Профессор Әбсаттар Дербісәлі - әлемнің даңқты ғалымдары тізіміне кіргізілді
Профессор Әбсаттар Дербісәлі - әлемнің даңқты ғалымдары тізіміне кіргізілді
5 жыл бұрын 3828

Францияның Канн қаласындағы халықаралық Сократ комитетінен Алматыдағы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, профессор Әбсаттар Дербісәліге хат келді.

Онда былай деп жазылған:

«16 мемлекеттен құралған Академиялық Одақ, Еуропа Бизнес Ассамблеясы (ЕВА), қоғамдық беделді ұйымдар, ғылыми кәсіби және шығармашылық одақтардың қатысуымен халықаралық Сократ комитеті марапаттау рәсімін өткізеді.

Еуропа Бизнес Ассамблеясы (ЕВА) мен Халықаралық Сократ комитеті бірлесіп, оқу-ғылыми орталықтардың халықаралық беделін таныту үшін әлемнің озық ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерінің тізімін жасады.

Сіз басқарып отырған ұжым «Аймақтық үздік университеттердің» (Bestregional University) талаптарына толық жауап береді.

Еуропа Бизнес Ассамблеясы (ЕВА)  мен Еуропа елдері ректорлар клубы (CRE)  Сіз басқарып отырған мекемені «Аймақтық үздік университеттер» тізіміне қосып, «Үздік университет» халықаралық сыйлығына ұсынады.

Сократ атындағы Халықаралық Комитет Сіз басқарып отырған мекемеге «Үздік университет» сыйлығын табыстауды, ал Сізді білім саласындағы «Жылдың үздік топ-менеджері» сыйлығымен марапаттау жайлы шешім қабылдады.

Құрметті Әбсаттар қажы! Биік мансабыңыз бен жемісті кәсіби және қоғамдық қызметіңіз Сізге тек өз еліңізде ғана емес, сондай-ақ шетелдерде де әлемдік ғылыми ортадан құрметті орын алуыңызды қамтамасыз етті.

Сократ атындағы номинациялық комитет Сізді ғылым және білім саласы бойынша «Ғылымдағы есім» (The Name in Science) құрмет сыйлығымен марапаттауға лайықты деп тапты. Бұл құрметті атақпен қоса, «Әлемдік ғылымға қосқан үлесіңіз үшін» берілетін арнайы диплом Сіздің әлемдік ғылыми ортадағы беделіңізді одан сайын асқақтата түсетініне сенімдіміз.

Жоғары жетістікке жеткен орталықтар мен технологиялық және инновациялық компанияларды марапаттау рәсімі 2016 жылдың 7 қазанында «Сапалық кемелдену және басқару» Халықаралық форумы аясында Францияның Канн қаласындағы «Intercontinental Carlton қонақүйінде» өтеді. Сізді Канндағы форумда күтеміз.

2014 жылдың 13 қазанында Еуропаның ежелгі университеті, әрі ғылыми орталығы Оксфордта, «Ғылым және білім. Инновациялық модельдер дамуы» Лидерлер саммитінің пленарлық сессиясында «Академиялық Одақ, Оксфорд (АU)» құру жайлы меморандумға қол қойылған болатын. Бұл Еуропа Бизнес Ассамблеясы мен әлемдік ғылыми қауымдастықтың ортақ бастамасы негізінде ХХІ ғасырда ғылым мен білімді дамыту жолында ғалымдар мен педагогтардың күшін біріктіру үшін құрылған еді.

Беделді халықаралық ғылыми қауымдастыққа кіру жайлы Сізге ұсыныс жасау біз үшін үлкен абырой. Сіздің Оксфордтағы Академиялық одақ құрамына кіруіңіз әлемдік ғылымды байытып қана қоймайды, сонымен қатар Еуропаның іскерлік, ғылыми және қоғамдық қауымдастығы тарапынан оң қадам ретінде  қабылданатыны сөзсіз. Оксфордтағы Академиялық одаққа ұлты мен дініне қарамастан, жоғары оқу орындары, институт, колледж басшылары және зерттеушілер, ғалымдар, мұғалімдер, ғылыми орта өкілдері мен медицина қызметкерлері мүше бола алады.

Халықаралық Сократ комитетінің бастамасы бойынша жемісті ғылыми зерттеу қызметі үшін Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты Швейцарияның сапа стандартының (SIQS) ұсынысы бойынша халықаралық сертификат алуға ұсынылды.

SIQS сертификаты иесіне іскерлік және ғылыми қауымдастық белгілеген символикаларды пайдалану құқығын береді.

Біздің мақсатымыз – Сіздің қызметіңізді Еуропа және әлемде насихаттау, мекеме жұмысын халықаралық нарықта ілгерілету және ғылыми инновациялық жаңалықтар мен жетістіктер нәтижелерін әлемдік қауымдастыққа таныту».  

Халықаралық Сократ комитетінің аймақтық үйлестірушісі  Мила Милтон. Канн Франция. 

Болатбек Батырхан

Р.Б. Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының

ғалым хатшысы

1 пікір