Хәкім АБАЙДЫҢ жерінде
Хәкім АБАЙДЫҢ жерінде
10 жыл бұрын 7342
Марфуға Шапиян

«Ары-бері өткен мұсылман дұға жасамай өтпесін»

Қасиетті Абай топырағына жақын қалдық... Жүрек лүп-лүп етеді. Бұл жерге менен сәл ғана бұрын келіп кеткен әріптесім Бағашар айтпақшы: «Абай басқан жерді көргенде мұндаймыз. Ертең Пайғамбардың табаны тиген топырақты көрсек не болар екенбіз?!»

Абай туралы аз жазылмады, аз айтылмады. «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» деген Мұхтар Әуезов айтқан сөзді басшылыққа алып, талай жас Абай тереңіне сүңгуге талаптанып көрді. Бүгінде олардың көбі қария... Біз де сол Абай әлеміне шырақ алып, еніп көрмекке жиі ұмтылудамыз. «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым», - дейді данышпан туралы төрт том жазып, оны әлемге әйгілі еткен жазушы Әуезов. Ал біздікі, ең болмағанда Абай мұхитынан бір ғана тамшы бұйырар ма екен деген есекдәме. Ақынның Жидейбайын көру бұрыннан арманым еді. Соның сәті биыл түскен екен, Семейге, одан ары Қарауылға жол тарттым. Алдымен ат басын Абайдың өзі жатқан кесенеге қарай бұрдық. Ақын сүйікті інісі Оспанның жанына жерленген. «Аусар, аңғал, көңілі сүйген кісіге көл болып төге салатын, көңілі сүймеген адамды үйінен сүйреп тастайтын» сүйенішіне айналған ерке інісінің ажалы Абайдың қабырғасын қайыстырып-ақ жіберген деседі көзкөргендер. Сол інісінің басына Абай өз қолымен тас орнатып, оған араб қарпімен: «Олай-бұлай өткен мұсылман дұға жасамай өтпесін» деген жолдарды ойып жаздырыпты. Бұл тас қазіргі күні Оспанның басында емес, Абай мұражайында тұрса да, ақынның кейінгіге айтқан өсиеті сол ғой деп, Құран бағыштап, дұға оқыдық. 

Абай мен Шәкәрім жатқан жерді зиярат еткеннен кейінгі аялдама ақынның әжесі Зере, анасы Ұлжан, ағасы Құдайберді жатқан қорым болды. Зере әженің бауырында өскен Абай, осы бір алып анаға қаншалық қарыздар десеңізші. Ал өз анасы Қаракесек ішіндегі Бертіс тұқымынан тарайтын Ұлжанның тегінде бар тауып айтқыштық қасиет Абайға да жұққан екен. Құнанбайдың бәйбішесі Күңкеден туған ағасы Құдайберді жастай аурудан қайтыс болған. «Қайғы жас жүрекке қатты батады екен. Бәкемнің өліміндей қатты батқан өлімді көрмедім» деген осы ағасының рухы екі ананың жанында тыныштық тауыпты.

 

 

Абай тұрған үйде болдық

Енді Абайдың мұражайына қарай жақындадық. Бұл хакімнің өмірінің соңына қарай өз қолымен салдырған, өзі тұрған қыстауы екен. Кезінде Кеңес үкіметінің кеңсесіне айналса да, кейіннен ақынның өзіне мұражайы боп қайтыпты. Мұражайдың құрылғанына 70 жылдан астам уақыт өткен. Орта есеппен жылына 20 мыңнан астам адам келеді дейді қызметкерлері. Біз барғанда да, кісі аяғы үзілмей, жұрт келіп-кетіп жатты. Мұражай сыртында ақынның алыс жерлерге бару үшін қолданған атқа жегілетін арбасы тұр. Есіме ұлы Тұрағұлдың: «Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты, мен есімді білгенде алысырақ жерге арба жегіп, 30-40 шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді» деген естелігі түсті. Сондағы арбасы осы болса керек деп ойладым.

