Пайғамбарымыздың (ғалейһиссәәләм) ғибадаты
Пайғамбарымыздың (ғалейһиссәәләм) ғибадаты
1 ай бұрын 1870

Алла Тағаланың тәрбиесін алған және әрқашан Оның бақылауында болған аса абыройлы Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үнемі бейнебір ғибадат күйінде жүретін. Әрдайым Оның айтқандарына сәйкес, ризалығына лайық істермен айналысатын. Соңғы демі шыққанша Аллаға деген құлшылық-ғибадаттардың қалай орындалатынын іс жүзінде көрсетіп, үйретіп кетті.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) ғибадат етуді жаратылысынан жақсы көретін және нұрлы қабақ пен көңіл қуанышан ғибадаттың арқасында жететін. Тіпті, пайғамбар болмастан бұрын Мекке маңындағы Хира үңігірінде жалғыз қалып, біраз уақыт ғибадат қылған еді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірінде барлық рухани жан-дүниесімен ғибадаттан үлкен ләззат пен қуаныш алатын. Намаз оқып отырғанда оның кеудесінен бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан қазанның дыбысына ұқсас тебіренуге және толқуға толы үндер естілетін. Түні бойы азанға дейін намаз оқығандықтан аяқтары ісіп кететін болған. Түнде тәһәжжуд намазын оқу ол үшін уәжіп еді. Өйткені, Құранда: «Түнде тұрып өзіңе ғана арналған тәһәжжуд намазын оқы!» - делінген[1].

Тәһәжжуд намазынан кейін біраз тынығып алатын да, таңғы азанмен қайта оянатын. Сүннет пен нәпіл намаздарын парыз болған намаздарға қарағанда тез оқитын, ал парыз болған намаздарда Құранның ұзақ сүрелерін оқитын. Бесін мен екінті намаздарында таң намазында оқыған сүрелерінен қысқа сүрелер оқитын. Соның өзінде бесін намазының алғашқы рәкәғатында отыз, екінші рәкәғатында он бес, немесе жиырма, ал екінті намазында он бес аяттан оқыған кездері болған еді.

Тәһәжжуд намазынан бөлек духа намазы мен үтір намазы да Ол үшін уәжіп (міндет) еді[2].

Әзіреті Пайғамбар (с.а.у.) салмақты әрі байсалды еді. Ғибадат пен зүһдтік өмірде де (дүние рақатын тәрк ету) астамшылықтан сақтанып, басқаларды да сақтандырып жүретін еді. Әнәс ибн Мәликтің (радияллаһу анһ) риуаяты бойынша мынадай оқиға айтылады. Үш кісі бір күні Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ғибадаттары жайында білгісі келіп, Алла елшісінің жұбайларына барады. Алла елшісінің жұбайлары Пайғамбарымыздың (с.а.у.) ғибадат өмірі жайында айтып бергенде, әлгі үш кісі айтылғандарды азсынып: «Әрине, Ол – пайғамбар ғой. Оның өткен-кеткен бүкіл күнәларі кешірілген. Біз Ол сияқты бола алмаймыз», - дейді де, іштерінен біреуі: «Мен өмірімнің соңына дейін түн бойы ұйықтамай, құлшылық етіп өтемін», - деп айтады. Екіншісі: «Ал мен өмір бойы күндіз ораза тұтып өтемін, оразасыз күн өткізбеймін», - дейді. Бұл жағдайдан құлағдар болған Әзіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылманшылықты асыра сілтеп, мұсылманшылық үшін өздерінше шешім қабылдаған ол адамдарға былай ескерту айтқан еді:

«Естеріңде болсын! Аллаға ант етемін, іштеріңде Алладан ең көп қорқып, Оны аса құрметтейтіндерің – менмін. Соның өзінде мен оразаны кейде ұстаймын, кейде ұстамаймын. Түнде намаз оқимын да, ұйықтаймын да. Әйелдерге де үйленемін. Менің сүннетімді орындамағандар – менен емес!»[3].

Пайғамбарымыздың зікір-тәспихатты аузынан тастамауы

Алла Тағала Құранда: «Олар (мүминдер) тұрса да, отырса да және жантайып жатса да (әрқашан) Алланы зікір етіп естеріне алады»[4].

«Қандай керемет адамдар бар – ешқандай сауда-саттық олардың Алланы зікір етулеріне бөгет бола алмайды», - дейді[5].  

Құранды жеріне жеткізе баяндаған Ол ұлы көсем осы әмір мен сипаттардың ең керемет және жарқын үлгісі.

Әзіреті Айша (радияллаһу анһа) анамыз бізге Расулалланың (саллалаһу алейһи уә сәлләм) өмір бойы Алла Тағаланы еске алып, оны ұлықтап жүретіндігін айтады. Ол бір сәт те болса зікірден (Алланы еске алудан) айырылмай өмір сүрген. Отырғанда, жатқанда, жүргенде, ұйықтағанда, дәрет алғанда, саяхатқа шыққанда, үйінен шығарда, мешітке бара жатқанда, жаумен соғысқанда әрқашан Алланы зікір етіп, әрқашан Оның есімін ұлықтап жүретін еді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) адамдарды зікір етуге әуестендіріп, былай дейтін:

«Істеріңіздің ең жақсысы, әрі Раббыңыздың алдында ең таза, дәрежелеріңіздің барынша көтеретін және алтын-күмісті садақа етіп бергеннен де қайырлы іс, ол – Алланы зікір етулеріңіз»[6].

Әбу  Саид әл-Худри Пайғамбарымыздан (с.а.у.) былай деп сұрайды:

-Уа расулаллаһ! Қиямет күні Алланың құзырында дәрежесі ең жоғары болатын құлдар кімдер?».

-Алланы көп зікір еткендер (еске алғандар)», - деп жауап береді Алла елшісі[7].

 

 «Пайғамбарымыз (с.а.у.) және Оның күнделікті іс-әрекеттер» атты кітаптан. 


[1] Құран Кәрім, «Исра» сүресі, 79 аят.
[2] Ахмад ибн Ханбал: «Мүснәд». 1, 231.
[3] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». Никах, 1; Имам Мүслім: «Сахих Мүслім», Никах. 5; Имам Нәсәи: «Никах», 4.
[4] Құран Кәрім: «Әли-Имран», сүресі 191 аят.
[5] Құран Кәрім: «Нұр» сүресі, 37 аят.
[6] Имам Тирмизи: «Дағуат», 6; Имам Мәлік: «Муатта» - Құран, 24; Ахмад ибн Ханбал: «Мүснәд», 5, 239. 6, 447.
[7] Ахмад ибн Ханбал: «Мүснәд», ІІІ, 75.

0 пікір