Музыка тыңдау харам ба?
Музыка тыңдау харам ба?
10 жыл бұрын 49111
Қайрат Жолдыбайұлы

Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Абай

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ән, музыкаға рұқсат ететін де, тыйым салатын да көптеген хадистері бар. Музыкаға байланысты дәлелдердің әр түрлі болуына байланысты ғұламалардың кейбіреуі жалпы музыканы харам десе, енді біреулері адамға пайдалысы адал, ал зияндысы харам деп пәтуа берген [1].

 

Жалпылай барлық музыканы харам дейтіндердің дәлелдері

1. «Адамдардың арасында ешбір (дәлелге сүйеніп) білімге жүгінбестен елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын (немесе ақиқатпен айырбастайтын) әрі Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар. Оларға Алланың қорлайтын азабы болады» [2].

Бұл аяттағы қазақша «бос сөз» деп аударылып отырған «ләһуал-хадис» сөзі көңіл көтеру үшін ойын-сауық мақсатында айтылатын әртүрлі хикая, әзіл-оспақ, ертегі секілді сөздерді, әңгімелерді де қамтиды.

Кейбір ғалымдар «ләһуал-хадис» сөзін Ибн Аббас сияқты кейбір сахабалардың «ән» деп тәпсірлегенін негізге алғандықтан музыканың харамдығын білдіретін дәлелдердің қатарында қолдануға тырысқан.

Алайда бұл аят жалпылай барлық музыканың харамдығына дәлел бола алмайды. Себебі, тәпсіршілер-дің бәрі бірдей «ләһуал-хадис» сөзін тек қана «ән» деп тәпсірлемеген. Бұл аяттың түсу себебіне үңілер болсақ «ләһуал-хадис» сөзінің жалпылай барлық музыканың харамдығын білдірмейтінін түсінеміз.

Надр ибн Харис деген Меккелік мүшрік Иранда сауда жасап жүріп, сол жақтан қызық дастандар мен хикаяларға толы кітап сатып алып келеді. Сол кітаптағы хикаяларды Меккеліктерге оқып беріп отырып былай дейді: «Мұхаммед Ад және Сәмуд қауымдары туралы баяндаса, міне, мен де сендерге Рим және өзге елдердің мысалдарын әңгімелеймін» деп халықтың көңілін Құраннан қайтармақ болған. Осы оқиғаға байланысты жоғарыдағы аят түскен.

Екіншіден, аятқа толықтай үңілетін болсақ, «...елді Алланың жолынан адастыру үшін бос сөздерді сатып алатын әрі Хақ жолын келекеге айналдыратын адамдар бар...» делінген. Яғни, бос сөздерді жай сатып алатын адамдар емес, Алланың жолынан елді адастыру мақсатында сатып алатын және хақ жолын, Құран аяттарын келекеге айналдыратын адамдар делініп тұр. Ал халықтың көңілін Құраннан алшақтатып, хақ діннен адастыру мақсатында атқарылатын қандай да бір істің, тіпті пиғылдың күпірлік екені айтпаса да түсінікті.

Ендеше, аяттың мұсылман жандармен әрі дұрыс музыка, пайдалы әуенмен тікелей байланысы жоқ екені анық. Ал егер музыканы адамдарды адастыру үшін, дінді келеке ету мақсатында қолданса, онда ол аталмыш аяттың аясына кіргендіктен, ондай музыканың харамдығында еш шүбә жоқ.

2. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахихул-Бухари хадис кітабындағы:

لَيَكُونَنَّ مِنْ أُمَّتِي أَقْوَامٌ يَسْتَحِلُّونَ الْحِرَ وَالْحَرِيرَ وَالْخَمْرَ وَالْمَعَازِفَ...

«Үмбетімнің арасынан әйелдің жыныс мүшесін (яғни, зинаны), жібекті, арақты және музыка аспаптарын адал санайтын қауым (топ) шығады...» [3], – деген хадис музыканың харамдығын білдіретін ең қуатты дәлел ретінде келтіріледі.

Бұл хадистен, бір қарағанда, музыканың харам екендігін түсінуге болады. Алайда пайғамбарымыздың (с.а.у.) даңғараның (тамбурин) сүйемелдеуінде айтылған әнді тыңдағанына байланысты сахих хадистерді де ескере отырып, аталмыш хадистің әрбір сөзіне назар салып, мәніне терең үңілетін болсақ, басқаша үкімге де баруға болатынын көреміз.

Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) егер жалпы музыка аспаптарын харам еткен болса, онда өзі музыка аспаптарын мүлдем тыңдамас еді, әрі музыка аспаптарын қолданған жандарды да дереу тыяр еді. Хадистегі «музыка аспаптары» деген мағынадағы «әл-мағазиф» сөзі даңғараны да қамтиды. Себебі, тамбурин музыка аспабына жатады. Алайда Пайғамбарымыздың (с.а.у.) даңғараның сүйемелінде айтылған әнді тыңдағаны жайлы тіпті айтылуын құптағаны жайлы әл-Бухариде және басқа да хадис кітаптарында сахих хадистер бар. Сондықтан жоғарыдағы хадисті былай түсінгеніміз жөн:

Хадисте айтылған «әйелдің жыныс мүшесі», «жібектің» жалпылай харам емес екені баршаға мәлім. Себебі әйелдің жыныс мүшесі некелі жанға – адал, ал некесізге – зина болғандықтан харам. Жібектің де адалы мен арамы бар. Жібек еркектерге – харам ал, әйелдерге – адал. Дәл осы секілді музыка аспаптарын да ажыратып қарауға болады. Яғни, хадистен жалпы музыка аспаптарын емес, кісінің ғибадатына кедергі келтіріп, жүрегіне бөтен сезім ұялататын зиянды музыканы адал ететін қауым шығады деп түсіну керек. Осы хадисте айтылған арақты ғана бұлай бөліп қарай алмаймыз. Себебі арақты жалпылай харам қылған нақты аят пен бір тамшысын болса да тыйған сахих хадистер бар [4].

