Әлемдік қарыздың мөлшері рекордтық деңгейге жетті
Әлемдік қарыздың мөлшері рекордтық деңгейге жетті
11 ай бұрын 714 Материалды көшіріп басқан жағдайда islam.kz порталына сілтеме берілуі міндетті. Фото: Fayaz Aziz / Reuters

2023 жылдың алғашқы тоқсанында әлемдік қарыз мөлшері 8,3 трлн долларға артып, рекордтық деңгейге жетті – 305 трлн доллар. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Халықаралық қаржы институтының (IIF)  Global Debt Monitor есебінде келтірілген дерекке жөн сілтеген CNBC ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Дамушы елдердің жалпы қарызы 2019 жылы 75 триллион доллар болса, биыл бұл көрсеткіш - 100 триллион доллардан асқан, бұл сома жалпы ішкі өнімнің шамамен 250 пайызын құрайды. Бұл тараптағы көрсеткіштің өсуіне Қытай, Мексика, Бразилия, Үндістан және Түркия сияқты елдер ықпал еткен. Дамыған елдердің арасында осы тоқсанда Жапония, АҚШ, Франция және Ұлыбритания қарызы көп артқан. 2008-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыстан кейінгі ең қатаң қаржылық жағдайларды ескере отырып, IIF сарапшылары АҚШ-тағы үлесі 14 пайызға жақындаған көптеген «зомби компаниялары» пайда болуы мүмкін екенін болжап отыр. Мұндай компаниялардың әдетте өз қызметін жалғастыруға және қарыздар бойынша пайыздарды төлеуге жеткілікті кірісі болғанымен негізгі қарызды өтеуге қауқарсыз келеді. Мұндай компаниялар алған кез келген қаражат несиелерді өтеуге жұмсалады, осылайша ұйым «не өлі емес, не тірі емес» дүбәра күй кешеді. IIF өкілдері Америка Құрама Штаттарындағы мұндай фирмалардың едәуір бөлігі денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар секторларында жұмыс істейтінін жасырмайды. Сөз орайы келгенде айта кеткен жөн, ақпан айында еуропалық елдердің қарызы жыл басынан бері (яғни, бір айдан аса уақыт ішінде) 32 млрд долларға жеткен болатын. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қарыз мөлшерінің екі есеге артқанын көрсетеді.

0 пікір
Мұрағат