Араб елінде акулаларды аулауға тыйым салынды
Араб елінде акулаларды аулауға тыйым салынды
4 жыл бұрын 1776 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті. Фото The National

Біріккен Араб Әмірлігінің қоршаған ортаны қорғау және климат өзгерісіне қатысты мәселелермен айналысатын министрлігі жағалау суларында 2021 жылдың наурыз айының 1-нен бастап бес айға дейін акулаларды аулауға қатаң тыйым салды. Яғни, аталмыш тыйым осы жылдың маусым айының соңына дейін күшінде болады. Бұл жайында islam.kz порталы The National ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Бұл шара Парсы және Оман шығанақтарындағы акулалардың балалау кезеңіне байланысты олардың популяциясын көбейту мақсатында қолға алынып отыр. Аталған араб елінде акуланы тек шілде-ақпан айлары аралығында аулауға рұқсат етілген. Оның өзінде де аталған министрлікте тіркелген әрі лицензиясы бар құрал-сайманға ие балықшылар кемесі ғана аулай алады. Осылайша акулаларды аулау кестесі қоршаған ортаны қорғаудың стратегиялық шешіміне сай келеді. Аталған министрліктің балық аулау шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Халима әл Жасми аталмыш тыйымның 2014 жылдан бері қолданылып келе жатқанын жеткізді. Бүгінде аталған араб елінің заңнамасында акулалардың жүзбе қанаттарының мұздатылған, күнге қақталған, тұздалған, ысталған, консервіленген немесе өзге де түріндегі импорты мен экспортына тыйым салынған. Аталған министрлік өкілінің айтуынша, акулалардың популяциясы жүзбе қанаты мен етіне, желбезегіне сұраныстың артуына байланысты көп азайып кеткен. Бүгінде аталған араб елінің жағалау суларында акуланың 43 түрін, скаттың 29 түрін кездестіруге болады, олардың 42%-ы жойылу алдында тұрғандықтан Қызыл кітапқа енгізілген. Аталған араб елінің жағалау суларында китті акулаларды да жолықтыруға болады – олардың дене тұрқының ұзындығы 12 метрге дейін жетеді, ал салмағы 40 тоннаға дейін тартады.

0 пікір
Мұрағат