3. Нафиғдан риуаят етілген басқа бір хадис.

عَنْ نَافِعٍ قَالَ سَمِعَ ابْنُ عُمَرَ مِزْمَارًا قَالَ فَوَضَعَ إِصْبَعَيْهِ عَلَى أُذُنَيْهِ وَنَأَى عَنْ الطَّرِيقِ وَقَالَ لِي يَا نَافِعُ هَلْ تَسْمَعُ شَيْئًا قَالَ فَقُلْتُ لَا قَالَ فَرَفَعَ إِصْبَعَيْهِ مِنْ أُذُنَيْهِ وَقَالَ كُنْتُ مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَسَمِعَ مِثْلَ هَذَا فَصَنَعَ مِثْل هَذَا

Жолда Ибн Омармен бірге едім. Ол шопанның сырнайының үнін естіді де жолдан алыстай түсті. Саусағымен екі құлағын бітеді. Сосын «Уа, Нафиғ естіп тұрсың ба?», – деді. Мен: «жоқ» деген едім, саусағын екі құлағынан шығарды да: «Уа, Нафиғ пайғамбарымыздың осылай естігенін және дәл осылай істегенін көрдім» [5], – деді.

Келтірілген бұл хадис те жалпылай барлық музыканың харамдығына дәлел бола алмайды. Себебі, аталмыш хадис біріншіден сахих емес, Әбу Дәуід өзінің хадис жинағында аталмыш хадисті келтіргеннен кейін бұл хадис «мүнкәр» деген. Ал енді хадисті сахих деп қабылдағанның өзінде жалпылай барлық музыканың харамдығын білдірмейді. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне ұнамаған жағымсыз үннен де құлағын бітеуі мүм-кін. Яғни, сол кезде тартылған сырнайдың үні жағымсыз болуы да ықтимал. Бұған қоса егер жалпы сырнайдың үні харам болғанда пайғамбарымыз (с.а.у.) жанындағы Ибн Омарға да құлағын бітеуін бұйырар еді. Яғни, Ибн Омардың күнә істеуіне жол бермес еді.

4. Музыканың харамдығына дәлел ретінде келтірілген хадистердің бірі – ибн Мәжаның хадис кітабындағы Мәлик әл-Әшғаридің әкесінен риуаят етілген пайғамбарымыздың ( с.а.у.) мына хадисі:

عَنْ أَبِي مَالِكٍ الْأَشْعَرِيِّ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَيَشْرَبَنَّ نَاسٌ مِنْ أُمَّتِي الْخَمْرَ يُسَمُّونَهَا بِغَيْرِ اسْمِهَا يُعْزَفُ عَلَى رُءُوسِهِمْ بِالْمَعَازِفِ وَالْمُغَنِّيَاتِ يَخْسِفُ الله بِهِمْ الْأَرْضَ وَيَجْعَلُ مِنْهُمْ الْقِرَدَةَ وَالْخَنَازِيرَ

«Үмбетімнен кейбір адамдар арақ ішеді де оны басқа атпен атайды. Жандарында музыка аспабы ойналып әйел әншілер ән айтады. Алла Тағала жерді олардың үстіне төңкереді және олардың кейбіреулерін маймыл мен шошқаға айналдырады» [6].

Пайғамбарымыздың бұл хадисінде де музыканың жалпылай харамдығына ешбір дәлел жоқ. Бұл жерде арақты сыра, вино, виски секілді әртүрлі басқа аттармен атап, адалға санап ішетін әрі әйелдерге ән айтқызып, би билеткізіп, музыка ойнататын жандардың душар болатын азабын ескертуде. Арақ ішіліп, әйелдерге ән айтқызылған отырыстың қандай отырыс екенін, онда айтылатын ән мен ойналатын әуеннің қандай сипатта болатыны айтпаса да түсінікті.

Ендеше, бұл жерде салиқалы өлең мен пайдалы әуеннің харамдығына ешбір дәлел жоқ. Пайғамбарымыздың бұл хадисі қазіргі таңдағы казино, бар сияқты күнәға толы түнгі клубтарды меңзейді.

5. Абдуллаһ ибн Амр ибн Астан риуаят етілген Пайғамбарымыздың: «Сөзсіз, Раббым арақты, құмар ойынды және барабан мен қиннинді харам етті» делінген хадисі музыка аспаптарының харамдығына байланысты алынған дәлелдердің қатарында келтірілген. Алайда бұл хадис әлсіз хадистердің қатарына жатады. Яғни, дәлелге есептелінбейді.

6. Ибн Мәсғудтан риуаят етілген «Ән жүректе екі жүзділікті өсіреді» делінген хадис. Бұл хадис те әлсіз хадистердің қатарына жатады. Әлсіздігін бірқатар мәшһүр хадис ғалымдарымен қоса Насруддин Әлбани да білдірген.

