Мұсылмандардан таяқ жеген өзге дін өкіліне сахаба Сәлман Фарисидің араша түсуі
Мұсылмандардан таяқ жеген өзге дін өкіліне сахаба Сәлман Фарисидің араша түсуі
3 жыл бұрын 4852

Абдулла ибн Ханзала (р.а.) әңгімелейді[1]:

«Әскерлер арасында біз Сәлман әл-Фарисимен[2] бірге болатынбыз. Арамызда біреу «Мәриям» сүресін оқып еді, сол жерде отырған бір йудей (яһуди дінінің ұстанушы) хазіреті Мәриям мен хазіреті Исаға (ғ.с.) тіл тигізді. Біз оны ұрдық. Тіл тигізгені үшін таяқ жеген ол Сәлман Фарисиге барып шағымданды.

Сәлман бізге келіп:

– Мына кісіні неге ұрдыңдар? – деп сұрады.

Біз:

– «Мәриям» сүресін оқып отырған болатынбыз. Бұл кісі Мәриям мен оның ұлы Исаға (ғ.с.) тіл тигізді, – дедік.

Сәлман:

– Солай-ақ болсын. Сендер неге ол сүрені мұның көзінше оқып жүрсіңдер? Алланың мына сөзін естімеп пе едіңдер:

«Олардың Алладан басқа жалбарынатын тәңірлеріне тіл тигізуші болмаңдар, олар надандықтарынан шектен шығып Аллаға тіл тигізіп жүрмесін». (Әнғам 6/108).

Одан соң сөзін былайша жалғастырды:

– Ей, арабтар! Сендер бір кезде дінсіз ең нашар жағдайда емес пе едіңдер? Ең көп жамандық жасалатын ел - сендердің елдерің емес пе еді? Адамдар арасында ең нашар өмір кешетін де сендер емес пе едіңдер? Міне, осындай бейшара халде жүргендеріңде, Алла сендерге Исламды жіберіп, абыройларың мен қадір-қасиеттеріңді арттырмады ма? Енді келіп, сол Исламмен басқаларды аяқтарыңа таптағыларың келе ме? Алланың атымен ант етейін, не мына әрекеттеріңді доғарасыңдар немесе Алла бергенін қайтып алады да, басқаларға беретін болады».

Осыдан кейін Сәлман (р.а.) бізге мынадай үгіт-насихат айтты:

«Нәпіл намаздарыңды ақшам намазы мен құптан намазы арасында оқыңдар. Сонда күнделікті зікірлерің мен дұғаларыңды қиналмай оқитын боласыңдар. Оның үстіне, түннің алғашқы сәттерін бекер өткізбеген боласыңдар. Өйткені түннің алғашқы сәттерін бос өткізгендер оның соңының да берекесіз өтуіне жол ашады»[3].

"Сахабалар салған сара жол" атты кітаптан.
Авторы: М.Ю.Қандахләуи.
"Көкжиек" баспасы, 2011.


[1] Абдулла ибн Ханзала – Пайғамбарымызды кішкене күнінде көрген жас сахабалардан. Пайғамбарымыз бақилыққа аттанғанда, Абдулла ибн Ханзала небәрі жеті жаста болатын. Әкесі Ханзала «Ухуд» соғысында шейіт болған сахабалардан. Асығыс ғұсылы жоқ күйінше соғысқа аттанған оның денесін шейіт болған заматта періштелер жуындырған екен. Радияллаһу анһума! (islam.kz)
[2] Сәлман Фариси – Мұхаммед пайғамбардың (ғалейһиссәләм) атақты сахабаларының бірі, бірегейі. Ислам дінін қабыл еткен алғашқы парсы. Баста зороастризм нанымында болып, кейін христиан дініне өтеді. Кейіннен христиан рухани ұстазының соңғы келетін пайғамбар жайында айтқан сипаттамаларын Мұхаммед пайғамбардың бойынан байқап, оның күтілген пайғамбар екендігіне көзі жеткеннен соң иман келтіріп мұсылман болады. Көптеген жорықтарға қатысады. Атақты «Хандақ» соғысында Сәлман Фәрисидің ұсынысы бойынша, Медине қаласының сыртында айнала ор қазылады. Соның нәтижесінде шабуға келген 10 мыңға жуық жау әскерінің беті қайтып, жеңіс туы мұсылмандардың қолында қалады. Осылайша ол соғыс «Хандақ соғысы» деген атаумен тарихта қалады. (Хандақ – ор). Радияллаһу анһ! (islam.kz).
[3] Әбу Нуайм, Хилия, 1/201.

0 пікір