Араб елі шариғи жазаның бірқатарын қолданыстан алып тастады
Араб елі шариғи жазаның бірқатарын қолданыстан алып тастады
3 жыл бұрын 3182 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Біріккен Араб Әмірлігі дінімізде ауыр күнәлардың қатарына жататындықтан шариғи жаза қарастырылған заңнамасында түзетулер енгізді. Атап айтқанда, ішімдік ішу, өз-өзіне қол жұмсауға оқталу және неке қидырмай жұп құрып, бірге тұрғандарға, яғни, ашықтан ашық зинаға барғандарға қатысты жазаны қолданыстан алып тастады. Бұл жайында islam.kz порталы аталған араб елінің WAM ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Өткен сенбіде БАӘ президенті Халифа бен Зейд әл Нахайян адамның жеке басының мәртебесіне қатысты заңға, сондай-ақ, азаматтық қатынас пен қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық кодекске ішінара түзетулер енгізген. Ал National әмірлік мерзімді басылымының жазуынша, ендігі жерде ішімдік ішу аталған ел аумағында қылмыстық іс болып саналмайды. Яғни, ішімдік ішкендер заңмен қудаланбайды. Осыған байланысты жасы 21-ден асқан ел азаматтарына белгілі бір қоғамдық орындарда ішімдік ішуге  рұқсат етілген. Бұрын тек асы 21-ден асқан әрі мұсылман емес шетелдік туристерге ғана мұндай рұқсат берілген болатын. Таяу Шығыста ықпалы басым Саудияда тақ мұрагерінің пәрменімен экономиканы әртараптандыру, мұнай шикізаты экспортына тәуелділіктен құтылу мақсатында жүргізіліп жатқан экономикалық-әлеуметтік реформалар аталған елдің жақын одақтасы саналатын БАӘ-нің қоғамдық-саяси өмірінде көрініс таба бастаған секілді. Десе де бұрын да айтып өткеніміздей, Саудия АҚШ-тың империалистік мұратын бағдар етсе, БАӘ Ұлыбританияның қаржылық-милитаристік құрылымына бүйрегі бұрады. Сонымен БАӘ билігінің елдің қоғамдық-саяси құрылымын ырықтандыратын мұндай қадамдарға неліктен барып отыр? БАӘ билігінің таяуда Израилмен жан-жақты, толыққанды, дипломатиялық, экономикалық, т.б. қатынас орнатқанын білесіздер. Сарапшылар аталған араб елінің мұндай қадамға баруына Ираннан төнген қауіппен байланыстырып түсіндіруге тырысуда. Израил америкалық F-35 жойғыш ұшағына қол созып отырған жалғыз ел емес. Израил аталған жойғыш ұшағына жалғыз бір өзі ие болғысы келеді. Осылайша аймақта әскери айбатын асырып, ықпалын арттыруды көздейді. Соңғы «ұзынқұлақ» ақпаратқа қарағанда АҚШ билігі жойғыш ұшағын БАӘ-ге де сатуды мақұлдаған. Әрине, АҚШ мұндай қаруын белгілі бір шарттармен сататыны белгілі. Араб елінің әлгіндей өзгерістерге бет бұруының астарында АҚШ ықпалы жатуы да мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды.

0 пікір
Мұрағат