңалықтары: Шариғат шәлісі үшін соттан қуылған әйелге мұсылмандар көмектесті
Жаһан жаңалықтары: Шариғат шәлісі үшін соттан қуылған әйелге мұсылмандар көмектесті
9 жыл бұрын 3636

Естеріңізде болса, осыдан екі-үш күн бұрын басына шариғат шәлісін жамылғаны үшін сотта ісін қарамай қойған канадалық мұсылман әйелі туралы хабарлаған болатынбыз. Ұлының жарамсыз куәлікпен көлік жүргізгені үшін машинасын кері қайтарып алмақ болған әйелдің осылайша жолы болмаған еді. Оның басындағы жағдайға қанық мұсылмандар жылу жинап, оған көлік алып беру үшін көмек қолдарын созді. Жылудан 20 000-нан аса доллар қаражат жиналды. Бұл жайында CBC ақпарат көзі хабар таратты.

 

Дәрігер Лас-Вегастан алғашқы мұсылман мазарын ашуға ниетті

Жергілікті коммерциялық жерлеу ұйымдарымен арадағы талай уақытқа созылған талас-тартыстан соң Лас-Вегас дәрігері мұсылмандар мазарын ашуға қол жеткізді. Оның ашпақ болған мазары Маккаран халықаралық әуежайынан оңтүстікке қарай орналасқан мешіт пен медресе маңында. Осынау игі шараны қолға алған Усама Хайкал (Osama Haikal) есімді дәрігердің сөзіне қарағанда, мұсылман мазарын дүниеден озған мұсылмандарды арулап, ақтық сапарға шығарып салудың қиындықтарын еңсеру үшін ашуға бел буған. Яғни, жаназа шығару, сүйегіне түсу, марқұмның басын құбылыға қарату, табытсыз жер қойнына тапсыру, т.б. мұсылманша ғұрып бойынша өлік жөнелтуге жағдай жасауды алдына мақсат етіп қойған. Оның мұндай қадамға баруына осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болған әйелін мұсылман ғұрпы бойынша жөнлетуде көрген қиындықтары себеп болған. Оның ашпақ болған мазары 15000-18000 марқұмға шақталған.

 

ТӨСЕК ТӘРБИЕСІ ДЕ БІЛІМ РЕТІНДЕ БЕРІЛЕТІН БОЛЫПТЫ

Естімеген елде көп, халқының денін (7,5 пайызды) мұсылмандар құрайтын әрі ежелден мұсылман елі болып табылатын Тәжікстанда төсек қатынасы білім беру бағдарламасына енгізілген. Сұмдығы сол, әлі оң мен солын танып үлгермеген оқушылар үшін ендігі жерде төсек қатынасы оқу бағдарламасына енгізіліп отыр. Бұл жайында ел парламентінің баспасөз қызметі хабарлады. Нақтырақ айтқанда, депутаттар Тәжікстан Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұсынған «Репродуктивті денсаулық пен репродуктивті құқық туралы» заңға түзетулер енгізіп жіберді. Масқара болғанда, аталмыш пән жоғары сынып оқушыларына оқытылады. Бұл оқу бағдарламасында жыныстық жолмен жұғатын аурулардан қалай сақтану керектігі немесе қалай жүкті болып қалмау қажеттілігі сөз болады.

 

Иран Ресейде туристік елшілігін ашады

Иран Ислам Республикасы Ресей Федерациясында осы елден туристерді көптеп тарту үшін өз туристік елшілік ашуды жоспарлап отыр. Бұл жайында Иранның туризм және маркетинг басқармасының директоры Сеуед Мұхаммед Казем Холдинасаб хабардар етті. Ол мұндай қадамға ресеййлік туристердің қарасы аз болғандықтан барып отырғандарын жеткізді. Яғни, ресейліктердің Иран туралы көп біле бермейтінін алға тартып, осындай жобаны жүзеге асыруға бел буып отыр.

0 пікір
Мұрағат