Алалаудың арты адам өліміне апарып соқтырды
|
Тек байларға ғана қан құйған Кристиан Мария Стоян есімді дәрігердің кесірінен жеті адам бақилық болды.
Румынияның оңтүстігінде орын алған осынау сорақылық әлем жұртшылығын аяғынан тік тұрғызды. Қоғамдық қан құю орталығының директоры Кристина Мария Стоян тұрмысы төмен, жағдайы жоқтарға және нәсілдік кемсітушілікке жол бергені үшін, яғни, сығандарға дәрігерлік көмек көрсетуден бас тартқаны үшін айыпталып отыр. Оның кесірінен жеті адам көз жұмған. Пациенттер тарапынан түскен шағымдардың негізінде полиция қызметкерлері дәрігердің телефонын тыңдаған екен. Телефондағы әңгімеден байқалғандай, Кристиан Мария Стоян 13 жастағы сыған қызына жеткілікті қан құюдан бас тартқаны белгілі болды. Дәрігердің қатыгездігінен жасөспірім қыз қыршынынан қиылған. Сондай-ақ, өткен жылдың қазан айында бас дәрігер мен оның қол астындағы қызметкердің әңгімесі де былайғы жұрттың жағасын ұстатып отыр. Медбике бастығына телефон шалып, енді ғана босанған 20 жастағы келіншекке дереу қан құюдың қажеттілігін баяндайды. Қан құйылмаса өліп кету мүмкін екенін де ескерткен. Бас дәрігер жауабында: «Онымен қоштаса беріңдер. Отбасына көңіл айтуды ұмытпаңдар», деп мұқатқан. Полиция қызметкерлері «оның кесірінен кем дегенде жеті адам өмірден өткен» деп күдік келтіріп отыр. Із кесушілер, сонымен қатар, оның ықпалды әрі дәулетті пациенттерге бүйрегі бұрып тұратынын анықтаған. Мәселен, ол енесі сырқаттанып қалған жергілікті шенеунікке қан толтырылған бірнеше банкіні ойланбай бере салған. Кристиан Мария Стоян қазіргі уақытта қамауда отыр.