Әзірбайжан соғысқа сақадай сай
Әзірбайжан соғысқа сақадай сай
6 жыл бұрын 5127 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Әзірбайжанның қарулы күштері Армения басып алған Таулы Қарабақ аумағын азат етуге дайын. Бұл жайында «Интерфакс» ақпарат агенттігі кеше, яғни, маусымның 20-ы күні Әзірбайжанның қорғаныс министрі Зәкір Ғасановтың жасаған мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты. "Біздің мақсат - әскерді соғысқа дайындау. Саяси келіссөздер - біздің міндетіміз емес. Қазіргі уақытта Әзірбайжан әскері жаулап алынған аумақты азат етуге, соның ішінде, психологиялық тұрғыдан дайын",- деп мәлімдеді ол. Осылай дей келе ол әскер қатарындағы әскери қызметкерлердің 80 пайызы елісім-шартпен жүргендер екенін жеткізді. Олардың дені әскери шенділер, сержанттар, т.б. Күллі әскери техниканы ең кем дегенде бес-алты жылдық тәжірибесі бар солар меңгергенін де жасырмады. Әзірбайжан Армениядан өз аумағын бірнеше жыл ішінде азат етуді алдына міндет етіп қойып отыр. Осы мақсатта түрлі әскери техникалар, артиллерия, т.б. сатып алынған әрі өздеріндегі қару-жарақ түрлері жетілдірілген. Сонымен қатар, аталған елдің сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Хикмет Қажиев Таулы Қарабаққа еріксіз қоныс аударған әзірбайжандарды қайтару бағдарламасының әзірленгенін мәлім етті. Арменияның Таулы Қарабақ пен Әзірбайжанның бұдан бөлек тағы жеті ауданын жаулап алуына байланысты бір миллионнан аса әзірбайжандық азамат еріксіз келімсек атанған. Олардың Әзірбайжанға өтуіне Армения билігі қолдан кедергі жасап, тосқауыл қойып отыр. Естеріңізге сала кетсек, Таулы Қарабақ аймағы КСРО тараған кезде даулы аймаққа айналып, екі елді жауластырып келеді. Нақтырақ айтқанда,  әзірбайжандардың атамекені болған Таулы Қарабақта армяндар көптеп шоғырланған. Соған байланысты армян сепаратистері 1991 жылы көптігін пайдаланып, Таулы Қарабақты Әзірбайжанға бағынбайтын дербес аймақ ретінде жариялаған болатын. Әзірбайжан билігі күшпен қайтарып алуға талпыныс жасағанымен онысы сәтсіз аяқталған еді. 

0 пікір
Мұрағат