ТАМАҚ БЕРУ – ДІНІМІЗ ҺӘМ ДӘСТҮРІМІЗ
ТАМАҚ БЕРУ – ДІНІМІЗ ҺӘМ ДӘСТҮРІМІЗ
10 жыл бұрын 6364
Қайрат Жолдыбайұлы

Бір кісі ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алланың елшісі! Исламдағы ең жақсы істі айтыңызшы», -деді. Сонда Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Тамақ жегізуің және танитындарыңа да, танымайтындарыңа да сәлем беруің», - деді.

Қасиетті Құранда «Адам» деп аталатын сүре бар. Сол сүреде нағыз жақсы мұсылмандардың ақиреттегі сыйы баяндалады. Ал олардың бұл дүниедегі бір мінезі былайша сипатталады: «Олар өздері қатты қалап тұрса да, тамақтарын пақыр-міскіндерге, жетімдерге және тұтқындарға  жегізеді» («Инсан» сүресі, 8-аят).

Біз кейде мән бермеуіміз мүмкін. Бірақ өзгеге, әсіресе, жетім-жесір, ғаріп-міскіндерге Алла разылығы үшін тамақ берудің ақиреттегі сыйы өте үлкен.

Біріншіден, жұртқа тамақ беру бауырмашылдықты арттырады. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Сәлемдесуді жайыңдар, тамақ беріңдер, Алла Тағаланың сендерге бұйырғанындай бауыр болыңдар!», - деген.

«Қонақ күте алмағандарда береке жоқ» деген хадис те бар. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйесі мен сиыры көп байдың үйіне келеді. Бірақ бұл кісі Мұхаммед Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) тиісінше күтіп алмады. Артынша бірнеше қозыдан басқа малы жоқ бір әйелдің үйіне келеді. Ол кісі қозыларының біреуін сойып, Пайғамбарымызды күтіп алады. Осының бәрін байқап келе жатқан Алла елшісі (с.ғ.с.): «Мына екі кісінің мінезіне қараңдаршы. Әлбетте, көркем мінезді беретін Алла ғой. Жақсы мінез-құлықты қалаған құлына береді», - деді. Алла елшісі (с.ғ.с.) мыңғырған малы бола тұрып, келген қонаққа тамақ бере алмаған адамды жақтырмағаны хадистен түсінікті. Сондықтан қазақ халқы күні кешеге дейін танығанды да, танымағанды да үйге түсіріп тамақ-сусын беруді қалыптасқан заңға, ұлы дәстүрге айналдырды. Егер бірді-екілі жүрегін дүние кірі басқан кісілер кездессе, ондайларды өткір сынға алып, жөнге келтіріп отыруға тырысқан. Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жоғарыдағы оқиғасымен мазмұндас мына бір тағылым соның дәлелі.

Бірде Байсерке шешен жігіттерімен жолаушылап келе жатып бір ауылға бұрылады. Ауылдың шет жағындағы ақ үйдің сыртында керілген ұзын желіде қырық шамалы құлынның байлаулы жатқанын көріп, сол үйдің алдына келеді. Далаға шыккан үй иесі жолаушыларды салқындау қабылдап: "Әйелім көрші ауылға қыдырып кетіп еді, Сіздерге сусын сапырып беретін кісі жоқ", - дейді міз бақпастан. Жолаушылар байдың сараң екенін сезіп аттың басын бұрып алып ауылдан ұзай береді. Бұл жайдың бәрін естіген бір кедей атқа міне шауып, жолаушыларды куып жетеді де: "Қуыс үйден құр шықпа" деген емес пе, ауылдың үстіне келдіңіздер, ас ауыз тиіңіздер", - деп, оларды үйіне әкеледі. Сусындары қанған Байсерке дастарқан жиярда бата береді: «Бес биенің қымызы, Бес дуан елге жетсін, Қырық биенің қымызы, Қыдырған қатынмен кетсін, - аумин! - депті. Бұл батаны әлгі сараң бай есітіп артынан шапса, Байсерке оған қайырылып қарамапты.

Тамақ беріп, қонақ күту адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан көне дәстүрге жатады. Мысалы, Пайғамбарлар атасы саналатын Ибраһим Халилуллаһ (а.с.) жалғыз өзі дастарханға отыра алмайды екен. Тамақ жейтін болса, төңірегін қарап жүріп өзімен бірге отырып ас ішетін қонақ іздейді екен. Әр күні оның үйінде үштен отызға дейін қонақтар ас ішетін. «Қонақтардың әкесі» деген лақап атқа ие болуы сондықтан болса керек.  

Жалғыз отырып тамақ жемеу де біздің момын жұртымыздың қанына әбден сіңген қасиет. «Үйден қонақ үзілмейтін», «дастархан жиналмайтын», «әжеміз қазанға етті үнемі мол қылып салдыратын» деген сөздер көп айтылады. Бұл біздің әлі күнге дейін қонақжай екенімізді білдірсе керек.

Міне, қасиетті Рамазан айындамыз. Аузы берік жандарға сәресін беру, ауыз аштырудың мұсылманға екі дүниеде берері мол. Айналамызда жоқшылықтан жарытып тамақ іше алмай жүрген қаншама бауырларымыз, ағайын-туыстарымыз бар. Шын мұсылман болсақ, шамамыз жеткенше соларды түгендеп отыруымыз қажет. Жаратушы Иеміз Алла Тағала Қиямет күні айтады екен: «Әй, адам баласы! Мен аш қалып едім, сен маған тамақ бермедің ғой». Сонда адамдар: «Уа, Алла Тағалам! Сен бүкіл ғаламдардың раббысың! Саған қалай тамақ беруіміз мүмкін» дейді. Сонда Жаратушы Иеміз: «Діндес бауырың аш отырды. Соған тамақ бергеніңде Маған тамақ берген болар едің», - дейді. Бұл бәріміздің де басымызға түсуі мүмкін жағдай. Сондықтан шамамыз келгенше, жұртқа ас ішкізуге күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.

0 пікір