Келтірілген дәлелдерге қорытынды:

Жоғарыдағы музыканың харамдығына байланысты келтірілген дәлелердің арасындағы сахих хадистердің мағынасы жалпылай барлық музыканың харамдығын білдіретіндей нақты, айқын емес, ал мағынасы нақты, айқын болғандары түгелдей әлсіз яки ойдан құрастырылған хадистердің қатарына жатады немесе арақ ішілген жерде айтылатын әндерді меңзеген.

 

Музыканың «пайдалысы – адал, ал зияндысы – харам» дейтіндердің дәлелдері

عَنْ الرُّبَيِّعِ بِنْتِ مُعَوِّذٍ قَالَتْ دَخَلَ عَلَيَّ النَّبِيُّ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ غَدَاةَ بُنِيَ عَلَيَّ فَجَلَسَ عَلَى فِرَاشِي كَمَجْلِسِكَ مِنِّي وَجُوَيْرِيَاتٌ يَضْرِبْنَ بِالدُّفِّ يَنْدُبْنَ مَنْ قُتِلَ مِنْ آبَائِهِنَّ يَوْمَ بَدْرٍ حَتَّى قَالَتْ جَارِيَةٌ وَفِينَا نَبِيٌّ يَعْلَمُ مَا فِي غَدٍ فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لَا تَقُولِي هَكَذَا وَقُولِي مَا كُنْتِ تَقُولِينَ

1. Муғаууиз қызы Рубайғдан риуаят етілді. (Алла Тағала одан разы болсын!). Ол былай деді: Неке түнімнің ертесіне үйіме Алла елшісі (с.а.у.) кірді. Сөйтіп сенің отырған жеріңдей арақашықтықта менің төсегіме отырды. Жанымда кішкентай қыздар даңғара (тамбурин) шалып, Бәдір соғысында қаза тапқан әкелерін жоқтап жатыр еді. Іштеріндегі бір қыз: «Біздің арамызда ертең не болатынын білетін пайғамбар отыр деген» еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олай деп айтпа, не айтып жатқан болсаң соны жалғастыр»[7] деді. Яғни, Бәдір шайқасында шейіт болғандарды жоқтауыңды жалғастыра бер дегені.

Әл-Бухариде келген бұл хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) даңғара (тамбурин) шалып, соғыста қаза тапқан әкелерін жоқтап отырған кішкентай қыздармен бірге отырғаны айтылады. Егер жалпылай музыка аспабы харам болғанда Пайғамбарымыз (с.а.у.) ондай жерде отырмас еді. Отырған жағдайда да өзі туралы «Арамызда ертең не болатынын білетін пайғамбар отыр» деп айтқан сол жердегі қыздың сөзін құптамай, «Олай деп айтпа, не айтып жатқан болсаң соны жалғастыр» деп ескерткені секілді «даңғара шалмаңдар, даңғара харам етілді» тәрізді тыюды білдіретін сөздерімен ескертуін жасар еді.

2. Әл-Бухари мен Мүслимнің хадис жинақтарында Айша анамыздан (Алла Тағала одан разы болсын!) мынандай хадис риуаят етілген:

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ الله عَنْهَا دَخَلَ عَلَيَّ رَسُولُ اللهِ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَعِنْدِي جَارِيَتَانِ تُغَنِّيَانِ بِغِنَاءِ بُعَاثَ فَاضْطَجَعَ عَلَى الْفِرَاشِ وَحَوَّلَ وَجْهَهُ فَدَخَلَ أَبُو بَكْرٍ فَانْتَهَرَنِي وَقَالَ مِزْمَارَةُ الشَّيْطَانِ عِنْدَ رَسُولِ الله صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَقْبَلَ عَلَيْهِ رَسُولُ الله صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ دَعْهُمَا فَلَمَّا غَفَلَ غَمَزْتُهُمَا فَخَرَجَتَا قَالَتْ وَكَانَ يَوْمُ عِيدٍ يَلْعَبُ السُّودَانُ بِالدَّرَقِ وَالْحِرَابِ فَإِمَّا سَأَلْتُ رَسُولَ الله صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَإِمَّا قَالَ تَشْتَهِينَ تَنْظُرِينَ فَقَالَتْ نَعَمْ فَأَقَامَنِي وَرَاءَهُ خَدِّي عَلَى خَدِّهِ وَيَقُولُ دُونَكُمْ بَنِي أَرْفِدَةَ حَتَّى إِذَا مَلِلْتُ قَالَ حَسْبُكِ قُلْتُ نَعَمْ قَالَ فَاذْهَبِي

«Бір күні маған Алла елшісі келген еді. Жанымда екі (кішкентай) қыз (немесе күң) «Буғас» өлеңін айтып жатқан болатын. Пайғамбарымыз (с.а.у.) төсекке жатты да, жүзін ары қаратты. Сосын Әбу Бәкір (Алла Тағала одан разы болсын!) кірді де: Алла елшісінің жанында шайтанның сырнайын тартқандарың не?», – деп маған ренжи сөйледі. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған қарай жүзін бұрды да: «Оларға тиіспе!», – деді. Ол (Әбу Бәкір пайғамбарымызбен сөйлесіп) бізге қарамай тұрғанда мен әлгілерге ишарат етіп едім олар шығып кетті. Бұл айт күні болғандықтан, қара нәсілділер [8] «қылыш-қалқан» биін билеп жатыр еді. Мен өзім Алла елшісінен (с.а.у.) сұрадым ба, жоқ әлде ол өзі «Тамашалағың келеді ме?» деп айтты ма есімде жоқ. Мен «Әрине» дедім. Ол мені өзінің артына тұрғызды. Бетім оның бетіне таянған күйде болды. Сосын ол (с.а.у.) «Уа, Әрфида ұрпақтары, қанеки!» деді. Мен жалыққанға дейін осылай тұрдық. Сосын менен «жеткілікті ме?» деп сұрады. Мен: «иә» деген едім, олай болса, жүре бер!-деді» [9].

Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) әуен аспабының сүйемелінде айтылған әнді тыңдағандығы, тіпті, Әбу Бәкірдің «Шайтанның сырнайын пайғамбардың жанында тартқандарың не?» деп кейіс білдіре қызы Айшаға айтқан ренішін құптамай, «Оларға тиіспе!», – деп ескертуі – зияны жоқ әуеннің адалдығына дәлел. Бұған қоса, хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «қылыш-қалқан» биін билегендерді «қанеки!» деп қолдауы – шариғатқа қайшы емес ойын-сауықтардың дұрыстығына дәлел бола алады.

3. Әл-Бухаридің хадис кітабында Айша анамыздан төмендегі хадис риуаят етілді (Алла Тағала одан разы болсын!).

عَنْ عَائِشَةَ أَنَّهَا زَفَّتْ امْرَأَةً إِلَى رَجُلٍ مِنْ الْأَنْصَارِ فَقَالَ نَبِيُّ الله صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَا عَائِشَةُ مَا كَانَ مَعَكُمْ لَهْوٌ فَإِنَّ الْأَنْصَارَ يُعْجِبُهُمْ اللَّهْوُ

«Ол (Айша) бір қызды аңсарлық біреуге ұзатқан еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Уа, Айша, сендерде көңіл көтеретін нәрсе болмады ма? Аңсарлықтар көңіл көтергенді ұнататын халық» [10], – деді. Басқа бір риуаятта: «Айша анамыз өзіне туысқан боп келетін ансарлық бір қызды ұзатқан еді. Пайғамбарымыз «қызды ұзаттыңдар ма?» деп сұраған еді, үйдегілер «иә» деп жауап берді. Алла елшісі (с.а.у.): «Онымен бірге өлең айтатын біреуді қоса жібердіңдер ме? - деді. Айша анамыз «жоқ»-деді. Пайғамбарымыз (с.а.у) аңсарлықтар ғазалды [11] ұнататын халық. Онымен бірге «Біз сендерге келдік, біз сендерге келдік, сендерге Алланың есендігі болсын! Бізге де Алланың есендігі болсын» деп (жыр) айтатын біреуді жібермедіңдер ме?» [12] -дегені риуаят етілді.

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مَرَّ بِبَعْضِ الْمَدِينَةِ فَإِذَا هُوَ بِجَوَارٍ يَضْرِبْنَ بِدُفِّهِنَّ وَيَتَغَنَّيْنَ وَيَقُلْنَ نَحْنُ جَوَارٍ مِنْ بَنِي النَّجَّارِ يَا حَبَّذَا مُحَمَّدٌ مِنْ جَارِ فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى الله عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَعْلَمُ الله إِنِّي لَأُحِبُّكُنَّ

4. Хадис Әнас ибн Мәликтен (Алла Тағала одан разы болсын!) риуаят етілді. Ол былай деді: Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір ретте Мәдинаның бір жерінен өткен еді. Сол жерде кейбір (кішкентай) қыздардың даңғараларын шалып былай деп ән айтып жатқандарын естіді:

«Біз Бәни Нәжжардың қыздарымыз
Мұхаммед қандай жақсы көрші!»

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға: «Алла Тағала біледі, мен сендерді қатты жақсы көремін» [13] деді .

Ибн Мәжада келген бұл хадистің де дәрежесі хадис ғалымдары бойынша – сахих [14]. Егер өлең айтып, музыка аспабын қолдану харам болғанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.) оларға жоғарыдағы «Алла Тағала біледі, мен сендерді қатты жақсы көремін» деген қолдау сөзін айтпас еді.

Жоғарыдағы сахих хадистерден Пайғамбарымыздың (с.а.у.) даңғара сүйемелінде бірнеше рет ән тыңдағанына, тіпті құптап, қолдағанына куә болдық. Енді осы жерде кейбір кісілер жоғарыдағы хадистерге сүйене отырып, «тек даңғара аспабын ғана тыңдауға болады» деп басқа музыкалық аспаптарға шектеу қоюы мүмкін. Алайда пайғамбарымыздан мұндай бір шектеуді білдіретін ешбір сахих хадис риуаят етілмеген. Бар болғаны «даңғара» арабтарда кең қолданысқа ие музыкалық аспап болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у.) соның сүйемеліндегі кейбір әндерді тыңдаған. Ал бұл жағдай басқа аспаптардың харамдығын білдірмейді. Сондықтан кез келген музыка аспабы егер адамды еліртіп, жаманшылыққа жетелейтіндей кейіпте тартылмаса, онда оған – рұқсат.

