Абайдың 38-қара сөзінің түсіндірмесі (5 бөлім)
Абайдың 38-қара сөзінің түсіндірмесі (5 бөлім)
1 ай бұрын 1830

«Қасиет сыртта емес, ықыласта»

Құран сөзі бұл өзі әуел баста.

 

Дүниені жаратуы түр-түрменен

адамзатқа қызмет қып, өссін деген.

 

Өніп-өспек мақсаттың басталмағы

адамның бір-біріне дос болмағы.

 

Дос көбейтпек көңілде болса егер

қолыңнан келгенінше жақсылық бер!

 

Достық жасау келмесе ең аяғы

қастық қылмау – достықтай саналады.

 

Өзгеден артық тұрмақ екі түрлі,

жамандықтан сақтанса ол да игі.

 

Өзін асқақ, өзгені қор тұтқандар

бұдан өткен болмайды оңбағандар!

 

Өйткені, өзін артық көрген адам

мақтанға, күншілдікке ерген адам.

 

Күншілдік күншілдікті тудырады

ізгілікті жоқ қылар бойыңдағы.

 

Таза болған осындай пиғылдардан

көңілі тымық көлдей тынышталған.

 

Пендеге үш кесел бар бұдан басқа

сақ болатын қашанда жоламасқа!

 

Жалқаулық, надан-топас, залымдық та

бар кеселді келтірген адамзатқа!

 

Жалқаулықтан туады жігерсіздік,

жігерсіздік әкелер кедейшілік.

 

Хас надандық кәдімгі хайуандық,

тіпті де пайдалы мал одан артық.

 

Залымдықта болмайды адамшылық

жүрген жері болады толған қастық.

 

Қорғанар қандай жол бар бұл зарардан?

Қорықу парыз жаратақан Бір Алладан.

 

Одан кейін жанашыр көңіл болса,

әділет, ғылым, қайрат бойға толса.

 

Сүйеді Құдай жолын ондай адам,

Жаратқан шеберлікпен ғажап ғалам.

 

Адам да әрбір іске болса шебер

ондай жанды әрине, Құдай сүйер.

 

Адам болса пайдамен іс істеген

ондай жанға тиеді алғыс көптен.

 

Алдау сөз – пайдасы бар іс болмаса,

бос құлшылық болады құлшылық та.

 

Себебі, еш себепсіз әрекет болмас

Жаратушы бостан бос хикмет қоймас.

 

Сол үшін парыз білмек ғалымға да,

амал ету ортақ іс қауымға да.

 

«Жақсы ниет, жақсы іске есеп болған»

хадис бар аманат сөз пайғамбардан.

 

Ниеттің әуелгісі дәрет алу - 

сырт көрініс құлшылыққа солай бару.

 

Өйткені, жүректегі иманыңыз

көрінген сыртыңызға шырағыңыз.

 

Ол құлшылық – намаз бен оразаңыз

әрі тірек иманға қылған парыз.

 

Иман – шырақ, құлшылық – қорғаны ғой,

құлшылықсыз иманның құлауы оңай.

 

Алайда, құлшылықтың сырын білмей

құр құлшылық иманға пайда бермейд.

 

Өйткені, хас иманның күзетшісі –

құлшылық болмақ керек хақтың ісі.

 

Хақ адалдық көрінер құлшылықта,

дәлелі іш, сырт дәрет ишаратқа.

 

 

Сап тазалық қылынар сап ниетпен,

көңіліңді күзеткен ақ жүрекпен.

 

Намаз деген Аллаға жалбарыну.

Тақарат – құлшылыққа адал болу.

 

Құлақ қағу қос қолмен намаз бастап,

«Алла әкбар» сөзімен Оны ұлықтап.

 

 

Бұл да ишарат дегендей «Қолымнан тарт,

құл пендеңді, я Алла өзің тазарт!»

 

Одан кейін қол байлап тура тұру

Құдіретіне бас иіп, мойын бұру.

 

Намаз шарты қыбылаға қарап тұру

Алла үйі Қағбаға бетті бұру.

 

Әр үркінде Фатиха оқылады,

қамтылған Құранның мағыналары.

 

Содан соң, тізені ұстап иілу бар,

ғажап мән бар, бұлайша сиынуда.

 

Бас сәждеде жалбару Жаратқанға

бұл ишарат жерден біз жаралғанға.

 

Екінші сәжде жасап қайталауда

меңзеу бар жер-қабірге қайтуыңа.

 

Содан кейін, қайталап бас көтеру –

тіріліп, Жаратқанға жауап беру.

 

Отырып дұға қылу намаз соңы,

сәлем беру Аллаға оң мен солы.

 

Куәлікпен намазды аяқтайсың,

Бір Аллаға хамд айтып, ұлықтайсың.

 

Ақырғы пайғамбарға салауат деп,

ең лайығы көз жаспен тілек етпек!

 

Осылайша, Алланың ұсынғаны

ортақ қылар бауырлас мұсылманды.

(СОҢЫ)

0 пікір