«Бісміллә» деп үйіне ендік. ХІХ ғасырдың соңында іргесі қаланған шаңырақ қой, едендері сықыр-сықыр етеді. Хакімнің шежіресінен басталған таныстыру ары қарай жалғасып жатты. Мұражайда Абайдың әртүрлі суретшілер әр кезде салған суреттері ілініпті. Шын Абайға ұқсай ма екен дегендей, анасына бір, мынасына бір үңілемін. Тіліме еріксіз Жамбыл ақынның:

Мынау тұрған Абайдың суреті ме,
Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне?
Ақын атын таратқан әрбір нұсқа,
Соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа,
Арғын-Найман сөзіне таңырқаған,
Қандай арман бар дейсің бұл туыста,

– деген жолдары орала берді. Мұражай қызметкері: «Абай мына жерде отырып, өлең жазған болуы керек» деген тұсқа ерекше назар аударыңқырап қарадым. Баласы Тұрағұл 1889 жылы әке жанында алты ай болғанын еске алып, оның үйдегі өлең жазар алдындағы жағдайын былайша суреттеуші еді ғой: «Таңертеңнен кешке шейін көбінесе орыстың кітабын оқиды да, ара-тұра жастықты бауырына басып, алдында ақ қағазы, өлең жазып тастайды, сол өлең жазардағы түрі: бір мұсаға мінген кісідей өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайды, естір-естілместей қып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп кеп, жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де. Өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды». Міне, енді мен де сол Абайдың бізге мұраға қалдырған өлеңдері жазылған жерде тұрмын.

Әйгерімнен туған ұлы Тұрағұл әкесі туралы жазбасында: «Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақытты өзіне абақтыдан кем көрмеуші еді. Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді. «Қорықпақ пен сүймек от пен су секілді бір жерде жиылмайды, адам сүйген адамның ақылын ұғып, содан баһыра алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды» деп, көз алдында қандай ойын ойнап, күліп отырсақ та, тыйып-қақпай, еркін еркелетіп отырады да, алдынан қашып, жасырынып, жаман-жәутіктермен ойнағымыз келгенін көрсе, қатты ренжіп ұрсып, былайша айтып сөгуші еді: «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата-анасынан, ұстазынан, құрбысынан, әсіресе солардың қайсысын жақсы көрсе, содан көбірек жұғады. Сендердің менен жақсы көріп, барғыларың келіп тұрған жақсы құрбыларың қайсы?» деп, ондай жаман адамдардың мәжілісінен әйел баласындай қорғаштап, тыйып өсіргісі келді», - деп естелігін ары қарай жалғайды. Сол өсиет те осы үйде айтылған болса керек.

Бір бөлмедегі үстел үстінде Абайдікі деген тоғызқұмалақ жатыр. Жұрттың көзі тая бере, кемеңгердің қолы тиген асыл бұйым ғой деп сипалап, ұстап көреміз. Абайдың ең қызығып ойнаған ойындарының бірі осы тоғызқұмалақ болыпты. Бір бұрышта Ұлжанның легені мен құмғаны. Оның өзін «Бала күнінде Абайды осында шомылдырған болуы да мүмкін» деп бір күлдірді біздің жол бастаушымыз. Енді бір бұрышта Абайдың Әйгерімге жасатқан ер тоқымы. Ол да екеуара сүйіспеншіліктің белгісіндей.

Мұражайда Абайдың үш әйелі Ділдә, Әйгерім, Еркежанның да қолданған заттары, жасауларымен келген төсектері сақталған екен. Әуезов «Абай жолында» Ділдәні Алшынбайдың тұқымы болған соң жағымсыз образда беріп, Әйгерім кедейдің қызы болғаннан кейін жақсы бейнеде амалсыз көрсеткен деседі. Романда Еркежанға Абайды үйлендірмейді. Ал ақиқатында інісі Оспанның жесірі Еркежанға кейіннен үйленген. Еркежанның кісі бойына шақ келер айнасы да осы мұражайда сақталған.