4. Ән тыңдаған кейбір сахабалар мен табиғиндердің есімдерін келтірейік:

А) Сахабалар:

Омар ибн Хаттаб, Абдуллаһ ибн Жағфар ибн Аби Талиб, Осман ибн Аффан, Амр ибн Ас, Сағди ибн Аби Уаққас, әл-Барәә ибн Мәлик, Абу Мәсғудул-әңсари, Абу Убайдати ибн Жаррах, Билал ибн Рабах, Абдуллаһ ибнул-арқам, Усама ибн Зәйд, Хамза ибн Абдул-Мутталиб, Әбу Бәкір қызы Айша, Муғаууиз қызы Рубайғ, Абдуллаһ ибн Зубайр, әл-Муғира ибн Шуғба [15] секілді сахабалардың аттарын жазуға болады.

Б) Табиғиндер (сахабаларды көрген мұсылмандар):

Сағид ибн Жубайр, Ъамир әш-Шаъби, әл-Хасан ибн Иасарил-басри, Абдуллаһ ибн Мубәрак, Омар ибн Абдил-азиз, Сағид ибн Мусаййаб, Омар Хаттабтың баласы Салим, Ибн Хисан, Харижа ибн Зәйд, Қазы Шурайх, Абдуллаһ ибн Әби Ъатиқ, Атаа ибн Аби Рабах [16] секілді атақты табиғиндердің атын жазуға болады.

Қорытынды:

Пайғамбарымыздың музыкаға байланысты хадистерінің әр түрлі болуының астарынан тыйым салынған немесе рұқсат етілген нәрсенің тікелей музыка аспаптары емес, олардың қалай қолданылуы, сондай-ақ, тыңдаушы мен орындаушының түпкі ниетіне байланысты екенін аңғарамыз.

Себебі, кез-келген музыка аспабының жақсы-жаман әркелкі тартылуына, бұған қоса, айтылатын ән мазмұнының әр алуан болуына байланысты оның адамға тигізер әсері де әр түрлі болады. Міне, сондықтан харам-халал үкімін музыка аспабынан гөрі оның қалай қолданылуын негізге алып қарастырған жөн.

Мысалы, сіріңкені бейкүнә біреудің үйін өртеу тәрізді қастандыққа да, от жағып үй жылыту, ас пісіру сияқты игілікті істер үшін де қолдануға болады.

Адам табиғаты, ішкі сезімдері, жан дүниесі ерікті-еріксіз көптеген нәрселерді қалайды. Мысалы, көркем табиғат көріністерін тамашалағанда бойы сергіп рахаттанады. Өзеннің сылдырап аққан үні өне бойына ерекше әсер етеді. Теңіздің буырқанып тасуы, ормандағы бұлбұл секілді жыршы құстардың сайрап ән салуы да жан дүниесін рахатқа бөлеп, дем алдырады. Сондықтан адамның жан дүниесі, ішкі сезімдері әрдайым көркем табиғатты тамашалауды, судың сарқыраған дауысын естіп, құстар салған әсем әндерді естуге құмартып тұрады. Ислам діні адам баласының табиғатындағы осындай сезімдеріне балта шауып жоқ ету үшін келген жоқ. Керісінше, оларды реттеп, орта жолға бағыттау үшін келді [17].

Ендеше, музыка – егер адам баласының уақытын босқа өткізіп, ғибадаттарына кедергі жасаса, нәпсісін қоздырып, ойына харам нәрселерді салып, жаман пиғылдарға жетелейтін болса, даңғырығының қаттылығынан мидағы клеткаларды өлтіріп, адам мінезін ұшқалақтыққа тәрбиелесе онда – харам. «Пайғамбарымыздың кейбір хадистеріндегі музыкаға байланысты тыйымдар осындай теріс бағытқа жетелейтін музыкаларға байланысты болса керек» – дейді ХІ ғасырда өмір сүрген тақуалығымен танымал ханафи ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәблууси өзінің «Идахут-дәлалат фи самағил-әәләәт» (музыка аспаптарын тыңдауға байланысты дәлелдерді түсіндіру) атты кітабында [18].

Ал егер музыка керісінше адам бойындағы мүлгіп жатқан жақсы сезімдерін жетілдіретін, рухын, миын тыныштыққа бөлейтін, шаршағанда жүйкелерін дем алдыратын, ойына көркем пікірлер салатын, ішкі болмысына жақсы әсер ететін әуен болса, онда неге харам делінсін!
Абайдың:

«Құлақтан кіріп, бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй» [19], – дегеніндей, кейбір әуендер мен әуездер ешбір сөз айтылмаса да адамның ішкі дүниесіне ағыла құйылып, өзінше бір әлемге жетелеп терең ойға шомдырады. Мысалы, қазақтың кейбір күйле-рі орындалған уақытта көз алдыңа кең байтақ жер мен ондағы әсемдіктер елес береді. Көктемдегі көңіл-күйді білдіретін, жауған жаңбырдың тамшыларын елестететін, көңіліңді дем алдырып, керемет ойға жетелейтін жұмсақ та нәзік әуендердің бар екені баршаға белгілі. Отанды, бірлікті, ерлікті уағыздайтын, ата-ананың қасиетіне байланысты, адам баласын адамгершілік пен имандылыққа баулитын музыка мен әндерді тыңдау немесе айту нелік-тен харам болсын?

