Жаһан жаңалықтары: Мінсіз 100,2-каратты алмас жұртшылықтың назарына ұсынылды
Жаһан жаңалықтары: Мінсіз 100,2-каратты алмас жұртшылықтың назарына ұсынылды
9 жыл бұрын 3503

Осы дүйсенбіде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында 100,2-каратты алмас жұртшылықтың назарына ұсынылды. Бұл аса қымбат асыл тас келесі айда Нью-Йорк мегаполисіндегі Сотби бәссаудасына шығарылады. Оны сатушылар алмасты 25 000 000 долларға бағалап отыр. Осыдан он жыл бұрын Оңтүстік Африкадағы Де Бирс шахтасынан табылған алмас «Magnificent Jewels» зергерлік бұйымдар бәссаудасына шығарылады.

 

АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 18 трлн доллардан асты

АҚШ-тың қаржы министрлігі хабарлағандай, осы аптаның бас кезінде, яғни, дүйсенбіде мемлекеттік қарызға қатысты заңмен белгіленген лимит (шектеу) өз межесіне жеткен. Мемлекет қарызына қатысты лимит 18,1 трлн долларды құрайды. Яғни, АҚШ-тың сырттан алған мемлекеттік қарызы осы деңгейге жеткен. Атлант теңізінің арғы  жағалауындағы алып ел – АҚШ мемлекеттік борышқа заң бойынша лимит белгілеген әлемдегі санаулы елдердің бірі. Ақ үй қожайыны Барак Обама конгресте республика партиясының өкілдерімен үстіміздегі жылдың наурыз айының 16-на дейін қарыз алу жөнінде келісімге келген  болатын. Кешегі күннен, яғни, наурыз айының 17-нен бастап, елдің заң шығарушы органы әрі мінбері болып табылатын конгресс қарыз алуға рұқсатын бергенге дейін қаржы министрлігі үкіметтің міндеттемесі бойынша төлемді жүзеге асыру үшін шұғыл шаралар қабылдай бастайды. Өткен аптада қаржы министрі Джон Лью конгреске қарыз алудың ықтимал жоспарын көрсетуді сұрап, хат жолдаған болатын.

 

Аргентинада 25 келі алтынды ұрламақ болғандар ұсталды

Аргентина полициясы шекарадан құны 2 миллион доллар болатын алтын құймаларын алып өтпек болған парагвайлық екі азаматты құрықтады. Бағалы металл XIX ғасырға тиесілі деп жазады BBC News.  Салмағы 25 келі болатын алтын құйманың бетінде "Парагвайдың орталық банкі, 1824 жыл" деген жазу бар. Қамауға алынған екі күдіктінің бірі алтынды 50 мың АҚШ долларына жергілікті үндістер тобынан сатып алғандығын мәлімдеді. Алдын ала болжам бойынша, асыл металл 1864-1870 жылдары болған Парагвай соғысында қаза тапқан дәулетті отбасының үйінде жасырылған. Аталған қырғын кезінде Парагвайдағы ер азаматтардың 85 пайыздайы қырылып қалған болатын. 

 

Өртенген сауда үйінің алдында селфи жасаған өрт сөндірушілер жазаланды

Қазан қаласындағы "Адмирал" сауда үйі өртке оранғанда оның аясында селфиге түскен екі өрт сөндіруші тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

Бұл туралы nur.kz сайты epochtimes.ru ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Селфиге түскенімен қоймай, өрт сөндірушілер оны әлеуметтік желіге жариялап та жіберіпті. Осыған байланысты қаланың Төтенше жағдай қызметі әріптестерінің келеңсіз қылықтарына ашынатындығы туралы мәлімдеп, қалың бұқарадан жекелеген қызметкерлердің әрекетіне қарап, ведомство жұмысын бағаламауларын өтінді. Қазір тәртіп бұзған екі қызметкерге қатысты қызметтік тексеру басталды.

 

Дубайда әлемнің ең үздік мұғаліміне $1 млн табысталды

Дубайда әлемнің ең үздік ұстазына 1 миллион доллар жүлде тапсырылды.

Мектеп ұстаздары арасында тағайындалған Global Education and Skills деп аталатын қомақты жүлде америкалық мұғалім Нэнси Этвалға бұйырды. Ұстаздар арасындағы "Нобель" сыйлығы атанып үлгерген жүлдені иеленуге әлемнің жүздеген ұстазы үміттенген. Қазылар шешімімен ақтық сынға соның он шақтысы жетті. Нэнси Этвелдің айтуынша, ол жеңіске жетемін деп тіпті ойламаған. Тек, көпке өзінің білім беру әдістемесін таныстырғысы келіпті. Тәжірбесі мол мұғалім, бірнеше кітаптың авторы. Жуырда ол әр сыныпта кітапханасы бар өзінің жеке мектебін ашқан көрінеді. "Бұл мүмкін емес. Егер кеше маған жеңімпаз атаанасың десе, мен сенбей күлетін едім. Бұл нағыз ғажайып оқиға. Алғашқы жұмыс күнім есімде. Мен сыныпқа кіріп, оқушыларға қарадым да өзімді үйіме келгендей сезіндім. Мектеп әр адамның өміріндегі ең маңызды орын", - деді Global Education and Skills жүлдесінің жеңімпазы Ненси Этвел.

 

Аналар жексенбілігін атап өтті

Ұлыбритания тұрғындары наурыз айының 15-і күні аналар апталығын атап өтіп жатқанда осы елдегі мұсылмандар жамағаты аналардың құрметіне «Ана және балалардың керек-жарақтары» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Нақтырақ айтқанда, мұқтаж отбасылар үшін жылу жинаумен шұғылданды. Аталмыш акцияға байланысты осынау науқанды ұйымдастырушылар  Facebook, Twitter және Instagram әлеуметтік желілер арқылы #ThankYouMother-ді пайдаланып, анаңа алғыс айту шарасына атсалысуға шақырды.

 

Дубайда көлік құралдары екі есеге көбейген

Соңғы сегіз жылдың ішінде Дубай көшелерінде көлік құралдары екі есеге артқан. Парсы шығанағындағы бұл елдің астанасында бүгінгі таңда бір адамға шаққанда көлік саны Нью-Йорк немесе Лондон қалаларындағыдан көп болып шықты. 2,4 миллион халқы бар аталмыш шаһардың көшелерімен шамамен 1,4 млн автокөлік жүйткіп жүр. Нақты санмен өрнектегенде, әр 1000 адамға шаққанда 540 автокөліктен келеді екен. Ал салыстыру үшін алсақ, Нью-Йоркте бұл көрсеткіш 305 автокөлікті, Лондонда 213 автокөлікті құрайды.

0 пікір
Мұрағат