 

Шариғаттың білгірі Құнанбайды жек көруім

Енді бір бұрышта Құнанбайдың қажылық сапарынан, яғни Меккеден киіп қайтан тақиясы тұр. Ақынның әкесі Құнанбай дініне берік, дана кісі болған. «Абай жолында» сол кездегі саясаттың кесірінен дұрыс көрсетілмей қалған тағы бір ақиқат осы Құнанбай бейнесі. «Абай жолының» алғашқы томында Қодар мен Қамқаға тас атылып өлтіріліп, бала Абайдың өлтіруші топтың үстінен түсіп, ауырып қалатын тұсы бар еді ғой. Екі мұңлықты өлтірткен Құнанбайды оқып отырған оқырман, яғни біз жек көріп кетуші едік қой. Міне, Абай жеріне бара жатып осы оқиға ауық-ауық ойыма оралып отырды. Көкірегіне талай сырды толтырып, үн-түнсіз дала жатыр. Ал мен бұл өлкенің әр жықпылынан тарихи сыр іздеп келемін. Негізінде Қодар мен Қамқа оқиғасы өмірде болса да, М.Әуезов суреттегендей емес, басқаша орын алған. Себебі Әуезовтің жазуында шариғатқа қайшы тұстар кездеседі. Ілгеріде осы Қодар мен Қамқа оқиғасы жөнінде жазушы Тұрсын Жұртбаймен сұхбаттасқаным бар еді. Сонда ғалым бұл атышулы оқиғаның тарихта расымен болғанын тілге тиек етіп: «Әуезовке ешкім мін таға алмайды. Өйткені бірде-бір авторлық мәтінде «Қодар-Қамқа оқиғасы болмады» деген сөз жоқ. Басқа кейіпкерлердің ойына салып берген. Қодар – атасы, Қамқа – келіні, жалғыз ұл қайтыс болған. Сол келініне Қодар алып қашып үйленген. Біздің өңірде Қодардың Қамқаны алып қашқан тауы әлі де бар. Қодар Қамқамен қоса сол ауылдың он шақты қыз-жігіттерін де бірге алып кеткен. Тауға барып, ол жердің бүгінгі біздің «Саин көшесіне», яғни жынойнаққа айналдырған ғой. Егер атасы өзінің келініне үйленсе, оған тиым салынбаса, жаза қолданылмаса, Құнанбай елді қайтіп билейді, елдің арын қайтіп ұстайды, ұрпаққа қайтіп иман үйретеді?» – деген еді. Сөйтсек олар жазаға лайық екен. Ал сондай жаза дайындаған Құнанбай шариғаттың білгірі екен. Құнанбайды жек көріп жүрген басым осы әңгімеден кейін оны ақтай бастады. Мынандай да оқиға айтылады. Бірде Абай әкесі кітап оқып, ой құшағында жүр дегенді естіп, ауылға келеді. Құнанбайдың кітаптан күніне бір-екі бет қана оқып, ой үстінде жүргенін байқайды. Бір апта өткеннен кейін Абай әкесіне: «Тәте, мына кітапты ұзақ оқыдыңыз ғой. Мағынасы терең кітап па?» - деп сұраса, қажы: «Иә, бұл кітаптың маңынасы терең, тариқат қой» - деп жауап беріпті. «Тәте, сізді дін ғылымының данышпаны, ақиқаттың алдында жүр ғой десем, әлі тариқатта жүрсіз бе?» дейді Абай. Сонда Құнанбай басын шайқап: «Әй, Абайжан. Мен сені толық сауатты ма десем, әлі кемеліңе жетпепсің ғой. Танымның негізі осы тариқат емес пе? Тариқатсыз шариғат та, мағрифат та, ақиқат та жоқ. Осыны ұқпаған екенсің ғой» - дейді. Сонда Абай үнсіз қалып, былай шыға бере: «Тәтемнің ғылымы неткен терең еді?! Орынсыз сұрақ қоюға болмайды екен, «Ақиқаттың алдында тұрсыз» дегенім – өлім тілегенім екен ғой» деп қатты өкініпті. «Төрт кітаптың шындығына көзі жеткен дана Абайдың өзін орнына қойып, жүрегін суытқан Құнанбайдың білім дәрежесі сонда қандай деңгейде болғаны?» - деп ерекше таңданыс білдірген еді Тұрсын аға.