Қазіргі таңда кейбір жұмсақ әуендердің кісінің асқа деген тәбетін оятумен қатар тамақтың жақсы қорытылуы-на оң әсер ететіндігі анықталып отыр. Сондықтан бүгінде кейбір мейрамханаларда арнайы жұмсақ әуендер ойнатылуда. Сондай-ақ жұмсақ әуендерді емханалардың «күту залында» үрей мен үміт арасында қиналып отырған ауру кісінің туысқандарының жүйкесін жұбатып, қайғысын жеңілдету үшін де қолдануға болады. Қазір бұл тәсіл көптеген дамыған емханаларда қолданылуда. Сонымен қатар экономика саласында да пайдалануға болады. Мысалы, балық аулау, тауықтың жұмыртқалау, сиырдың сүт беру пайызын жоғарылату үшін де кейбір әуендердің әсерінің бар екендігі анықталған. Тіпті қазіргі таңда мұндай арнайы әуендердің көмегімен алынған өнімдер «музыка сүті», «музыка жұмыртқасы» деген атпен аталады.

«Музыка мен интеллектуалдық дамуды ағзаның гормонды дамуына қолдануға болады. Музыка қандағы гормондарды көтеріп не азайтып, стрессті де баса алады. Мәселен, гостроэнтероскоптық ческ зерттеуін жүргізу науқастарда алаңдаушылық пен сенімсіздік тудырған. Стресс жағдайын клиникалық анализдер де анықтаған. Бұл науқастарға баяу музыка тыңдатылғанда, қандағы кортизол құрамы азайған, үрей сейілген. Музыкалық терапия жасалмаған келесі бір бақылау тобында керісінше жағдай байқалған. Бұндай тәжірибе операция алдында жасалған. Екі топқа да ертесі күні операцияға түсетіндіктері ескертілген. Ескертпеден кейін тәжірибе тобындағылар бір сағаттай уақыт музыка тыңдағанда, қандарындағы кортизол деңгейі 50 пайызға көтерілген. Бір сағаттан кейін бақылау тобындағы көрсеткіш өте жоғарғы деңгейде қалып қойған, ал музыка тыңдаған кісілердің қандарындағы кортизол көрсеткіші нормаға дейін түскен. Бұл музыканың стрессті басатындығын әрі оны науқастарды емдеуде қолдануға болатындығын көрсетуде» [20].

Соғыста әскердің жау алдындағы рухын көтеру әрі кейбір әскери бұйрықтарды білдіру мақсатында мұсылмандардың барабан, дабыл секілді аспаптарды қолданғандары [21], тіпті кейбір психикалық ауруларды музыка арқылы емдегендіктері тарихтан белгілі [22]. Мұндай жақсы істер үшін қолдануды кім болса да құптары сөзсіз.

Қоғамдағы адамдардың дәрежелері мен болмысы, табиғаты мен ішкі сезімдері бірдей емес екені шындық. Олай болса, музыканы жалпылай харам санап, барлық адамға «Тек Құранды ғана оқы әрі тыңда!» деп күштей алмаймыз. Себебі, қоғамда Құран оқып, басқа да өзіне міндеттелген ғибадаттарын толық орындаумен қатар, өзі ұнатқан пайдалы музыкаларды тыңдағысы келетін адамдар да бар.

Бұған қоса, адам жан дүниесі үздіксіз ғибадат жасаудан, яки үнемі салмақты нәрселермен шұғылданудан жалығуы ықтимал. Сондықтан адамның табиғаты мен болмысы анда-санда көңілін көтеріп, рухын дем алдыратын нәрселерді қажетсінеді.

Хазірет Алидің (Алла Тағала одан разы болсын):

«Тәннің шаршайтыны тәрізді жүрек те шаршайды. Сондықтан оны қызық хикметтермен дем алдырыңдар!», «Жүректеріңді анда-санда дем алдырып тұрыңдар! Себебі, жүрек зорықса, тас соқырға айналады» [23] дегені риуаят етілген.

Музыка тыңдауды ұнататын адамдарға егер біз жақсы музыканы тыңдауға болатынын айтып жөн сілтемесек, тіпті көркем мағыналы әрі әуенді әндердің шығарылуына бағыт-бағдар беріп реттемесек, ол адамның бара-бара жаман музыкаларға ұрынбасына кім кепіл? Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ибн Аббастан риуаят етілген хадисте: «Дінде шектен шықпаңдар! Себебі, дінде шектен шығу – сендерден бұрынғыларды да құрдымға кетірген» [24] деп ескерткен.

Егер музыканы жалпылама харам десек, онда мұсылмандардың мәдениеті, өнері артта қалары сөзсіз. Мысалы, керемет сахналарға толы ұлан-асыр тарихымызды бейнелейтін киноларымызға ешбір музыка аспабы қосылып, керекті жерінде эффекті берілмесе, ол киноны кім ерекше әсермен тамашалай алады? Онда жастарымыздың өзгелердің өте тартымды, әсері күшті, бірақ мағынасы улы киноларының соңына түсіп кетері сөзсіз. Сол сияқты телеканалдарда бір бағдарламадан екінші бағдарламаға өту кезеңдерінде, басқа да көрермендердің назарын аударар жағдайларда музыка аспаптарының рөлінің маңыздылығын кім жоққа шығара алады?!

