Жаһан жаңалықтары: Исламды қабылдаған АҚШ сарбазына өмір бойы бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр
|
Ислам дінін қабылдап, ауған тәліптерінің тұтқынынан босаған Боу Бергдалу есімді америкалық сарбазға өмір бойы бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр. Оны отанында бірнеше ауыр қылмыстар бойынша айыптап отыр. Атап айтқанда, дезертирлік, яғни, әскери борышынан бас тарту, ұрыс жағдайында тәртіпті бұзу баптары бойынша айыпталып отыр. Бұл жайында Рейтер ақпарат ресурсы хабар таратты. Пентагон мәліметіне қарағанда ол 2009 жылдың соңында аванпостан ешкімнен рұқсат сұрамай кетіп қалған. Ол тәліптер қозғалысының тұтқынында бес жыл болды. Тәліптер оны әлемге әйгілі Гуантанамо түрмесінде жатқан жақтастарына айырбастайды. Айдахо штатының 23 жастағы тумасы сарбаздар сапынан қалып қойғанда тұтқынға түскенін айтып берген болатын. 2010 жылы ол тәліптерден қашып шыққанымен бес күннен кейін қайта қолға түскен. Ол тұтқында жүріп, хақ жолға түскен екен.
Әлемдегі мұқтаждарға халал тағам ұсынады
Дубайдағы уақыптар мен балиғат жасына толмағандар ісі жөніндегі қор (AMAF) биыл әлемнің әр түкпіріндегі мұқтаж 1 000 000 адамды халал тағаммен азықтандыратын болды. Бұл жайында Islam-today ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш қор өткен жылы Израил езгісіндегі Газа секторының тұрғындарына 200 000 қап азық-түлікті тегін таратқан болатын. AMAF-тың бас директоры Тайып әл-Раис халал тағам пакетіне шариғат талаптарына сай сойылған ірі қараның, тауықтың еті мен үш жылға дейін жарамды көкөністер кірген. «Бұл гуманитарлық жоба осыдан үш жыл бұрын Дубайда бастау алған болатын»,- деді ол Дубай қаласында өткен халықаралық гуманитарлық көмекке қатысты көрмеде. «Салма» деп аталатын бұл қайырымдылық жобасы Ислами экономикалық сыйлыққа ие болды.
Мұсылмандардың психикалық денсаулықты қорғау жиыны өтеді
Осы аптада АҚШ-тың Мичиган штатындағы Дирборн елді-мекенінде әлемде болмаса да бұл елде бірден-бір жыл сайынғы психикалық денсаулықты қорғау жиыны өтеді. Бұл жиын осымен жетінші рет өткізілейін деп отыр. Айтулы шараға дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, діни қайраткерлер қатысады. Мичиган университетінің психиатрия кафедрасының доценті, дәрігер Фара Аббаси осы шараның негізін 2008 жылы қалаған еді. «Бұл кезде мен психиатр болып, жұмыс істеп жүрдім. Мұсылман пациенттердің психиатрлардың көмегіне өте сирек жүгінетініне назар аудардым. Олардың арасында да күйзеліске түскендер, мазасы қашқандар бар. Осы себепті осындай бастаманы қолға алдым»,- деді ол ағынан ақтарылып.
Ыстамбұлда танымал басылымның редакциясын жарып жіберді
Түркиядағы “Адымлар” басылымының редакциясында орын алған жарылыстан бір адам қаза тауып, үш адам жарақат алған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарына қарағанда, аталмыш басылым «Ұлы шығыс ислам майданы» деп аталатын террористік топпен байланысы бар деген күдік тудырған көрінеді. Жарылыс Ыстамбұл шаһарының Каитһан ауданындағы алты қабатты ғимаратта орын алған. Тергеушілердің айтуынша, келген адамдардың бірі тастап кеткен, қолдан жасалған жарылғыш зат іске қосылып, төтенше жағдай орын алған. Жарылыстың күшті болғаны сондай, аталмыш басылымның редакциясы орналасқан үшінші қабаттың тұтас бір қабырғасы опырылып қалған. Сондай-ақ, түріктердің бұқаралық ақпарат құралдарында бұл терактіні ұйымдастырғаандар туралы түрлі жорамалдар айтыла бастады. Мәселен, «Созжу» басылымы мынадай дерек келтіріп отыр: «Адымлар» журналының соңғы санында Күрдістанның экстремистік бағыттағы жұмысшылар партиясы қатаң сынға алынған болатын. Бұл жарылысты солардан көріп отыр.
Нигерия христиандары мұсылман президентіне дауыс береді
Нигерияда алдағы уақытта өтетін президент сайлауына түсетін Мұхаммед Бұхари есімді мұсылман кандидатурасын қолдайтындарын білдіріп отыр христиандар. Христиандардың мұндай қадамға баруына қазіргі президент Гудлак Джонатанның «Боко Харам» радикалды тобымен күресте табандылық таныта алмағаны себеп болған. «Епископтар одан мақсаты биік, ұқыптылықты көріп отыр. Оның бойындағы бұл қасиеттер елдегі тамырын тереңге жіберген сыбайлас жемқорлық пен «Боко Хараммен» күресуге көмектеседі», - деді Майдугури қаласындағы Рим-католик епархиясының хатшысы Джон Бакени (John Bakeni). Бұл жайында Islam-today ақпарат көзі хабар таратты.
10 ел Йеменде әскери операцияға кірісті
Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағының бірқатар елдері Йемендегі жағдайды тұрақтандыру үшін әскери операцияға кірісті. Нақтырақ айтқанда, Сауд арабиясының әскери әуе күштері Йемен астанасы – Сана қаласындағы шииттік бүлікшілердің позициясына соққы берді. Бұл әскери жорық Йемен президенті Әбд Раббу Мансұр Хадидің өтініші бойынша жүзеге асырылуда. Яғни, Йеменнің заңды билігін шиттік көтерілісшілердіен қорғау мақсатында жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, соңғы уақытта Йеменде саяси дағдарыс орын алып, түрлі топтар аарасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Мәселен, елдің оңтүстігінде «Араб түбегіндегі «әл-Каида» радикалды тобы бас көтерсе, елдің орталығында шииттік хусит тайпасы мен үкімет әскері арасында қарулы қақтығыс өршіп тұр. Елдің бұрынғы президенті Абдолла Салехты жақтайтын хуситтер өткен демалыста Йемендегі ірілігі жағынан үшінші елді-мекен саналатын Таиз қаласын басып алды. Аса ірі мұнай өндіруші ел болып табылатын Йеменде әскери жорықтың басталуына орай Brent қара алтынының бір баррелінің құны бірден 59 долларға дейін көтеріліп кеткен. «прайм» ақпарат көзінің хабарына қарағанда WTI мұнайы АҚШ-тағы мұнай қорының молдығына қарамастан одан ары қымбаттай бермек. Түркия сыртқы істер министрлігі Йемендегі халықаралық коалиция күштерінің әскери жорығғына қолдау білдіретінін мәлімдеді.