                                                             

«Абай шын мағынасындағы мұсылман еді»

Абайдың жолдасы, шәкірті Көкбай ақын: «Ұдайы жолдас болған уақытымда көп байқаған нәрсем бар: орыс болсын, қазақ болсын, жақсы, жаман болсын, әрқашан мінезінде бояма болмай, шынымен келген кісіні жақтырушы еді. Абай шын мағынасындағы мұсылман еді. Бірақ мұсылманшылығы молда, қожа айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, үлкен сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні етіп қолданған. Абайдың діні мұсылмандықтың ішінде осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақыл діні еді. Онан соң, жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін», - дейді өз естелігінде. Оның бұл сөзіне ел ішінде жүрген мына оқиға да дәлел болса керек.

Бірде Семей қаласына өзге дінді жаюшы миссионер келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда-имамдармен сөйлесемін дегенде, Семей қаласының оқымыстыларының барлығы бірауыздан Абай атын атапты. Абай мен миссионер Сергей дін жайын жан-жақты әңгіме етіп отырыпты. Сонда Сергей: «Мұсылман дінінше Құдай күш иесі, қорқытушы, сондықтан Құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты» дегенінде, Абай оған: «Біздің Құдай – Рахман, Рахим. Қуат иесі ғана емес, рахым да қылушы. Қуаты қара күш бастаған қуат емес. Махаббаты бар қуат, әке мен баланың арасы сияқты әкеше сүюші ие», - деген көрінеді. Абай болса Сергейге христиандардың «үш жүзді құдай» деген ұғымына қарсы дау айтып: «Бірлігіне үш жүзді болу сыя ма, сол үш сипат бір жүзінде болса, құдайлығына көп бола ма?» - десе керек. Сергейдің қасында Семейдің көп поптары болыпты. Олар мұсылман дініндегі ұсақ мәселелер бойынша Абаймен дауласпақ болғанда, Сергей поптарды тоқтатып: «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес», - деп тоқтатқан деседі.

Қазақты сүюдің үлгісін көрсеткен ақын туралы Тұрсын Жұртбай: «Абай – қазақтың өкпе-бауыры ғой. Ренжісең – өкпе, жақсы көрсең – бауыр» дейді. Бұдан артық мен не айта алармын? Біздің қолдан келері «Толық адам» болуды, «үш сүюді» негізге алуды өсиет еткен кемеңгердің айтқанын алдымен өзіміз орындау, сосын өзгеге үйрету ғана...

2 пікір
  • Абай Кунанбаев
    10 жыл бұрын
  • Даналықтан Абай атаң насихатпен,
    Дәстүрін түгел тізген ата салтпен.
    Әрбір өлең мәні бар санмен берген,
    Қара сөзін оқысаң дәстүрден ғибаратпен.

    Дін керек көңілді пенде тазартуға,
    Мінез керек, жан ғылымын жаңғыртуға.
    Қазақтың дәстүрі деген- ар білімі,
    Имандылық өз ұлтыңда дін салтыңда.

    Дәстүрді меңгеру байланысты санаменен,
    Ал санаң, байланысты нәзіктер қаныменен.
    Анаңның сүті таза, ділінің қуаты кеп,
    Ердің қаны тазараған жарының суаты мен.

    Ер мен әйел достығын толық білмей,
    Әр ісіңді ар, ұятпен өлшеп көрмей,
    Дәстүрін ұлтыңның меңгеріп біле алмассың
    Сөз астарын, меңгеріп сұхбат білмей.

    Үйлену оңай да, ал үй болу қиын деген,
    Абай атаң дәстүріңнен үгіт берген.
    Ары бар, ұяты бар, зерек есті білген
    Қызды ал, деп ата-ана салтын көрген.