 

Даңғаза әуеннің зияндары

Құр айқай бақырған
Құлаққа ән бе екен? [25]
Абай

«Даңғаза әуеннің кісінің мінез-құлқы мен психологиясына, тіпті ағзасына кері әсер ететіні белгілі. Бұл жайлы Американ ғалымы Дэвид Элкин қатты шыққан дауыс арқылы белокты қуырып жіберуге болатындығын дәлелдеді. (Бір концертте дауысзорайытқыштың алдына қойылған жұмыртқа үш сағаттан кейін қатты даң-дұңнан өліп, қуырылып кеткен көрінеді). «Ауыр метал» өсімдіктің өсуін тежейді, тіпті олардың солып қалуына да себеп. Рок тыңдатылған балықтың да көп өтпей жансыз күйінде су бетіне қалқып шыққаны байқалған. Бұдан адам да шет қалмайды. Зерттеулер жарты сағат дискотекада болған жеткіншектің сол күйі өз-өзін бақылаудан қалатындығын, гипнобель жағдайына жақын күйге түсетіндігін анықтаған. Жимми Хендрикс бірде былай деген екен: «Біз музыка арқылы адамдарға гипноз жасаймыз, оларды күйден-күйге құбылтып ең осал жерлерін анықтап аламыз. Ал содан соң оның миына не құям десең де еріктісің» [26].

Гитлер де музыканы өз саясатында ұтымды пайдалануды көздеген. Ол «Басып алған жерлердегі халықтың санасын да бағындырғыңыз келсе, мәнсіз-мағынасыз музыканы күндіз-түні құлағынан кетірмей тыңдата беріңіз. Ол сонда саналы ойлаудан қалып, санасыз тобырға айналады» деген.

 

Көлікке әсері

Бен-Гурион университетінің қызметкері жеті жылдан аса көлік айдаған 28 студентке тәжірибе жасап көрген. Олар Чикаго көшелерінің бойымен әртүрлі музыка тыңдап көлік жүргізуге тиіс болды. Оның ішінде баяу әндер де, ырғақты музыка да тіпті жай ғана тыныштық та болды. Ырғақ минутына 60 тан 120 тактқа дейін көтерілді. Әсерін байқау үшін кез-келген музыканың даусы барынша жоғары қойылды. Тәжірибе барысында тыңдалған музыканың ырғағы жылдамдатылған сайын көлікті абайлап жүргізу қиынға соғатыны анықталды, ондайда көлік бағдаршамның қызылына өтіп кетіп, түрлі жол көлік апаттары орын алған. Ал «жылдам» музыкалар қойылғанда, ондай апатты оқиғалар екі есе өскен. Сондай-ақ орташа жылдамдықтағы не баяу музыка тыңдағандарға қарағанда жылдам музыка тыңдаушылардың екі есе көп көлік апатына ұшырайтындығы да анықталған [27].

Бір ескере кететін жайт, қазіргі сахналарда шырқалып жүрген эстрадалық өлең сөздерінің басым көпшілігі дінге, тіпті, адамгершілік қағидаларына қайшы болса, әуен ырғағының көпшілігі жоғарыда айтылған пайдалы, тіпті болмаса зиянсыз әуендерге жатпайды. Өкініштісі, бүгінде бірқатар әншілеріміз батыстың өнеріне еліктеп, құдды солар секілді жартылай жалаңаштанып киінуді, солардың ұшқалақ, жеңіл әуеніне салып ән салуды мәдениет деп ұғуда. Атақ пен абырайдың құлына айналып, «жұлдыз» аурының дертіне шалдыққандары қаншама?!. Сондықтан осы салада жүрген өнер адамдарымыз, ең әуелі, имандылыққа бет бұрып, өздерін әрдайым кішіпейілдік пен қарапайымдылық тезінен өткізіп тұрулары ләзім.

Бүгінгі осы сала ұстаздарының алдында жастарымызды өнегелі ән мен әуенге баурап, қазақтың дәстүрлі әндерін жандандыру, қазіргі эстрада әндерін де жоғарыда айтылған өлшемдерге қарай реттеу сияқты үлкен де сауапты міндет тұр. Бұл сөзімізбен барлық әндердің діни сипаттағы ән болуын да талап етіп тұрған жоқпыз. Тек айтпағымыз, ән мен әуендердің жалпы адамгершілік қағидалары мен дініміздің ережелер шеңберінен шықпауына көңіл бөлу. Сөздерінің бәрі діни яки әуендерінің бәрі шығыстық немесе қайғылы болсын деген де қатаң талабымыз жоқ.

Қазақтың дәстүрлі әндері мен әуендерінің дініміздің қағидаларына қайшы емес екені, қазақ болмысының мұсылманшылыққа сай екенін меңзесе керек.

Сөз соңы, музыка белгілі бір мән-мағынаны жеткізуде қолданылатын «сөз» іспетті. Сөзбен пайдалы нәрсені насихаттауға да, зиянды теріс мағынаны жеткізуге болатыны секілді музыканы да жақсы-жаман түрлі бағытта қолдануға болады дей келе Әбу Насыр әл-Фарабидың басынан өткен мына бір оқиғаны бере кетуді жөн көрдім.

Әл-Фараби ән-күй десе ішкен асын жерге қоятын жан болған екен.

Бір күні өзінің бір ұстазынан ән-күй жайын сұрады. Ұстазының айтуынша, сырнай-керней, әуен – жын-шайтанның ісі болып шықты. Адамды алаң қылып аздырады, ісінен қалдырып, күнәға кіріптар етеді екен.

Бұрын ән-күйді жақсы сүйетін Әбунасыр осыны естігеннен кейін қолына күй аспабын алмайтын болды. Ән-күйді сүйіп ойнайтын Әбудың бір қымбатты қимас жолдасы жоғалып қалғандай күй кешеді де мынандай ойға батады. Әсем ән деген адамды жадырататын, көңілді көтеріп, жүректің мейірімін оятатын бір қасиетті өнер ғой. Ендеше, ол қалай сайтанның меншігі болады?