    Болмаңдар сасық милы, суық ойлы,
    Таза ұстаңдар дегенді ар мен бойды.
    Төбеде салыңдар, деп жанның үй бақшасын,
    Жар төсегі болар еді ұжмағың абыройлы.

    Арзан күлкі, жас баладай асық ойнар,
    Болмаңдар деген мұндай іске және құмар.
    Заманның бар салтына күйлей берсең
    Жыртың-тыртың, ойнастан арың тозар.

    Талаптан, адал еңбек ет, сат теріңді,
    Меліш сауда дәстүріңе жат дегенді.
    Татулық, құрбы, құрдас жолдастықты,
    Қиянатсыз, айнымастай сақта деп көңілді.

    Үлкенді сыйлау дәстүрі ұлтыңның еді,
    Үлкендерден үлгі алу, шапағат дегенді.
    Бес қуатты жұмсаумен, алтыны алсаң,
    Бұл рухани тазару, дін дәстүрі болар деді.

    Абай дана дәстүріңді түгел жазған,
    Дүниемен, ақиритті қосып баққан.
    Қызылбастан келетін діннің салтын,
    Имансыздыққа бастар жол, деп айтқан.

    Әулиелігі Абайдың айналды бүгін шынға,
    Өзге елден сөз сатып алған, болды мырза.
    Бар сөздің түбі араптан шықты деген,
    Дінші, ғалымдарың түсірді елді зұлымдыққа.

    Астарлап жан сырынан сөз қалдырған,
    Өлмейді жан, мәңгілік деп атаң жазған.
    Әулиеңнің жаны басқа, шайтан деумен,
    Масһабшылар зұлымдықпен елді аздырған.

    Құл емес, құлға қожа болып өткен,
    Ясауи дана салған дәстүріңді және тепкен.
    Бес парыз деп, ғылымы жеті жолдың
    Ханафилік тәңірге шоқынуға билік еткен.

    Пайғамбар сөз асыл еді, үлгісі адамзаттың,
    Діндердің ортақ дін дәстүрін тұрақтатқан.
    Сегіз түрді меңгеруге сынақ қылып,
    Әр ұлтқа өз жобасын иманмен, серік қылған.

    Қоштасып ақиретке кетерде ұзақ жолға,
    Пайғамбарымыз серікке қос, деп жалбарынған.
    Иманды келтірдім деген, серігіне қосылумен,
    Кітапқа, жалғануды бар ма дінші ұққан?

    Мүміндік дәстүрі еді Абайдай даналардан,
    Ақирттен дос тауып, аруағын серік қылған.
    Дүние жолдас, ақиритке бірдей болмас,
    Доссыз, серіксіз алты дәмнен, аузың тұшымас.

    Серігің иманыңды, діншілер шерік атап,
    Рух деген сөзді, жан дейді ғалым масаһаб.
    Қазақты білімді бар қауымы бұған көніп,
    Ясауи, Абай, Шәкәрімдер дәстүрін кетті тастап.

    Масһабта тілдеспейтін болды; «өлі құдай»,
    Тірілуге емес, жансыз дінге шоқындырды ай.
    Санды біліп, жанды сөзден уахиға жалғана алмай
    Үлкендердің миы суып, жындылықтан есі азды ай.

    Ел билік- жынды өңшең сөз ұқпайды,
    Дүние болса, сатып алмақ бар жағдайды.
    Талай жас қыршынан қилып қырылғанмен,
    Ай сайын дәстүрлі дін атап, ел жинайды.

    Мақтайды құдайды емес өз-өздерін,
    Заманды да дүние ісімен жеңгендерін.
    Арсыздыққа дәріптеп көпшілік қол соғады,
    Абайды жынды, өздері әулие болып аталады.

    Құдай мұндай арсыздыққа жауап берер,
    Мезгіл бұл жақсы-жаман шегін белгілер.
    Жамандықты бір арнаға жинап болса,
    Қай күні, ажал оғын кімге түсірер, көзің көрер.
    (Т.Б.К Желтоқсан 2013)
    10 жыл бұрын