Осы сауалын ол екінші бір ұстазынан сұрайды. Ол ұстазы: «Әсем саз – ол қасиетті нәрсе емес пе? Мұнда аспанның сыры бар, әлемнің үні бар. Қолыңнан келсе бұл өнерден жиренбе...»,- дейді. Мұны естіп Әбунасыр қатты шаттанады. Алайда ол үлкен ұстаз Әбу Мәлік хазіреттің өзінен сұрамаққа бекінді. Әбу Мәлік ұстаз былай деп жа-уап берді:

– Ол да дұрыс, бұл да дұрыс. Екі айтушының екеуі де дұрыс айтады... Иә, солай... Жамандық та, жақсылық та адамның өз бойындағы қасиетке сүйенеді. Азғындық пен ізгілік ежелден егіз емес пе? Ән-күйдің әуеніне еріп, басқа өнер-білімнен қол үзсең, сонымен өміріңді қапыл өткізсең өкініш емей немене. Әсем әуен алпыс екі тамырды бірдей қозғайтын кереметті, құдіретті нәрсе. Оның сені билеп әкетуі ғажап емес. Алғашқы айтушы сені содан сақтандырады. Құдіретті өнерді керекті жерінде өлшеумен ұстап, тізгінді ақыл-ойға беріп ізгілік іске қоссақ, онан келер пайда тағы көп. Көкірек кеңіп көңіл оятар, қиял қоздырып қайрат берер тағы сол... Ғылымның ата тегі әр ненің өлшеуін білуде емес пе. Сен ән-күй үйренсең одан менің қаупім жоқ. Құдіретті күйдің сиқырлы үнін тежеп отыруға сенің ақыл-қабілетің мол жетеді [28].

[1] әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.
[2] «Лұқман» сүресі, 6-аят.
[3] Сахихул-Бұхари, 5-том, 2123-бет. «Дару ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж..
[4] Мухаммед Абдур-Рахман әл-Марғашли, әл-Ғина уәл-мәғазиф фил-иғламил-муғасир уә хукмуһә фил-ислам, 257-бет. «Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут. 2006 ж.
[5] Әбу Дәуід, 4924-номерлі хадис, 5-том, 2123-бет. «Дәрул-фикр» баспасы.
[6] Ибн Мәжа, Мұхаммед ибн Язид Әбу Абдиллаһ, Сунану ибн Мәжа, 2-том, 1333-бет. «Дәрул-фикр» баспасы, Бәйрут.
[7] Сахихул-Бухари. 4-том, 1469-бет. «Дәру Ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.
[8] Басқа риуаятта олардың эфиопиялық мұсылмандар екендігі білдірілген.
[9] Сахихул-Бухари. 1-том, 323-бет. Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.
[10] Сахихул-Бухари. 5-том, 1980-бет. Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.
[11] Әйел баласын мақтайтын өлең түрі немесе лирикалық жырлар.
[12] Ибн Мәжа, Мұхаммед ибн Язид Әбу Абдиллаһ, Сунану ибн Мәжа, 1-том, 612-бет. «Дәрул-фикр» баспасы, Бәйрут. Хадистің дәрежесі «сахих».
[13] Ибн Мәжа, Мұхаммед ибн Язид Әбу Абдиллаһ, Сунану ибн Мәжа, 2-том, 1333-бет. «Дәрул-фикр» баспасы, Бәйрут.
[14] Насруддин Әлбани да өзінің «Сахих уа дағиф Ибн Мәжа» кітабында бұл хадисті «сахих» деп бағалаған.
[15] Мухаммед Абдур-Рахман әл-Марғашли, әл-Ғина уәл-мәғазиф фил-иғламил-муғасир уә хукмуһә фил-ислам, 229-бет. «Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут. 2006 ж.
[16] А.а.е. 232-бет.
[17] әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.
[18] әл-Имамул-әкбар Махмуд Шәлтут, Әл-Фәтаауа. 355-бет. Дәруш-шуруқ, Египет. 2004 ж.
[19] Абай Құнанбаев, Қалың елім, қазағым, 194-бет. «Атамұра» баспасы, 2002 ж.
[20] Құдайберді Бағашар, Әдемі әуеннің әсері, «Аңсар» журналы, 9-10 бет, № 10, 2007 ж.
[21] Фатауа Мустафа Зарқа, 349-бет. Дарул-қалам, Димашқ. 2001 ж.
[22] Мүслүман Илим Өнжүлери, 149-бет. Стамбул, 2005 ж.
[23] Мухаммед Абдур-Рахман әл-Марғашли, әл-Ғина уәл-мәғазиф фил-иғламил-муғасир уә хукмуһә фил-ислам, 229-бет. «Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут. 2006 ж.
[24] Ән-Нәсаайй, Ибн Мәжа, Ибн Хиббан.
[25] Абай Құнанбаев, Қалың елім, қазағым, 190-бет. «Атамұра» баспасы, 2002 ж.
[26] Құдайберді Бағашар, Әдемі әуеннің әсері, «Аңсар» журналы, 9-10 бет, № 10, 2007 ж.
[27] Құдайберді Бағашар, Әдемі әуеннің әсері, «Аңсар» журналы, 9-10 бет, № 10, 2007 ж.
[28] Ағжан Машанов, әл-Фараби. «Жалын» баспасы, 1970 ж.

1 пікір